– Журфакта Әмірхан деген данышпан бар екен. Көп оқыпты, – деді Әділ Ботпанов бір күні. Әдеттегідей кекетіп тұр ма деп бетіне қарап ем, жоқ, жүзінен кекесін байқалмайды, шын сүйсініп тұр екен. – Тек өлеңді Шахановшалап жазады екен, айнымайды, – деді сосын, – онысы дұрыс емес… Әділмен танысқан бірнеше айда оның біреуге көңілі толғанын бірінші рет көруім. Менің кенет әлгі «данышпанды» көргім келіп кетті. Оның және өзіміз секілді 1-курстың студенті екенін естігенде қызығушылығым тіпті арта түсті. Жарастан сұрастырып ем: «Иә, мықты! Білмейтін пәлесі жоқ», – деді Жәукең.
Бір күні 17-жатақхананың алдында кездесіп, таныстық. Жұқалтаң сары жігіт екен. Арсалаңдап келіп құшақтап, қолымды ықыластана қысты.
Кешікпей филфак-журфак у-ду болып араласып кеттік. Әмірхандар да бізге жиі келетін болды. Ол күнде бас қосқан жердің бәрінде «аттың басы жіберіліп», өлең оқылады. Әмірхан өлең оқығанда аруақтанып кетеді екен. Жұртты дүр сілкіндіреді. «Бабалар ырымы бойынша тілі шығуы кешеуілдей бастаған сәбиге итаяқтан су ішкізеді екен. Сондай жағдай менің де басымда қайталаныпты…» – деп «Баба-ырым» деген өлеңін оқыды бір күні.
БАБА-ЫРЫМ
Жұтаңдаумын, демен бірақ жарлымын,
Баба ырымы, әлегі емес жарғының.
Қызыл тілді сөзге иілту үшін де,
Итаяқтан суды да ішкен бар күнім.
Итаяқтан суды да ішкем, сөкпегін,
Айыптарға өзге күнәм көп менің.
Ырзығымды табам қазір еңбекпен,
Тілді бірақ иемдендім теп-тегін.
Итаяқтан суды да ішкен бар шағым,
Кез еместі ол көңіл күпті, арса мұң.
Сен шаршадың сәнді қуып, мен байғұс,
Баба-ырымға баға таппай шаршадым.
Итаяқтан суды да ішкем,
Бабаның
ырымына мінезі жат қаланың.
Көшесінде көп – көрікті қызбен де,
Кызып кетсем ырылдасып қаламын.
Осы болды-ау замананың өлеңі,
Көп болған соң көр сезімі, көбеңі.
Исі тілге илікпеген тілдерге,
Итаяқпен тамақ бергім келеді,
Құдай сақтасын.
«Жақсы өлең!» – деді Әділ. «Мықты!» – дестік біз. Сосын «Жақсы өлең үшін алып қою керек» деген сол кездегі дәстүр бойынша… «Итаяқтағы» «сусынды» көмекейге жөнелттік. Біраздан соң «ырылдаса» бастадық. Көпше түрде айтып отырғаным болмаса, «ырылдасқан» – Әділ мен Әмірхан ғана.
Әділ мен Әмірхан бұдан кейін де жиі «ырылдасатын» болды. Олары және өздеріне ұнайтын болуы керек, бірін-бірі іздеп тұрады. Әділ қолы қалт етсе, 5-жатақханадан бір-ақ шығады. Олардың тартыстары бізге де қызық. Бірақ жастық шақ деген айналайын тек қана әдебиеттен тұрмайды ғой, ондайда екі «данышпанды» оңаша қалдырып, тайып тұрамыз. «Екеуміз әдебиеттегі бақталастар болайық…» деген сөзді осындай сәттердің бірінде айтыпты Әділ Әмірханға…
2-курстың басында Болат Қожаев үйленетін болды да, курстастары Семейдің Таскескен ауылына баратын болды. Филфактан… Жарас екеуміз ілестік. Өйткені, Болат екеуміз ақылы даярлық курсында бірге оқығанбыз. 25 адам пойызға билетсіз мінген қызық болады екен, әйтеуір әрең дегенде орналастық. Журфактың қасқыр қыздары Семейге бара жатқан солдаттардың орындарын «тартып алды». Пысықтау жігіттер омбылық қазақ қыздардың қасына жайғасып, ақыры елдің тойын көре кетіңдер деп Аягөзден түсіріп алып қалды. Қалғандарымыз тамбурлар мен купелі вагондардың дәліздеріндегі отырғыштарға жайғастық. Әмірханның әлем әдебиетінен оқыған «лекциясының» қызықты болғандығы сондай, түнімен кірпік қаққанымыз жоқ.
Әмірхан тойда да ерекше көзге түсті. Шахановтың стиліндегі өлеңдері жұртты дүр сілкінтті. Өзі жақсы сілтейді екен. Онысын таскескендік қонақжай жігіттер теріс көрген жоқ. Олардың «Баба-ырымды» бірнеше рет оқытқандығы есімде қалыпты. Қайтар жолда «Қыркүйек. Қаскелең. Қара қыз…» деп өлең оқи бастап еді, Қазыбек Құттымұратұлы: «Әмір-ау, мынау менің өлеңім ғой…» деп жабыса кетті. Сөйтсе 1-курста «сельхозда» жүргенде екеуі де тура осылай басталатын өлең жазған екен.
Әмірхан сол кездің өзінде-ақ өзін ұлы мұраттың жолындағы адам санайтын. «Біз әдебиеттегі спартандықтар болуымыз керек. Ол үшін, әрине, біліммен қарулану қажет», – дейтін.
«Шекспирді түгел оқымаған адамның ҚазМУ-ға түсуі дұрыс емес қой…», – деді бірде. Мен ғана емес, сол жерде отырған біраз адамның арқасынан ащы тер бұрқ ете қалғаны хақ.
«Біз Батыс әдебиетіне тым еліктеп кеткенбіз. Өзбектер олай емес. Өйткені, оларда біз ұмтылып отырған кеңістікті толтыратын әлем бар, ол – ұлы Шығыс әдебиеті. Олар өздерін сол әдебиеттің мұрагерлері санайды. Күллі түркі дүниесіне ортақ мұраны да меншіктеп отыр», – деді тағы бірде. Өзбек әдебиетін түпнұсқасынан оқитын ноянға алып-қосарымыз жоқ еді.
Қысқы демалыста Әмірханмен бірге оның ауылына барып қайтқан Батырболаттың аузының суы құрып оралды. «Мә-ә-ә, – деді ол кәнігі оралдықтарша аузын созып, – кітапханасы сұмдық! Жұмабек аға арғы-бергі қазақ ақындарының өлеңдерін жатқа оқып қана қоймай, әлем әдебиетін де біршама біледі екен. Әмірдің Сапар деген бауыры шаруаға мығым көрінді. Інісі емес, ағасы сияқты қамқор екен. Бір ғажабы, бәрі де Әмірханның мықты әдебиетші болатынына сенеді және ол үшін бәрін-бәрін жасауға әзір…». Батырболат құр жатпай Бальзакты біраз «кеміріп» қайтыпты.
Көп ұзамай мен Әмірханның «данышпандығының» зиянын оңбай тарттым. «Бәрі адамның өзінен болады ғой…», – деп сатирик Төрежан Мәндібайдың бір кейіпкері айтпақшы, өзімнен болды. 3-курста әлем әдебиетінен бізге Нейля Чеботарева деген әдемі қыз лекция оқыды. Өзі бізбен түйдей құрдас. Бірнеше топқа бірден лекция оқитын ол бізді түстеп тани бермейтін. Тағы бір кеңшілігі – ойын орыс тілінде еркін жеткізе алмайтындар қазақша айтсын деп қасына тілге жүйрік «аудармашы» алып отыратын. Мұндайда сабақты жарытпайтындардың бәрі орыс тілін білмейтін болып шыға келеді. Өйткені, өз ішімізден шыққан «аудармашылар» емтихан тапсырушының ерні қимылдаса болды ар жағын өздері «қатырады». Әйтеуір алдына кірген адам кемі «4» алып шығатын.
Міне, сол емтиханды тапсырып жатқан кезде Әмірхан келе қалсын. Кенет мені шайтан түртті. Шайтан түрткені емей немене, оны орныма кіргізіп, «5» алғым келді. «Несі бар, әншейінде «басымызды қатыратын» әңгімелерін айтып, өте шықпай ма?». Басыма келген ой – осы. Сорыма қарай, Әмірхан да көне кетті. «Ана жігіт мықты біледі ғой деймін, жұрттың білмей қалған сұрақтарына да жауап беріп отыр…», – деді іштен көңілді шыққан Серік Қалиев курстасым. Мен мәз болдым. «5» алатыныма сенімді едім.
… Міне, Әмірхан билет алып, Чеботареваның алдына отырды. Билетті апайдың қолына ұстатып, сөйлей бастады. Кенет… ұстазымыздың көздері үлкейіп бара жатқанын аңғардым. Бір кезде қолын сілтеп, бір нәрсені Әмірханға қызу түсіндіре бастады. Енді бір сәт менің досым екі қолын жайып жіберіп, әлденені дәлелдеуге кірісті. Чеботарева жымиып, күлген сыңай танытты. Бір кезде әдемі қабақтары қайта түйіле түсті. Арттағылар бұл кезде «шпаргалкаларын» тығуды қойып, партаның үстіне жайып қойып, көшіре бастаған…
Уһ, 1 сағат 15 минут өткенде менің досым шықты-ау, әйтеуір! Ерекше мәз. «Көптен бері ешкіммен бұлай әңгімелеспеп едім…», – деп қояды. «Сұлу қыз екен…» дей ме-ау! Әрі қарай тыңдауға шамам жетпеді: «Әй, бағам қанша?!».
– «Екі?».
– «Қалай?». Дауысым жарықшақтана шықты. Оған қарап жатқан Әмірхан жоқ, басын рахаттана шайқайды: «Көптен бері бұлай ешкіммен әңгімелеспеп едім…». Күйіп кеттім…
Біраздан соң сабырға келіп, сұрасам, Әмірхан, ақтөбеше айтқанда, «картопты әбден жарған екен». Әуелі Альбер Камю бастаған жазушылардың біразын іске алғысыз ғып тастапты: «Әдебиетке алып келген пәлендей жаңалығы жоқ, бұрынғыларды қайталау ғана». Бір кезде тағы бір жазушының махаббат туралы жазған шығармасына шәк келтірген: «Шынайы емес. Автордың ғашық болып көрмегені көрініп тұр…». «Расын айтсам, мен де ғашық боп көргенім жоқ. Бірақ…» дей берген ұстазымыздың сөзін кілт бөліп: «Иә, Сіздің ғашық болмағаныңыз көрініп тұр, ал мен ғашықтық дегеннің не екенін білемін», – деп қойып қалады. «Көзіңіз әдемі…», – депті тағы жұтынып. «Бәрін жоққа шығардыңыз. Жақсы көретін жазушыңыз бар ма, сірә? — дейді мынадай «нахалдың» әңгімесінен шаршаған Чеботарева бір кезде. «Бар, ол – Акутагава Рюнескэ», – дейді біздің «данышпан». Нейля Владимировна Акутагаваны білмейді екен. «Міндетті түрде оқыңыз, өкінбейсіз…», – депті Әмірхан. Соңы «екілік» алумен аяқталған.
– Әй, жындысың ба?! Өзің біреудің орнына кіріп тұрып… Енді не істейміз?
– Не істейтіні бар, енді өзің кіре бер, – дейді Әмірхан. Қалжыңдап тұр ма десем, шыны екен. Әулиелік пен әпенділіктің арасы – бір-ақ қадам деген рас екен ғой.
Әмірхан қысқы каникулға тартып отырды. Мен үшін нағыз қиын күндер енді басталды. «Шетел әдебиеті» кафедрасына «барлаушы» жіберіп көріп ем, хас масқара болып жатыр екен. «3-курста Өтеулиев деген біреу бар екен, бәрін жоққа шығарып отыр», – деп барыпты Нейля Владимировна. «Өй, осы уақытқа дейін көрінбеген қандай данышпан ол, дауай, сен біздің көзімізше емтихан алшы, әуселесін көрейік», – десіпті кафедрадағылар. Чеботареваның қолында Акутагаваның кітабы, Өтеулиевпен «шайқасқа» әзірленіп жатыр дейді. Мұны естіп, зәрем ұшты. Амал жоқ, Әмірханның ауылдан келуін күтуге тура келді. «Әмір, – дедім әбден шарам таусылған мен, – енді маған ештеңенің керегі жоқ, тек апаймен ерегіспеші. Басыңды изей бер…». Енді Нейля Владимировнаның оңаша қалған сәтін аңдыдық. Ақыры ыңғайын тауып, кіріп «3» алып шықты. Сөйтіп, қазақ-орыс филологиясындағы 100 адамның ішінен жалғыз мен ғана «3» алдым. Бірақ ол мен үшін «5»-тен артық еді…
Бірақ мұнымен Әмірхан мен Чеботареваның «шайқасы» тәмамдала қойған жоқ. Әмірхан Нейля Владимировнадан ақыры «бес» алды. Қалай дейсіз ғой?
Келесі семестрде Әмірхан курстастарымен бірге шетел әдебиетінен лекция оқылатын аудиторияға кіре берсе, дәріс оқитын ұстаз ретінде Чеботарева отырмай ма? Сасып қалған Әмірхан кілт теріс бұрылып жүре береді. Сабазың содан бір семестр бойы шетел әдебиеті сабағына бармай қояды. Бірақ емтиханға өзгені салмай, өзі барған.
Міне, Әмірхан әдемі бойжеткен апайының алдында отыр. Билетке жауап беруге кірісе бергенде, Нейля Владимировна тоқтаңыз дейді де, сынақ кітапшасын сұрайды. Қолына тиген сынақ кітапшасына әлденені сүйкектете жазады. Сосын:
– Айтыңызшы, сіз бұған дейін менің алдымда болдыңыз ғой, ә? – дейді.
Әмірхан:
– Мүмкін емес, – дейді.
Апайы:
– Сіздің әдебиетті өте жақсы білетініңізді білемін. Міне, ештеңе сұрамай-ақ «бес» деген бағаңызды да қойдым. Тек, шыныңызды айтыңызшы, бұған дейін сіз менің алдымда бір рет болса да болдыңыз ғой, ә? – дейді әлденені білуге ынтыққан жандай бұған тесіле қарап.
Сынақ кітапшасын костюмінің қалтасына салып жатқан Әмірхан:
– Әбден мүмкін, – депті сабырлы қалпын өзгертпестен.
– Кетіңіз, енді мен сіздің көзіңізге сенбеймін, – депті сонда әдемі апайы жанарына жас үйіріле.
Міне, Нейля мен Әмірханның хикаясы осылайша бір жағынан қуанышты, екінші жағынан қайғылы аяқталды.
Әмірханның 3-курста жүріп жазып, «Жас қазақта» жарияланған «Жұмаққа жол жер арқылы бара ма?», «Зиялы қауым зиянды қауым емес пе?» атты екі мақаласы жұртшылықты елең еткізді. Редакцияға звондап: «Ай, ана Әмірхан деген қандай бала өзі?» деп сұрағандар көп болыпты. Алғашқы мақаласында «В.Ленин о дүниедегі жұмақты жер бетінде орнатпақ болды…» дей келіп, пролетариат көсемінің аяғын шалыс басқан тұстары туралы: «Ұлы адамдардың қателіктері де ұлы болады ғой…», – деп тұжырыпты. Мүмкін, Әмірханның «күн көсем» туралы пікірлері үстірттеу де көрінер, бірақ ерінбегеннің бәрі Ленинге тас лақтырып жатқан заманда мұндай мақала жазу дегеніңіз көзсіз ерлік еді.
Сол тұста республикалық айтыс бола қалды. Қос тілділікті жақтаған Олжас Сүлейменовті жерден алып, жерге салған Шорабек ақынға ҚазМУ-дың әйгілі жүйрігі Бекжан Әшірбаевтың: «Олжас ағам жөнінде не айта аламын, ұлылардың ұлы ғой қателері…», – деп қайтарған жауабы жұртшылықты бір гу еткізді. Әмірханның тұжырымы осылай әдеби айналымға еніп жүре берді.
Қазір мақалалардың тақырыбына да айналып үлгерді.
Балалар журналының тізгінін ұстаған Тұманбай құрдасына: «Тұмаға, «Балдырғаннан» таныс тауып алдыңыз ғой деймін, өлеңдеріңіз жиі шығатын болды», – деп Қадыр ақын айтпақшы, ЖенПИ жақта «таныстары» бар Жарас пен Әмірханның арқасында біз де Гогольдің көшесін біраз шарладық. Сондағы бір қара қызға Әмірхан біраз өлең арнады. Сол күндердің белгісіндей әдемі ғазалдар қалды. ҚазМУ-дың бір қаламқасына арналған:
…Ерінде тұрған гәп бар ма,
Сезіммен сазды сүйдірдің.
Сөз бар ма сені мақтарға,
О, ару қызы ұйғырдың, –
деп басталатын өлең де жастық шақ жаздырған жыр.
Спорттық бабы мықты, тырнағы ілінген жерде денесін игеріп тұра беретін Әмірхан жатақханаларға өрмелеп шығудың хас шебері еді. Бірде тіпті аспиранттардың жатақханасында тұратын ағайларының бөлмесіне балконнан кіріп барыпты. Қай қабат екенін шатастырған ғой. Енді бірде бөлмесінде ұйықтап жатқан мені шығып кетпесін деп есікті… іштен кілттеп, өзі 5-қабаттан балконнан балконға секіріп түсіп кетіпті…
Тараздан пері Маралтай келгесін өзі де жын-ойнағы көп ортаның «дерті» асқына түскен. «Желкеден қарап тұратын» Қожакеевтердің шау тартқан шағы ма, әлде сол тұста елдегі жаппай бейберекетсіздіктің әсері ме, 5-жатақхананың «шаңы» шығып жататын. Сол оқиғалардың бел ортасында, әрине, Әмірхан жүреді. Жанында қалтасынан пышағы түспейтін әйгілі бұзық Сағындық Рзахметов бар…
Әмірхан бірде «айықтырғышқа» түсіп қалып, тұп-тура Есенғали ағасына звондайды. Есағаң айыппұлын төлеп шығарып алса, біздің баһадүр жалаңаяқ екен. Содан үйіне алып барып, бір туфлиін кигізіп, ҚазМУ қалашығына жақын жерге әкеліп, түсіріп кетіпті. Көзі тірі классиктің аяқ киімін кезек-кезек киіп көріп, мәз болып қалдық. Біздің қатарластарымыз кейде осылай ағаларына еркелеп тұратын…
Журфактың жігіттері ағалар алақанының жылуын көп көрді. Сонда сабақ беретін Бауыржан Жақып, Темірғали Көпбаев, Амантай Шәріп балаларды әбден еркелетті. Әсіресе, Бауыржан Жақып оларды сүйреудей-ақ сүйреді. Әйтпесе біразы оқуды бітірмей-ақ, ауылдарына жол тартар ма еді, кім білсін? Соның ішінде мемлекеттік емтиханға трикомен келген менің Әмірхан досым да бар…
Бірақ қандай жағдайда да Әмірханның қолынан кітап түскен жоқ. Көк түтінге толы бөлменің ішінде қою қара шайын сораптап, арқасын қабырғаға тіреп алып, кітап оқып отырады. Өте сирек кездесетін кітаптарды іздеп жүріп, тауып алып оқиды. Берген кітабыңды сұрасаң: «Маған пәленшенің пәлен деген кітабын тауып бер, сосын аласың…» дейтін қызық мінезі де бар. Сосын өз кітабыңды ала алмай әуре болып жүресің. Төбелесесің бе енді?..
Біздің бәріміздің сол тұстағы өлеңдерімізде қара бояу көбірек еді. Кейде тіпті артықтау кетіп қалсақ керек: «Өлең оқып отырып, «жаным», «күнім» деген сөздерді көрсек қуанатын болдық…», – деді Тұрсынжан Шапай бірде. Бір ғажабы, Әмірхан сұмдық оптимист еді. Өлеңдерінен де жігер есіп тұратын. Ал әңгімелерін тыңдағанда бойыңа күш құйылатын.
«ФЭФ-те (философиялық-экономикалық факультет – Б.Б.) Дидар Қосылбеков деген жігіт бар. Мықты прозашы!», – деді бірде. Біз Дидар Амантаймен осылай таныстық. Кешікпей оның әңгімелері «Жас Алашта» жарияланып, жұртшылық арасында дүмпу туғызды.
Университет бітіргесін «Парасат» журналына орналасқан Әмірхан мен Жарас егіз қозыдай бірге жүретін. Мен жұмыс істеген «Жалын» журналымен арасы алыс болмады да, бір-бірімізді жиі көріп тұратынбыз. «Біздің үйге келгенде мына кісінің қолынан шай ішіп тұрасың», – деді бір күні әдеміше сары қызды көрсетіп. Мархабат менімен жылыұшырай амандасты.
1996 жылы Есенғали Раушанов «Жазушы» баспасынан кітабын шығарып берген жеті ақынның бірі – Әмірхан. Ол бұл жолы да ерекшеленіп тұрды. Кітабының аты – «Метаморфоза».
1998 жылы Әмірхан «Балбал қала қонағы» деген өлеңін жазды.
Балбал қала қонағы
Аптап.
Ыстық
ақыл-естен тандырған,
Дұрыс болар кең далада қаңғырған.
Қонатұғын жер жоқ деме,
Қыр асты
Балбал қала қарсы алады алдыңнан.
Бәрі осында,
Қас батыр да, қаған да,
Бәрі осында,
Арғы атаң да, анаң да.
Айтшы досым,
Өзіңді емес,
Өзіңнің өзегіңді көре білсең жаман ба?
О дүниеден тілегіңді ап шығар
Мұнда да ел
Игісі бар, жақсы бар.
Құтты қонақ болғаным де, бауырым,
Шора биін билеп берсе бақсылар.
Өзіңдікі емес сынды өз есің,
Енді ішпеуге шараң жоғын сезесің.
Балбал тастар – бір кездегі бабалар,
Берік бол деп көтергенде көзесін.
Шын таңқалсаң жан бітеді тасқа да,
Думан мұнда, мойын бұрма басқаға.
Аяулыңыз,
Бояулы қыз,
Бәрі қап
Балбал қызға көзің түссе, масқара!
Қала жақта жанжал болса жан-жағың,
Балбал жігіт сыйлар саған қанжарын.
Шілде айында,
Күн өткен шақ шекеден,
Шын достықтың сезінесің салмағын.
Ер мұратын қолдағандай дауыс көп.
Тостағанда түк қалдырмай тауыс тек.
Бала болып аттанасың далаға…
Дана болып ораласың қалаға…
Сосын сені ойлайды жұрт ауыш деп.
Қала өмірі.
Ит тіршілік тағы да.
Асау мезгіл маза бермей қаныңа
Шөлдегенде…
Тостағанын ұсынған
Балбал тастар –
Бір кездегі бабалар
оралады жадыңа.
Маған осы өлең оның болашақта түсер жолын айқындап берген соқпақ сияқты болады да тұрады. Әмірхан сол кезден бастап, бабалар мұрасына, қазақ, әлем әдебиетінің тарихына қатысты тақырыптарға мықтап ден қоя бастады. Оқу бар да, оны сіңіру бөлек әңгіме ғой. Оқығанын қорытып қана қоймай, бірнеше дерек көзінен алған дүниелерінен керемет синтез жасайтын, кейде тіпті батыл болжамдарға баратын Әмірханның мақалалары қызықты оқылады. Оның 2008 жылы «Тұран» баспасынан шыққан «Қасқыр құдай болған кез» атты жинағы жас та, жасамыс та іздеп жүріп оқитын кітапқа айналды.
2000 жылдардың басында Мұхтар Мағауин мен Мұхтар Шахановтың арасындағы Шыңғыс ханға қатысты дауды оқырман демін ішіне тарта отырып қадағалады. Осы даудың басында Әмірхан Балқыбек тұрғанын былайғы жұрт біле бермеуі мүмкін. Иә, Мұхтар Шахановтың «Жазагер жады космоформуласы» (Шыңғыс ханның пенделік құпиясы») атты романы шыққанда, ең алғашқылардың бірі болып ұлы қағанды қорғап, мақала жазған менің досым болатын. «Моңғолдың құпия шежіресіне», Лев Гумилевтің жазбаларына табан тіреген оның уәжі салмақты еді. Содан Мұхаң бір мақаласының ішінде атын айтпай, Әмірханды іле кетті. Енді әңгімеге Мұхтар Мағауин араласты. Сол-ақ екен, Әмірхан былай қалып, ел екі «дәудің» «айқасына» көз тікті…
Олжас Сүлейменовке қыли көзбен қарайтындар көбейіп тұрған сәтте де өзі жырларын сүйіп оқитын ақынды қорғап мақала жазды. «Қазақ әдебиетінде» басылған сол мақалаға сүйсінгендер көп болды. Айтпақшы, содан кейін Әмірхан өзі жұмыс істеп жүрген «Дала мен қала» газетінен кетті. Ешкім қумаған. Тек бас редактор Сапарбай Парманқұл: «Бізге шыққан материалды «Қазақ әдебиеті» неге сілтемесіз береді?», – деп ренжіген ғой. Былай қарағанда, бас редактордікі өте дұрыс. Тек біздің әулие оны өзіне көрсетілген сенімсіздік деп есептеп, дереу жұмыстан шығу туралы арыз беріпті. Телефон соқсам: «Сапарбай ағам, еркек қой, шіркін!» – деп мәз боп отыр. Өзін жұмыстан шығарған адамды осынша мақтаған адамды бірінші рет көруім. Ағасын мақтауы ұзап бара жатқасын әңгімесін бөліп: «Әй, енді не істемек ойың бар, жұмыс қарастырдың ба?», – деп ем, «Қатынды не үшін алдым, мені бақпаса, оның не керегі бар?», – деп қалжыңға бұра бастады. Шағын отырыста біреудің әйелін жаппай мақтап, шектен шығып бара жатқан жұрттың әңгімесі қытығына тиген бір ағамыз айтпақшы: «Ондай қатын қайда-а-а!», – деп қоя салдым мен де.
«…Қалам ұстаған адамның ақын немесе ақын еместігін негізінен аға буын емес, жас буын қаймықпай айтады. Қаймықпағанда, батырлығынан емес – аңқаулығынан, адалдығынан. Кейінгі жас балалар кімнің шумақтарынан үзінді оқиды, кімнің өлеңінен цитата келтіріп тастайды – сол кісіні шын ақын (қимасаңыз, тәуір ақын) деп есептей беріңіз», – дейді менің Ертай ағам. Сол айтпақшы, Әмірхан – жастардың жиі ауызға алатын ақындарының бірі. Орталарына да жиі шақырады. Өзі баяғыда армансыз сайран салған ҚазМУ-ына енді парасатты кісінің рөліне еніп барып, салихалы әңгіме айтады. Сондай кештердің бірінде жастар сұрайды ғой: «Аға, пәленше Есенғалидың бір ойын алыпты, түгеншеден Тыныштықбектің сүрлеуі байқалады. Жалпы, осы өзіне дейінгі ақындардан «алған» дұрыс па?». – «Дұрыс, – дейді Әмірхан, – тек үнемі бір адамнан «алсаң», көрініп қалады, сондықтан көп адамнан «алу» керек…». «Оқу өтіп кеткен» ағаларының «өзіңе дейінгі ақындардың бәрін де оқу керек» деген ойын түсінген бозбалалар мен бойжеткендер мәз болыпты.
… Уақыт өз дегенін жасайды екен. Тай-құлындай тебісіп өскен біздің жігіттердің де біразы өзгерді. Кейбірінің қабағына қарап, аңдап сөйлесетін болдық. Өзгермеген Әмірхан ғана. Түн ортасында телефон соғып, дәл баяғыша: «Бауке, мен ақынмын ба?», – деп сұрайды. Кездескенде риясыз әңгімелесеміз. Сәл ықылассыз сөйлесе бастасаң сезіп қояды. Сосын баяғы итпен табақтас болғаны есіне түсе ме, арс ете қалады: «Өй, шешеңнің…, кісі боп қалдың ба?». Әрі қарай бірдеңе дей бастасаң тұмсықтан періп жіберуден тайынбайды. Оған сот жоқ қой…
Бауыржан БАБАЖАНҰЛЫ.
Ақтөбе қаласы.