Қасиетті мекеніме арнау

226

Адам адам баласы болып дүниеге келгеннен кейін ол сол туған мекені, туған елі туралы кішкентай болса да жыр толғамаса, елінің ертеңі үшін бір іс атқармаса, өзіндік үлесін қоспаса онда оны ел үшін туған ер деп атаудың еш керегі жоқ сияқты. Әрине, туған жерімізге еңбегі сіңіп жүрген даңқты тұлға атағын алмасақта, ең құрығанда кішкентай шығарма арнап, рухтансақ сол да әзірге бізге жарап қалатын сияқты!? Бірақ бәрі жазудан бастау алатынын ескерсек, бүгінгі жазғанымыздың бәрін ертең орындайтындай қылып жазу керек! Неге орындамасқа? Ең бастысы, туған жерге деген махаббат пен париоттық сезім болса бәрін де бағындыруға болады.
Өз басым туған жер десе,ең бірінші ойыма ауылдағы ата-әжем мен әке-анамның және кішкентай бауырларымның бейнесі оралады. Менде қарапайым ауылда өскен қарапайым қызбын. Қарапайым жандардан тәрбие мен тәлім алған, қарапайым ауыл мектебінен білім алған жанмын. Туған жер десе, маған қала өмірінен гөрі ауыл өмірі қызығырақ. Мен 18 жылымды ауылда өткізіп, ал бүгінге дейінгі 4-ші жылымды Алматыда өткізіп келе жатырмын. Менің кішкентай ауылдағы кешегі бала армандарым бүгін де алып Алатауға алып келді. Әрине, бұның бәрі ең бірінші Аллахтың, кейін ата-анамның және өз білімділігімнің арқасы деп толықтай айта аламын. Ата-ананың тілеуінен артық керемет барма!? Бірақ, бір қызығы, алып Алатауда жүргеніме міне 4-ші жылға таяп қалса да, бәрібір де өз туған жерімді әлі аңсайтыным өтірік емес. Әрине, бұл әр адам баласының бойындағы сезім. Өміріңнің қызықты шақтарының көп бөлігі өз туған жеріңде өтетіні рас. Менде өз туған ауылымда өстім,өндім,сол жақта талай бұзықтықты да жасадым,еркеледім,жыладым,құладым,ең соңында адам болдым.
Иә,құмды ауылда туылдым. Сол жердің құмында аунап,ойнап өстім. Сол кездегі мен үшін ерлік, кішкентай бала болсамда, жылқы мен түйеге мінуден еш қорықпайтынмын. Тіпті,ер балалармен,ағаларыммен жарысып ойнайтыным тағы бар. Атамның айтуы бойынша,көрші балаларды оза шауып кететін болыппын. Сол туған ауылымның мектебінде 1 жыл оқып, үздіктердің қатарынан көрініп те үлгердім. Кейін талы,шөбі жоқ ауылға көштік. Сол жерде шөп те, тал да болмасада, бәрібір ыстық көрінетін. Тауға қол соза алмасақта, аспанға қол созып, армандап өстік. Сол жердің жазық даласында өріске сиыр айдап, атам мен әжемнің қасында қорада жүретінмін. Олар сиыр сауып жүргенде, мен қораны тазалап жүретінмін.Соның өзі маған қызық болатын. Оған еш арланбайтын, керісінше мақтан тұтатынмын. Әлі де мақтан тұтамын. Қуанатыным, біз кішкентай болған шағымызда телефон деген дүниенің әлі қолданысқа ене қоймағанына шүкір етемін. Әрине, әр кездің өзінің ерекшелігі бар. Біздің кездің ерекшелігінің тағы бірі – теледидар алаңы болатын. Отбасымызбен бәріміз кешкі шәйға жақын теледидар алдына жинала қалатынбыз. Телехикая дейсізбе,фильм дейсізбе, тіпті айтысқа дейін бәріміз рухтанып отырып көретінбіз. Айтыс бітіп, дастарханға жайғасып отырып, айтысты талқылайтынбыз. Салыстырып, шағын дебатта өтетін сол жерде. Теледидардан бөлек атам екеуміз радио тыңдайтынбыз. Ештеңені түсіне қоймасамда, сол кезде-ақ сонда арғы жағында сөйлеп отырған адам мына радионың ішінде отырма, қалай сыйып отыр екен деген неше түрлі ой келетін. Балалық қой! Радионың не екенін кейін атам түсіндіріп берді. Сол кезде-ақ радио жүргізушілеріне қызыға бастадым. Ол кезде 6-7 жас шамасындамын. Ауылда әкем мен анамның гөрі атам мен әжемнің қасында көп жүретінмін. Олар не істесе,менде соны қайталап жүретінмін. Олар газет оқыса, менде газеттің бір бетін болса да алып оқып отыратынмын. Айтыс көрсе, менде жандарында айтыс көріп отыратынмын. Кітап оқыса, тағы сол. Тіпті, атам қораға шығып бара жатса менде бірге ілесе шабатынмын. Білесізбе? Қазір солардың ешқайсысына өкінбеймін. Ойлап отырсам, солай адам болыппын. Солай көзім ашылыпты. Ахмет Байтұрссынов: «Адам газет оқымаса, көзі көрмейтін адамнан не айырмашылығы бар?» демекші, қазіргі таңда сол арқылы көзі ашық, көкірегі ояу жандардың қатарындамын. Мен қазір де сондай шақтардың қайтып оралғанын қалаймын. Бәлкім менің санам ескі шығар, бәлкім, менің ойлайтын дүниелерім төменгі дәрежеде шығар? Бірақ, сол кездегі қолданыстағы заттар,сол кездегі адамдардың түсінігі, сол кездегі адамдардың бір-бірімен сыйластығы бүгінгі күнге қарағанда, артырығырақ сияқты!?
Айтпақшы, туған жер десе, менің ойыма бірден ауыл өмірі орала кетеді. Ауылда қайнап жатқан қазан, өрісте жайылып жүрген малдар, үйдегі жағылып тұрған пеш, самаурынның қасында жүгіріп жүрген жеңгейлер, доп қуалап жүрген балалар, қорадан сиыр сауып келе жатқан әке мен ана, қыстың қамын ойлап жылы шұлық тігіп отырған әже, көзілдірлігін жіпке жалғап алып газет оқып отырған ата... Мен үшін туған жердің бейнесі осылар. Және туған жердің ең әдемі бейнесі де осылар. Кеше ғана қырдан келген, тауға қарап өсуді білмейтін, қырға ғана қол созып үйреніп қалған, Жайықтың жағасында өскен, Фариза мен Дина апасын үлгі етіп, әр жерде мақтанып жүретін, туған жерінің батырларымен шаттанып жүретін маған биік те асқақ алып Алатауға үйренісе қою оңайға түспегені рас. Бұрын туған жерім құмда -тек айналасында аңғал қазақтарды көріп көріп үйреніп қалған, қарапайым қазақтармен ғана өмір сүруге дағдыланып қалған мен алма шаһарына келіп неше түрлі сары, қызыл адамдарды көріп алғашында ауызымды ашып, ары қарай жаңа ортамен қалай өмір сүремін,қалай үйренісемін деп қорқып, неше түрлі қобалжуларды бастан өткергем. Бірақ құшағы кең, даласы дархан Алматы мені жатсынбай қабыл алды. Алматы менің алға қарайда өзінің қасында қалатынымды ескерсе керек, неше түрлі мүмкіндіктер беріп келе жатыр. Мені қаншалықты құлатып,жылатса да, соншалықты қайта тұруды үйретті. Ештеңеге көңіл түсірмеуді, жақындармен ғана жақсы сыйласуды, ал жамандармен жаман аттаспай-ақ олардан алшақ тұруды үйретті. Қазір туған жерім ауылымды қаншалықты жақсы көріп, құрметтесем, қазіргі өмір сүріп жатқан Алматы шаһарымды да соншалықты құрметтеймін. Маған Алматыда қалып қоймай, ауылға, туған жерге қызмет етуге қайта орал деп айтатын жандар көп. Тіпті, ата-анамда бұл жақта қалып қою қаупің бар сияқтығой, оданда туған жерге оралсаңшы деп ұсыныс айтады. Иә... Туған жерге қызмет ету – қай адамға болмасын жүктелген үлкен бір абыройлы іс. Бірақ туған жер - мейлі ол өз ауылым болсын, мейлі ол Алматы шаһары болсын, мен үшін бәрін біріктіріп тұрған – ол Қазақстан деген шағын мемлекет сияқты. Осы менің кіндік қаным тамған - Қазақстан деген шағын мемлекеттен 28 жыл ішінде неше түрлі дарындылар мен таланттылардың алпауыт әлемді ауыздарына қаратып, әлемдік аренада «Қазақ» деген әлемнің де атын естіртіп, әнұранын шырқатып жүргендері қазақтың бір перзенті ретінде менің де бойыма ерекше қуаныш ұялатады. Одан бұрынғы батырлар мен ақындардың жаңалықтары мен ерліктерінің өзін айту үшін де бір том кітап жазу керек шығар!? Мен қуанамын...Және бақыттымын...
Ең кішкентай мемлекет-Қазақстанға қараңызшы! Шағын, кішкентай, рухты, мықты, тарихы терең. Ал сол туған жерлерінде тыныш та, бейбіт өмір сүріп жатырған халқы ше!? Басқа халықтардан ерекшелігі – қонақжайлылығы, кеңшілдігі, қарапайымдылығы бәрі-бәрі біте қайнасқан. Нағыз Қазақстан мен қазақ халқы деген екі сөзді үйлестіріп тұрған бір бейне дерсіз!? 28 жыл ішінде «туған жерім – Қазақстан» үшін деп әлемдік додаларда топ жарып, елге тек жеңіс әкеліп, әлемді таңқалдырып келе жатқан таланттардың саны да көбейіп келе жатқандығы қуантады. Біздің Қазақ елі – қай жағынан болса да, бәрін таңқалдырушы, бәрін жандандырушы.
Мен де не ауылымда емес, не Алматыда емес, Қазақ елінде адал қызмет етуді көздейтін адаммын. Мен де Әл-Фараби атам сияқты әлемді өзгерте алмасамда, Хакім Абай атамдай біртұтас қазақ халқын шешендігіммен ауызыма қарата алмасамда, Қаныш Сәтпаев атам секілді жаңалық аша алмасамда, туған жерге кішкентай болса да, осындай шығарма арнауды шештім. Мен әркез әр жерде осындай елде туғаныма, осындай елде өнгеніме, және осындай қасиетті жерді басып жүргеніме мақтан етіп жүремін. Себебі, туған жерім-Қазақстанды ұлылар басып өткен, бұл жерді ұлылар да кезіп өткен. Менде басып жүрмін. Себебі – біз сол ұлылардың асыл мұрасымыз. Туған жерге әркез тағзым қыла жүрейік!

 

Шәріп Айшабибі Мұратқызы

Пікірлер