Ұлттық құндылықтарымыз – ұлтымыздың қорғаны!

263

Ұлттың қорғаны – тіліміз, салт-дәстүріміз, ұлттық бірегейлігімізді көрсететін рухани жан-дүниеміз. Батырларымыз кезінде қазақ халқын сыртқы жаулардан аянбастан «ақ найзаның ұшымен, ақ семсердің күшімен» ерекше жанкештілікпен қалай қорғаса, тіліміз, салт-дәстүріміз, ұлттық болмысымызды қазіргі ұрпақ соншалықты жанкештілікпен сыртқы факторлардан қорғай білуі тиіс. Ең бастысы осы баға жетпес байлығымыз – ұлттық құндылықтарымызды өгейсітпей, жүрегіміздің түбінде ұлы құрметке лайық деп тауып, жанымыздың шынары, өміріміздің маңызды бөлшегіне айналдырып, қадіріне жетсек болғаны. Адамзатты жаратқан құдірет бары анық, сол құдіреттің арқасында бұл әлемге пейілі дариядай кең, көңілі жас сәбидей таза, ақылы теңіздей терең қазақ халқы ұлы миссиямен жаратылған ұлы халық. Миссиямен жаратылған деген сөздің төркінінде қазақ халқының тілін, тарихын, салт-жоралғыларын терең зерттеген ғалымдар бұл халық әлем халқына үлгі боларлық ұлы рухани байлыққа ие бірден-бір ұлт екені дәлелденген. Әлемді әуенінің көркемділігімен, тілінің шұрайлылығымен, салтының байлығымен, ұлттық бірегейлігімен тамсандырған қазақтай дара туған халық кемде-кем болар. Әркім өз ұлтының патриоты, десек те, басынан мың құбылған алмағайып заманды өткерсе де, ұлттық келбетін, ұлттық жан дүниесінің тазалығын сақтап келе жатқан қазақтай халықты қалай мақтаса да жарасады. Қазақ даласы талай ойшылдар мен рухани кемеңгерлерді туғызған киелі мекен. Әлем ойшылдарын тамсандырған байлықтарымыздың қадіріне жетіп жүрміз бе?

Ұлттық құндылықтарымыз – ұлтымыздың қорғаны, келешегіміздің кемел болу жолында сәулесін шашып, құлдырап кетуден сақтап тұратын мәңгілік шамшырағымыз. Өзін қазақпын дейтін бұл әлемді алшаң басып жүрген әр пенде «Мен өз елімнің ұлттық жауһары тілімді терең меңгере білдім бе? Қазақтың салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын өз деңгейінде сақтап жүрмін бе? Ұлттық аспаптарымды, ұлттық киімдерімді лайықты құрметтеп жүрмін бе» деген сыни сұрақты өзіне қоя білуі керек. Осы сұрақты шынайы қоя отырып, шын ниетпен еш жасандылықсыз адал жауап бере білуі тиіс. Халқымыздың бұл әлемде ұзақ жасауы, гүлденуі, ұлттық құндылықтарымыздың сенімді бойтұмарымыз болып, ұрпақтан-ұрпаққа күн сәулесіндей шашырап, мәңгілік ғұмыр кешуі бізге байланысты. Жер шарында өмір сүріп отырған миллиардтаған адамдардың ішінде 9-10 миллионы ғана ҚАЗАҚ деген ұлттың өкілі. Саны жағынан аз болса да, рухани қуаты басым ұлы халқымыздың ұлттық жәдігерлерінің жоғалмай, өсіп-өркендеуі үшін әрбір қазақ жүрегінде ұлтқа деген шексіз құрмет пен сүйіспеншілік алауын өшіріп алмауы тиіс. Әлем – құдіретті күштің туындысы, о баста адаммен бірге пайда болған өзгермейтін, өте құнды қазыналарымыз бар. Қанша ғасыр тезінен өтіп келе жатса да құндылықтар өз құнын ешқашан жоймақ емес. Құндылықтар -- адамның бұл әлемде басшылыққа алатын ең сенімді серігі. Адаммен бірге жасап, өмір сүру

қағидаларын дұрыс реттей білуге көмектесетін құндылықтардың бұдан кейін де қанша ғасыр өтсе де өзінің бұл өмірдегі маңыздылығы арта бермек.

XXI ғасыр адамның санасының жаңаша сатыға көтеріп, үлкен жаңалықтар тасқынымен таңғалдырған дәуір шымылдығын ашып келеді. Осы ақпарат ғасырында ұлттық рух, қазақы құндылықтар біздің еліміздің санасының, бүкіл болмысының өзегі болмақ керек. Қазақ халқының түп тамырында Атилла мен Томирис ханшайымның, бір кездері әлемді аузына қаратқан жауынгер сақ, ғұн тайпаларының қайнаған қаны мен өршіл рухы, қайтпас қайсарлығы тасқындап тұр емес пе? Халқымыздың тарих сахнасынан жоғалмай, қаншама азаптарды көрсе де, сынбай, өз ұлттық келбетін сақтап, жаңа ғасырға абыроймен, үлкен мәртебелі қадам басып келе жатқандығы осы қайсар ата-бабамыздың біздің санамызға сіңірген батырлығы болар. Қанмен бойға сіңген тектілік пен кемеңгерлік, даналық қасиеттері қазақтың мол әдеби мұраларында аққан дариядай тасқындап жатыр емес пе? Ұлттың ұлылығының ең елеулі өлшеуіші – тілі, тарихы, әдебиеті. Қазақ қашанда тілінің көркемдігімен, байлығымен, тарихының тағылымды оқиғаларымен, теңіздей терең, көркем әдебиетімен өзгеше құрметтеуге лайық ұлт. Ұлттың ұлылығы ата-баба рухын құрметтеу, жүріп өткен тарих белесіндегі шұғылалы шуақты шақтармен қатар, ұлттың басына қара бұлт төнген ауыр кезеңдерді жадыңда ұстай білу, одан сабақ ала білуден байқалады.

«Құндылық» сөзінің түп төркініне мән берер болсақ «құнды» сөзінен шыққан. Құнды деп танитын дүниелер біздің өмірімізде өте көп. Алайда адамдар көбіне құнды дүниелерге материалдық заттарды көбірек құрметтейтін кезеңге аяқ басты. Құнды дүниеміздің ең елеулісі ол – рухани құндылықтарымыз. Өйткені рухани құндылықтарымызды ұлықтау арқылы рухымыз көтеріліп, ата-бабамыздың біздің бойымызға сіңірген игі қасиеттерін санамызда жаңғыртып, жүрегімізде ұйықтап жатқан ұлттық болмысымызды оята білуге септігі тиеді. Рухы биік елді ешқашан жау ала алмайды. Елдің рухани, имани иммунитеті әлсірегенде халықтың күйрегені. Ұлтымызға қорған болған, жаһандану сияқты алпауыт үдерісте өзіндік келбетімізді сақтап, дариядай толқып жатқан өмір тербелісінде алып елдердің ығында жұтылып кетпей сақтаушы күш --- ол ұлттық құндылықтар. Құндылықтар уақыт тезіне төтеп беріп, адам баласының – әлем жаратылғанда бірге пайда болған мәңгілік жасайтын өзгермейтін дүние.

«Еліміздің ұйытқысы -- әдет-ғұрпымыз» деп қазақ әдебиетінің майталманы Ғабит Мүсірепов айтпақшы, әдет-ғұрып – халықтың ғасырлардан санасына сіңіріп, өмір сүру қағидаларын құрайтын жоралғылар, салттар жиынтығы. Салтының салтанаты мен алуан түрлілігімен, өзгешелігімен, тереңдігімен, астарлы ақиқатымен тамсандыратын қазақ халқының дәстүрі ұлттық сипатта ғана емес, әлемдік деңгейде үлгі алуға тұрарлық. Осы баға жетпес құндылықтарымыздан неге алыстап барамыз? деген өзекті сұрақ мазалайтыны рас. Уақыт – біздің өткен тарихи белестеріміздің, алда жетер биігіміздің куәгері. Салт-дәстүрі бұзылмай, тіліміз шұбарланбай, санамыз жат ағымдардың, шетелдің даңғара әуендерімен уланбай тұрғанда қазақ қандай еді? Намыстың ақ туын

желбіретіп, «Жаным арымның садағасы» деген жалынды сөз қазақ жігітінің ұраны болатын, әдет-ғұрып, салт-дәстүр сахналық көрініс қана емес, өміріміздің шынайы бір табиғи көрінісі болатын. Көзбояушылықтан бойын алыс ұстаған халқымыздың салт-дәстүрі терең ғибратты, үлгілі, мағынаға толы. Қазақтың салт-жоралғыларымен танысқан орыс миссионерлері «мал шаруашылығымен айналысып жүрсе де, табиғатпен біте қайнасып, дала философиясын бойына жинаған, салт-дәстүрінің өн бойында тұнып тұрған өнеге, насихат болған қазақты ұлы халық қатарына қосар едім» деп ағынан жарылған.

Қазақ халқы – болмысынан өте жүрегі таза, қонақжай, әдептілік пен сыпайылық үлгісін көрсете білген жаны нәзік, терең ойлы, сонымен қатар, жауынгер, батыл, әрі әділетті халық. Бұл қасиеттер салт-дәстүріміз бен әдет-ғұрыптарымызда көрініс тапқан. Баланың дүниеге келуінен бастап, ержету, үйлену салттары жоралғыларды берік ұстана отырып, орындалатын болған. Заман ағымының өзгеруіне байланысты қазақ халқының қазіргі уақытта өмір салтымыздан ажырап қалған дәстүрлерміз жеткілікті. Әдеп сақтау, үлкенге құрмет көрсету сияқты әдет-ғұрыптарымыздың әлсіреп бара жатқаны салт-дәстүрімізге деген немқұрайлы қарауымыздың зардабы. Қоғамның құлдырап, ізгілік пен адамгершіліктің қадір-қасиеті төмендеп бара жатқандығы тұрмыс салтымыздан әдет-ғұрпымызды жатсынып бара жатқандығымыздың кесірі емес пе деген сұрақ туындайды. Кез келген ұлт өкілдері әлем сахнасында шынайы ұлттық келбетті сақтап, түр-сипатын ғана емес, рухани қуаты мен ұлттық болмысын заман ағысына қарамастан лайықты деңгейде сақтағысы келсе, салт-дәстүр секілді ұлттық берік қорғанышы болған ұлы байлықты бойынан, өмір салтынан алыстатып алмауы тиіс. Салт-дәстүр, әдет-ғұрып --- Кезінде Ресей империясы қазақ халқын басып алмас бұрын миссионерлерін астыртын тапсырмамен қазақ халқының өмірін зерттуге жіберіп отырған. Қазақ халқының қаймағы бұзылмаған саф алтындай таза тілімен, өнерімен, ән-күйімен, салт-дәстүрімен, тұрмыс-тіршілігімен, таным-түсінігімен, дүниетаныммымен таныса бастаған миссионерлер өз таңданыстарын жасыра алмаған. Радлов: «Мен әлемдік тілдердің арасында ұлы тілдер қатарына: француз, орыс, қазақ тілдерін жатқызамын» деп жазған болатын. Бұл ғылыми дәлелденген пікір. Кең жазиралы атырапқа созылған Алтай мен Атырауға дейін алып жатқан жер белгілі бір құдіреттің күшімен қазақтың пейілінің кеңдігіне, тілінің байлығының шексіздігіне сай берген сыйы.

Халқымның мол рухани мұрасын кішкентайымнан бойыма сіңіру арқылы ерекше ұлттық рух бойымда тасқындап тұрғандай сезімде боламын. Қазақтың күмбірлеген домбырасын естігенде, киіз үйін көргенде ата-бабаның бойымызда ғасырлар бойы қалыптастырған ұлттық түп тамырымызға қайта оралғандай сезімде боламыз. «Домбыра – қазақтың қасиетті дүниесі. Оны тарта алмасаң да, қадірлей біл. Себебі, баланың бойына халықтың рухани байлығын сіңіру домбырадан басталады. Домбыраны қастерлей білмеген қазақтың баласы туған халқының жанын білмейді. Ал халқының жанын түсінбеу деген – тамыры шабылған ағашпен тең. Ондай ағаш жапырақ жайып, сая да бола алмайды, жеміс те бермейді». Қазақ халқының

маңдайына біткен біртуар батыры Бауыржан Момышұлы домбыраның қадір-қасиеті жайлы осындай ұтымды пікір білдірген екен. Домбыраның үні ғасырлардан бізге жеткен қазақтың терең жан-дүниесінің жан тебірентерлік иірімдерін жеткізуші қасиетті аспап. Ұлттық құндылықтар ұлтты құрметтеуден басталады. Өз рухани қндылықтарын терең құрметтей білетін ұлт өзінің әлем картасында қаншалықты маңызды орын алатынын сезіне біледі. «Табиғаттың туындылары көп. Бірақ қазақтың киіз үйіне тең келер табиғи туынды жоқ» деп Жақау Дәуренбеков айтпақшы, табиғаттың адамға жеткізгісі келген ең асыл сырларын жанмен түсіне білген дана халқымыздың ұлттық мұралары табиғат секілді таза, мәңгілік, риясыз кемелдікке толы. Қазақтың мекен еткен киіз үйі мен жанды жадыратқан күйі, даналық пен адамгершілік қағидалары басшылыққа алынып, өмір сүрудің ең дұрыс бағытын нұсқай білетін салт-дәстүрлері біздің өміріміздің бір бөлшегіне айналуы тиіс. Қазақ екендігімізді Наурызда ғана еске алатын жағдайға жеттік. Өскелең ұрпағымыздың жүрегінде ұлттық рух лаулап жанып, жаны мен қанында қазақылықтың лебі есіп тұрса, жаһандану үдерісі біздің ұлтымызға әкелер қаупі жоқ деп айтуға болады. Ұлттық құндылықтар ұлылығымызды сақтап, ұлт ретінде әлем сахнасында абыройлы орын алуымызға тигізер ықпалы зор. Өзіңнің табиғи болмысыңнан алыстап, біреуге еліктеу арқылы адам ешқашан бақыт тапқан емес, сол секілді ешқандай ұлт өзге ұлтқа еліктеу арқылы өзнің ұлттық сипатын сақтай алмайды. Рухы мықты ұлт қана ұлы ұлтқа айнала алады. Әлем жаратылғалы қаншама ұлт дүниеге келіп, бұл жердің бетінен бұрын болмағандай ұшты-күйлі жоқ болып кетті. Тарихтың алпауыт ауыр соққыларына төтеп беріп, ашаршылық пен соғыс, тоталитарлық режим қысымына шыдас берген қазақ хылқының бойындағы сөнбес сабырлылығы мен кемеңгерлігі. Болмысында ұлылық бар ұлт дарындарға бай болады дейді. Ұлы Абайдың өзі дариядай тасыған даналығымен талайды тамсандырған. Абайдан бұрын және одан кейін қазақ даласы қаншама таланттарды тудырды. Қазақтың байлығының ең құндысы – осы даналардан қалған асыл мұраларымыз. Бұл мұраларымызда қазақғымыздың асыл тілінің гауһары мен жауһары, құнары мен кемеңгерліктің ең үздік нұсқалры көрініс тапқан.

Асан қайғы, Жиренше

Сөйлеп кеткен қазақ тіл

Әз Жәнібек, Қойлыбай,

Сыйлап өткен ғажап тіл

Ата-анамыз әлдилеп,

Уатқан бізді баба тіл

Сол туған тіл атауы

Ежелгі біздің ҚАЗАҚ ТІЛ

Қазақ жырау мен ақындарға бай дарыны мен таланты жалындап тұрған халық қой шіркін! Қожамберді жырау жырлаған Қазақ тілі қасиет дарыған тіл. Тіліміздің өн бойында халқымыз жүріп өткен тарих тағылымдары көрініс тапқан. Белгілі тілді зерттеушілер тіл – тірі ағзаға теңеген екен. Халық барда

тіл мәңгілік өмір сүрмек. Халқы қадіріне жете алмай бұл әлемде өлі тілдер қатарына қосылған қаншама тіл бар. Қазақ тілі біздің қанымызда бүлкілдеп соғып тұрған жүрегіміз іспеттес. «Тіл байлығы, тіл тазалығы – ұлт қасиетінің, салт-санасының негізгі өнеге, нағыз белгісі емес пеҚазақ тілі өзінің таза түрінде бірнеше ғасыр біздің заманымызға дейін өткірлігімен бой балқытып, тамыр шымырлатып, жан-жүйеңді жандырып, құлақ құрышын қандырып, ұғымына қонымды, жүрегіне тиімді, ерге, елге медет болып, ер намысын,, ел намысын, адамгершілік арын қай майданда, қырғын соғыста қасиетті тудай жоғары көтеріп, текті сезім оятып, туғызып, адам тілі, жағдайдың көмейіне құм құйып, аузын аштырмай, үнін шығармай қоятын тіл болағн емес пе еді?! Қазақ тілі ешуақытта өзімен көршілес халықтың тілдерінен сорлы болып қатардан қалып, өмір сүрмегендігі, өз сыбағасын ешкімге жебізбегендігі мыңдаған жыл тарихында айқындалған емес пе еді?! Ғажайып кемел тіл.

Нұртас Оңдасынов: Қазақ тілі – аса бай тіл, икемді тіл. Орамын бұрамай тауып, қисынын, орайын келтіріп, пайдалансаң, бұл тілмен сурет салуға, тасқашап,, ағаш, текемет оюға болады-ау! Бұл тілден май тамады десе де сыяр. Халықтың тіліне, жырына құлақ салсаң, небір алуан шекер балдай атаитын нәріне, әрине, әсте тоймайсың. Ғашықпын қазақ тіліне! Осындай «майса» сұлу тілді қалай өгейсінуге болады» деп қазақтан шыққан хас батыр Бауыржан Момышұлы таңданысын осылай білдірген екен. Тілдің терең сырын жанымен сзініп, ұлтының тілін осылай ұлықтамақ керек екен-ау! Тілде халықтың бүкіл болмысы, рухы, ішкі жан-дүниесі көрініс табады деп жатады. Қазақтың тілінен қазақ хылқының қаншалықты кемеңгер халық екендігін аңғаруға болады. «Дауға салса алмастай қаған, сезімге салса қырандай қалқыған, ойға салса қорғасындай балқыған, өмірдің кез келген орайында әрі қару, әрі қалқан болған әрі байырғы, әрі мәңгі жас отты да ойнақы Ана тілінен артық қазақ үшін бұл дүниеде қымбат не бар екен?! Ғасырлар бойы қазақтың ұлт ретінде мәдени тұтастығына ұйытқы болған – оның ғажайып тілі. Тіл – адамға берілген ең қымбат сый болса, Аллаһ қазақ халқына ерекше ілпипатпен қарайды деп есептеймін, өйткені әлемдегі ең бай, шұрайлы тіл қазақ тілі. Тіл – халықтың тағдыры» деп пікір білдірген тұңғыш елбасымыз Н.Назарбаев тілдің ұлт тағыдырына тигізер ықпалының зор екенін жете түсінген. Ұлттық құндылығымызды сақтайтын болсақ, тілімізді терең меңгерейік! Өзге ұлтты тамсандыратындай тіліміздің терең сырын сезіне білейік!

«Халық әні --өмірдің, табиғаттың өз туындысы. Халық әндерінің үлкен қазына екендігі де осы қасиетінде, сол әндерде халық өмірінің сәулесі болуында» деп жазған екен Ахмет Жұбанов. Шындығында қазақтың халық әндерінде ерекше лебіз бен жүрекке тыныштық пен рахат сезім сыйлайтын сиқыр бар. Әлем сахналарында шырқалған қазақ халық әндері ешкімді бейжай қалдырған емес. Ықылым заманнан қазақ әндері әлемді таңдандырып келеді, өйткені халық әндерінде халықтың жаны, рухы ешқандай бояусыз шынайы түрде көрініс тапқан.

«Туғанда дүние есігін ашады өлең. Өлеңмен жер қойнына кірер денең». Қазақтың ұлттық болмысын ұлы кемеңгеріміз Абай Құнанбаевтай бір ауыз

сөзбен шеберлікпен ешкім суреттеп бере алмас. Бала іңгәләп дүние есігін ашқаннан әнмен, жырмен сәбиді қарсы алатын қазақ шілдехана, бесікке салу, тұсауын кесу, сүндетке отырғызу, үйлену салт-жоралғыларын асқан сән-саланатпен әдеппен атқара білген. Қазақ халқы болмысынан әуенге, жырға жаны құмар халық. Қазақ даласы тудырған ерекше дарын – Шәмші Қалдаяқов: «Маған қазақ даласының бәрі ән салып тұрғандай күй кешемін»-- деген екен. Қазақ даласы жайлы мынадай аңыз бар. Бір баяғы заманда адамдар өте көңілсіз өмір сүріпті. Ән-күй, әуен деген мүлдем жоқ екен. Жаратушы Иеміз адамдарға «ән-күй құсын» жіберуді ойластырады. Ол құс жер шарын айналып өткенде адамдардың бәрінің көңіліндегі кірбіңдері, жан-дүниесіндегі жаралары әнмен жазылған екен. Сол ән-күй құсы қасиетті қазақ жеріне жақындағанда ерекше жақындап, жер бауырлап, ерекше халыққа өзгеше ілтипат көрсетіп қазақ даласының аспанында қимастықпен ұзақ ұшып жүрген екен деседі. Содан бері қазақ халқының жанына ән мен күй ерекше орнап, қазақтың әуендері әлемді таңдандырғаны содан деседі. Қазақ халқы науқас адамның көңілін сұрау дәстүрі, қаралы үйге естірту айту, көңіл айту, қайғыны ортақтаса білу дәстүрі бойынша ең сезімтал, әрі жанашыр халық. Бауырмалдығымен жанды тебірентер жырларды естігенде көңілін қайғы басып отырған қауым жұбанатындай өлеңді жанынан суырыпсалма дәстүрімен шебер орындай білген. Жоқтау жырлары сай-сүйегіңді сырқыратып, дүниеден өткен жанның қадір-өасиетін өлеімен өріп жырлағанда, жыламаған ел қалмайды. Қайғысы мен қуанышын әнге қосып жырлап, өмірдің қарасы мен ағын бірдей қабылдап, терең жанын әнмен емдеген қазақ қашанда биік тұғырлардан көрінуге лайық халық.

«Жалпы әлемді аузыңа қарату үшін -- рухани ерлік керек., жалпақ әлемге қысылмай, қымтырылмай қарау үшін – рухани байлық керек» деп халық жазушысы Әбіш Кекілбаев айтқандай, рухани байлығы кемерінен асып-төгіліп жатқан рухани қуатты қазаққа аямай-ақ берген ғой шіркін! Қазақ қазіргі заманда рухани ерлік көрсететін шаққа келіп тұр. Рухани байлық басты орынға еге болатын дәуірге қадам басып келеміз. Бұл дәуірге рухани құндылықтарыңды сайлап, рухани күшіңді сарқымай, үлкен жауапкершлікпен адымдайтын ұлы ғасыр. Бұл дәуір қазақтың кемеліне жетіп, гүлдейтін, өркендейтін ғасыры болғай!

Ұлтымыздың күре тамырында қаны мен жанында соғып тұрған жүрегі болған ұлттық құндылықтарымыз мәңгілік жасауы әрбір қазақ өкіліне байланысты. Тілін терең сезініп, салт-дәстүрін біліп қана қоймай, берік ұстана білетін, ұлттық құндылықты ұлықтай білетін ұрпағымыз көбейсін! Ұлттық құндылықтарымыздың мәңгілік алау секілді лаулап кеудемізде, жанымызда жанып, жарқырап тұруы үшін күресе білейік! Біз үшін ең маңызды – ұлтымыздың қорғаны болған ұлттық құндылықтарымыз мәңгілік жасасын!

Пікірлер