Қазақтың “Сары бидайы” мен Болливудтың жұлдыздары

578

Қазақ даласында шырқалған атақты «Сары бидай» әнін елдің бәрі осы уақытқа дейін, халық әні деп әуелетіп келді. Дәнеш Рақышевтің даусымен ел- жерді кезіп кеткен сол бір әуен, шындығында Сәдіқожа Мошанұлының туындысы болып шықты. 1917 жылы Алматы облысындағы Кетпен тауында дүниеге келген Сәдіқожа атақты Голощекиннің қырғынының кесірінен, елін жерін тастап, амалсыз Қытайға жер аударылыпты. Бала күнінен малдың артында салпақтап жүрсе де , өмірге «Сары бидай», «Ахау, айым», «Ей, ахау», «Ақ қаз едің», «Ахау, қалаулы-ай», «Еркем-ай», «Сағынсаң, қалқа, өзің кел» атты әндерін жүректен жүректерге жеткізген. Алайда небәрі 29 жасында сүзек ауруынан қыршыннан қиылған Сәдіқожа осы әндердің авторы “мен едім” деп кеудесін кере алмай, арманда кетті. Дегенмен тарих қашан да әділетті. Оның артында не баласы, елінде не моласы қалмаса да, аталас туысы болып келетін, Құныпия Алпысбаев оның барлық туындысын жинап-теріп жарыққа шығарды. Қазақтың жазира кең даласын жырға бөлеген бұл әндерді бүгін де елімізге танымал әнші Рамазан Стамғазиев, Нұржан Жәнпейісов сынды өнер иелері ел арасына кеңінен таратып жүр.

Ал Сәдіқожадан қалған 7 әнді нотаға түсіріп оны кітап қылып басып шығаруда қаламгер Сағатбек Медеубекұлы мен өнертанушы Базаралы Мүптекеевтің еңбегі зор. Бүгін де еліне жете алмай, топырағы Қытайдағы Құлжада томпиып жатқан Сәдіқожа Мошанұлының 100 жылдық мерейтойы Кетпен тауында дүбірлі додаға ұласты. Ауылдастары мен туыстары, танымал зиялы қауым өкілдері бірігіп ақын-сазгердің құрметіне Сәдіқожаның ескерткішін ашып, ақшаңқан ақ үйлер тігіп, ат шаптырып той жасады. Дүбірлі тойдың дүрмегіне ілескен халықтың көп болғаны сонша, бірі ат жарыстан оза шауып бәйге алып, көлік мініп кетсе, енді бірі терме айтып Кетпен тауындағы бұлттарды әрлі- берлі көшіріп жатты. Пейілі кең қазақ үшін, ұлттық құндылықтарды ұлықтаған ауыл халқына сый сияпат та аямай таратылды. Шапан жамылған ақсақалдар мен асау атты тізгіндеген жастар және әннен өрнек өрген апалардың сол бір көрінісі жаймашуақ қазақ ауылының дәстүрін әлемге паш етті.

Осы дүбірлі доданың дүрмегінен бейтарап қалғысы келмеген Алматыдағы 20 шақты қазақ журналисі де ат басын Кетпен тауына бұрды. Сәдіқожаның шығармашылығынан ақпарат тарату үшін арнайы келген тілшілер Шарын шатқалына көтерілді. Биіктігі 150-300 метрге дейін жететін «Қамалдар аңғары», «Жалмауыз кемпір шатқалы» және “Титанник” сияқты басқа да құмды жарлар журналистерді қатты таңдандырды. Жергілікті халық шатқалды «қорғанды қамалдар аңғары» деп атайды. Аңғардың ұзындығы 3 шақырым, ені 20-80 метрге дейін барады. Шатқалдан ежелгі суретшілердің төл туындыларын көруге болады. Жабайы аңдардың бейнесі арқылы бұл аймақта палеолит дәуiрiндегі аң-құстардың мекендегенін аңғару қиын емес. Сондай-ақ, аңшылық пен саятшылық кәсіптердің болғаны нақты айқындалған. Мұнда құстардың 103 түрі , бауырымен жорғалаушылардың 25 түрі, сүтқоректердің 62 түрі мекендейді. Шатқалда өсетін 1500 түрлі өсімдігімен аты шыққан Шарын шатқалын қызықтауға АҚШ-тан, Франция мен Польшадан, тіпті мына тұрған Қытайдан да туристер көптеп ағылып жатыр. Ал Үндістаннан келген меймандар каньонның әдемілігіне таңдай қаққаны сонша, келесі жылы Болливудттың әртістерін осында алып келіп, фильм түсірмекші. Әзерге Ұндістан мен Қазақстан арасында келіссөздер жүріп жатқандықтан, кино нақты қай кезеңде түсірілетіні нақтыланбапты.

Қазір елу шақты гид-күзетші шетелдіктерге күз, көктем, жаз айында саяхат жасату үшін қызмет көрсетеді. Ал биылдан бастап, Шарын басшылығы қыста да туристерді қабылдауға дайын екендерін мәлімдеді. Туристерді арлы-берлі таситын төбесі ашық тағы екі маршрутты іске қоспақ. Былтыр шатқалды тамашалауға 15000 саяхатшы келсе, биыл 18 807 турист демалып қайтыпты. Мұнда кез-келген отбасылық демалыс үшін бір күні 45 000 теңге тұратын киіз үйлер бар. Және өзіңмен бірге тағамыңды да алып баруыңа болады. Дегенмен бұл жерден шашлық, плау, қуырдақ сияқты тағамдарды 1500 тенгеден сатып алуға болады. Мұнда саяхаттап келген Қытайлық туристерден жөн сұрасқан кезімізде Қазақстанға деген қызығушылықтарының артқанын Димашпен байланыстырады. “Димаш біздің Қазақстанды тануымызға, ондағы саяхаттайтын қызықты жерлердің бар екенін оның әндері мен бейнебаяндары арқылы танып білдік» -дейді аспан асты елінің меймандары. Байқасаңыздар, Солтүстік Америкада да Колорадо каньоны бар. Сол Колорадо каньоны Шарынның домалақ жердің арғы бетіндегі екінші нұсқасына ұқсаған дейді ғалымдар.

Үндістердің сырлы мекенін алғаш ашқан америкалық саяхатшылар хандықтардың үстінен түстік пе деп те ойлапты. Ал Шарын шатқалын алғаш көрген орыс геологтары мұндай табиғаттың басқа аймақтарда жоқтығын айтып, ауыздарының суы құрыған. Бір қызығы тылсымға толы бұл мекенде әйелдің айқайлаған даусы жиі естіледі екен. Қатты жел соғып, дауыл тұрғанда жын-перінің даусы шыққандай елдің есін шығаратын көрінеді. Каньондағы басты мәселе-мұнда байланыс жүйесі дамымаған. 380 вольттық жарық қуаты қосылмағандықтан, байланыс операторлары мұнараларын да орнатпаған. Салдарынан туристер ешбір байланыссыз яғни өркениеті кенде қалған Шарыннан тікелей эфирге де шыға алмайды, әлеуметтік желілерге де ақпарат жариялай алмайды. Тіпті адасып кеткен күнде оларға тек гид-қызметшілер ғана көмектесіп, жарақаттанып қалса солар ғана алғашқы көмекті көрсетеді. Каньонға келгендер бір соқпақ жолмен жүргенімен, тау тасқа көп өрмелейді.

Шетелдіктерге қазақтың қара даласын танып , білу үшін, салт-дәстүрімізбен қанығуы үшін шетелдік туристерге ерекше бір орын дайындап қою керек сияқты. Мәселен, Шарын каньонына кіре беріс жерінде әжетханадан басқа ештеңе жоқ. Бұл жерге автобустар көп шетелдіктерді таситындықтан, көліктен түсе салған туристің көзіне оттай басылатын қазақтың қолөнер бұйымдарын саудалап қою керек. Атқа отырып серуендеу, жылқы түйе сауғызып оның қымызы мен шұбатын өздеріне ішкізіп, ұлттық тағамдарды дәріптеу, іркіт піскізіп, одан жасалған құрттан шетелдіктер дәм татып қоймай, оны дорбалап елдеріне әкетіп жатса қандай жақсы. Мұндай жерге қыздар көп келсе, күмістен жасалған алқа, сырға сияқты әшекейлерді бірден сатып алар еді. Жалпы елдегі туризмімізді ұлттық этно-стилімізбен көмкеріп отырсақ, қаншама турист бұдан да көп болып ағылар еді. Бірі қымыз ішу үшін енді бірі құрт жеуді дәметіп те келер еді деген ұсыныс бар.

Гүлвира БИҒАЛИҚЫЗЫ

Пікірлер