Туған жер суреттері

426

І

Жүрші, досым, өзен-көл, сай-салаға,
Саумал самал, шіркін-ай, кәусар ауа.
Сүт аңқыған туған жер топырағынан
Кеудемдегі бозторғай жан садаға.

Жайлау көріп мауқыңды жүр басайық,
Торы ат мініп тау менен қырды асайық.
Сұлап жатыр, әнекей, дүрия жон
Жаздың уыз шағына бір масайып.

Аспан іші жасырып әлденені
Жұлдыз ақты асығып, әуреленіп...
Жарқ-жұрқ етер көл беті томпақ айдың
Емшегінен саулаған сәулені еміп.

Кілкіп алтын жалқыны сары таңның,
Көгендегі сәулені ағытар күн.
Таңғы нұрға шомылған атам құсап
Жазылады әжімі кәрі таудың.

Қарағайлар сыптығыр теңіндей боп
Ақ қайыңдар иілген келіндей боп.
Есіп жатыр өзеннің салқын лебі
Ару қыздың үздіккен деміндей боп.

Қозы бұлтқа қол жайса терек ұдай,
Сыбырласа береді неге қурай?!
Дірілдетіп ұйыған уыз нұрды
Күйін шерткен қылықты желемік-ай!

Өз перзентін аңқылдақ ел сағынған,
Мұндай мекен таба алман жер шарыңнан,
Дала қарттың тыңдайық әңгімесін
Жүрші, досым, қалмашы, ер соңымнан!

ІІ

Туған жер сыры тауында, шоқыларында,
Туған жер жаққан жастықтың оты жанымда.
Өмірде қандай бақыт бар атамекеннің
Еркелеп келіп аунасам топырағында?!

Даланың сазын желемік күйші пайымдар,
Жұпарлы гүлдер қонаққа иісін дайындар.
Шегірткелердің хорына тербеліп әуре
Маңғаз қарағай қасында биші қайыңдар.

Таң атса шықтың көремін тірлігін жаңа,
Мың күнімнен мұндағы бір күнім дара.
Тұман әукесі салбырап басқанда естимін
Шашбау таққан өзеннің сылдырын ғана.

Бір сәт құлақ сап даланың қоңырауына,
Маздаған мақпал кеште де толы мағына.
Қиялға шомып кетемін қап-қара аспан
Жұлдыздан түйме таққанда омырауына.

Мұхаммед Қонқаев

Пікірлер