Қытайдан қашқандар "Сайрагүл ісін" білсе келмес еді

176

14 қазанда Қастер Мұсаханұлы мен Мұрагер Әлімұлы Алматыдағы адам құқығы бюросында баспасөз мәслихатын өткізіп, Қазақстаннан босқын мәртебесін сұрайтындарын айтты. Осы жиыннан шығып, олар Алматы қалалық көші-қон полициясына бет алды. Қытай қазақтары арыз жазбас бұрын түскі ас ішпек болып сол маңдағы асхананың біріне кірген бойда Шекара қызметінің өкілдері келіп, оларды ұстап әкеткен. Ұстағанға дейін Қастер мен Мұрагердің қасында болған "Атажұрт еріктілері" ұйымының өкілі Гүлжан Тоқтасынқызы "арнайы қызмет өкілдерін бір минутқа да тоқтата алмадық" дейді.

- Қастер Мұсаханұлы мен Мұрагер Әлімұлын өздерін "шекара қызметінің қызметкеріміз" деп таныстырған үш адам келіп, құжатқа қол қоясыздар деп мәжбүрлеп әкетті. Адвокаты келсін десек те көнбеді. Жарайды, кішкене күтіңдер дегенге қаратпай оларды көлікке басып алып кетті. Олармен бірге "Атажұрт еріктілерінің" басшысы Бекзат (Мақсұтханұлы) да кетті, - дейді ол

Ал журналист Тоқтар Жақаш өзінің фейсбук парақшасында:  "Қазір екі жігітті қорғау үшін Астанадан Ләззат Ахатова арнайы ұшып келді. Белгілі адвокаттар Бауыржан Азанов пен Шынқуат Байжанов та бауырларына араша түсуге кірісті. Қытайға кері қайтарылса - Қастер мен Мұрагердің екеуін де аямайды. Екі бауырымыз шекара асқанда "Қазақстан деген еліміз бар, бізді дауға да, жауға да бермейді" деген үмітпен келді. Ал біз...
Қытай қазақтары Сайрагүлдің ісінен мүлдем бейхабар екен. Шырылдаған бір қызымызды өйтіп-бүйтіп әзер дегенде Еуропаның қорғауына өткізгенімізді білсе, бұл балалар келер ме еді, келмес пе еді? Сайрагүлдің оқиғасынан Қытай қазақтары хабардар болса, бері қарай үдере қашар ма еді?"-деп ашына жазды. 

(Сурет azattyq.org сайтынан алынды)

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер