Сембиндер шыққан сырлы өлкем!

604

"Туған жер" бәйгесіне шығармашылық жұмыстарды қабылдау жалғасуда. Кезекті келіп түскен материал "Үздік поэзия" номинациясы бойынша Райымбекова Ғайникеннен.

Арайлап таңы ататын,
Туған жер сенен нәр алдым.
Тереңде тұнып жататын,
Тұмасы сенсің- ақ ардың.

О мұнда пейіл көл-көсір,
Алдыңа барын жаяды.
Айтайын десең елге сыр,
Айтқызбай біліп қояды.

Сөз емес өмір сабағы,
Кілттемес мұнда пәтерді.
Құлыптамай жаба салады,
Құнттамай қауіп-қатерді.

Үрікпей ұры-қарыдан,
Ұстайды ұятты қалқан ғып.
Балаға дейін дарыған,
Бабадан қалған дархандық.

Кенде емес елім батырдан,
Ағаділ-соның дарасы.
Оқ болып жауға атылған,
Сүлейменнің сүлік қарасы.

Жарысып құспен ән салған,
Әуезі бөлек ең көркем.
Еуропа түгел тамсанған,
Сембиндер шыққан сырлы өлкем!

Баулыған талай арланды,
Туған жер қалмас тоқырап.
Әшімов сынды тарланды,
Тудырған текті топырақ.

Кем емес көрік-келбеттен,
Ұлдары есті, қызы ерке.
Әлемді әнмен тербеткен,
Әлиялар өскен бұл өлке.

Ықылас қымбат ұққанға,
Бәрінен мұнда күй сыйлы.
Қобыздың үні шыққанда,
Сарысу бойы сыңсиды.

...Көрінер ыстық көзіме,
Мен сенен қалай безбекпін?
Еркелеп жүріп өзіңе,
Есейгенімді сезбеппін!

Бір сен деп жазам жыр таңға,
Сындырмас жылдар сағымды.
Қызғалдақ тұнған қырқаңда,
Қалдырдым құлын шағымды.

Пікірлер
Редакция таңдауы