Ер туған жеріне...

289

"Туған жер" бәйгесіне шығармашылық жұмыстарды қабылдау жалғасуда. Кезекті келіп түскен материал "Үздік поэзия" номинациясы бойынша Қаниев Марат Амандықұлынан.

Бұл мақаланы(бәлкім, эссемді) әдеттегі жазушы сияқты атақты қаламгердің философиялық ойымен немесе қалыпты шаблонды бұзбай «Туған жер...» деп бастауыма да болатын еді. Әлде оқырманның назарын өзіме аудармақ үшін тілімнің бар байлығы жеткенше сұлу сөзді ойната отырып алғашқы сөйлемді аяқтап және оны сол сарынмен соңына дейін жалғастыруға да оқталдым. Бірақ тұла бойымның терең түкпірінде тулап жатқан кішкентай жүрегім бұл тақырыпқа келгенде басқаша сөйледі.
Менің көздерім есімді білгелі бері ұшы-қиыры жоқ жазық, құмдауыт даланы, онымен құшақтасып жатқан алып теңізді көріп келеді. Санамның әлдебір қуысында осы бейнелер сақталып қалған. Ішінде құпиясы көп, тереңіне бойлаған сайын беймәлім сыры ашылып, өзіне ынтықтырып тұрады. Түнде түсімнен, күндіз ойымнан шықпайды. Қойтастарына қол тигізсең тіл бітіп, сөйлеп кететін сияқты. Өткен шақ туралы, басынан өткерген қилы тарихы жайлы толғау айтатын болар, бәлкім.
Туған өлкемнен әр аттанған топырағын тұмар қылып тағып, өзіммен бірге әкетемін. Оның жылуы денеме дарып, мойнымда кіндік қаным тамған жердің алдыңда өтеуім тиіс парызымның барын біліп жүремін. Ғылым адам денесіндегі су мен оның туған жеріндегі судың құрамы бірдей екендігін айтады. Демек менің бойымда әлемдегі бесінші мұхит Тетистен үзіліп қалған Каспийдің ағып жатқаны сөзсіз.
Маңғыстау... Ол жайында кім не демеді? Жазыла-жазыла сөз таусылып, айтыла-айтыла әңгіме біткен шығар. Қашағанның домбырасы, Сүйінқараның найзасы, Әбіштің қаламы болды. Кир мен Томиристің қанды қырғынын көзімен көрді.
Бозжыраға барған адам ғайыптан тайып бөтен планетадан шыққандай күй кешеді. Голливуд студияларында туылған фантастика жанрындағы кинокартиналар тап бір осы аймақты обективіне алғандай көрінеді маған. Компьютерлік графиканың озық жетістігін пайдаланып жүрген режиссерлер Үстірт деп аталатын жердің барын білсе, тайлы-тұяғы қалмай көшіп келер ме еді? Өйткені қазіргі таңда шетелдік туристердің арманына айналып, олардың арасында «Марстың Жердегі бөлшегі» деген аңыз қалыптастырды.
Торыштың қойнауында шашылып жатқан сансыз тас та осыған куә. Халық мифологиясымен бірге біте қайнасып кеткен жұмбақ тастардың сырын ашқысы келгендер қаншама? Әлдекім дала сәулетөнерінің ғажайыбын көрсеткісі кеп әкеп тастаған сияқты. Миллиондаған жылдар бұрын Жермен соқтығысқан алып астероидтың бөлініп қалған бөлшектері ме екен?! Кім білсін...
«Көп сөз – көмір, аз сөз – алтын» дейді дана қазақ. Сіз дұрыс байқадыңыз, оқырман. Әсілі мақалам туған өлкемді мақтауға, мадақтауға ұласып бара жатқан сыңайлы. Әрине әр адамның басты миссиясы «Мен не беремін?» деген сұрақтың шеңберінде орындалуы тиіс. Бәлкім ақындар өлең арнап, бәзбіреулері жерінің астынан адамзат естімеген жаңа элемент табар. Атақоныстарының болашағы жарқын, келешегі кемел болуы үшін маңдай терлерін сарп етері сөзсіз. Ал мен ше? Туған өлкеме немді арнаймын? Отан алдындағы борыш тек әскерге барып-қайтумен өлшенбейтіні сияқты, менің сыйымның да мөлшері жоқ.

Пікірлер