«Ас беру» дәстүрін қолдану – малдану немесе бәсекемен алдану емес...

42709

Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» мақаласы төл тарихымыз бен әдебиетімізді түгендеуге түрткі болған елеулі оқиға екенін ешкім жоққа шығармас. Өшкеніміз жанып, өлгеніміз тірілді. Ата – бабаларымызды қоғам болып, қолымызға шам алып, түгендеуге кірістік. Ел мен жерде, ру – руға жіктеліп, ас беру маусымын бастап кеттік. Осы мәселенің дұрысы мен бұрысын тілге тиек етуге тырысып бағайын.
Әлқисса, көне заманнан исі Қазақ даласына тән дәстүр – салттың бірегейі Ас беру дәстүрі. «Өлі разы болмай, тірі байымайды» немесе «Абылайдың асында шаппағанда...» деген әфсана Қазақы қоғамдағы Ас берудің рөлін айқындап тұрғандай. Өткен тарихымыздан белгілі астарды Мұхтар Әуезовтың, Шоқан Уалихановтың еңбектерінен кездестіреміз.
Әуезовтың «Абай жолы» роман – эпопеясында Бөжейдің асы суреттеледі. Сол замандағы атаулы оқиғалардың бәрі «Бөжейге ас берген жылы», «Бөжейдің асы кезінде» деген тіркестермен уақыттың өлшеміне айналады. Осыдан –ақ, астың Қазақ қоғамындағы ерекшеліктерін, алатын орынын айқындауға болатындай. Шоқан Уалихановтың еңбектерінде де ас суреттеледі. «Манас» жырының бір бөлігі «Көкетайдың асын» жазып алған. Ежелгі ас берудің жөн –жоралғысын осы мәліметтен аңғарамыз. Аталған деректерді зерделей отырып, үлкен асқа елге сөзі бағалы ақсақалдардың, би –сұлтандардың, атағы жер жарған батырлар мен ақындардың, балуандардың қатысқанын дөп басамыз.
Ілияс Жансүгіровтың «Құлагерінде» де Ақан барған ас жырланады. Үлкен асқа Ақан Серінің Құлагерінің қатысуы да астағы ұлттық ойындардың ел арасындағы биіктігін дәлелдейді. Шығармада:
Басталды әңгіменің былай басы,
Болды оған жетпіс, сексен жыл шамасы.
Арқада Ерейменді мекен еткен
Керейде Сағынайдың болыпты асы ... - деп жырланады.
Астың дастарханында естеліктер айтылып, билер мен ақсақалдар кеңес құрып, ел мен жердің жайының түйінін тарқатқан. Батырлар мен балуандар кіл жүйріктің мықтысын анықтап, әл –ауқатын танытқан. Ақындар елдің жайын жырға қосып, айтыстың қазанында қайнаған. Демек, Ас беру көнеден келе жатқан, көнермеген дәстүріміз. Қазақы ортаның өткенге салауат айтып, ата –баба аруағына ас беріп, құран бағыштауы сауапты іс. Сауап жасап жарысуға болады деп топшылаймыз осы тұста...
Бүгінімізді бағалап, қазіргі өтіп жатқан ас беруге бас қатырайық. Республикамыздың түкпір –түкпірінде балалары бабаларын еске алуда. Әрине, қуанамыз. Бірақ , әттеген-айы тағы бар. Біз Қазақ , тарихы бұрмаланған, әдебиеті тоналған халықпыз. Кеңестік кезеңнің қыспағында талай тарихымыз өзгеріп, ақиқаты мен жалғанын анықтай алмайтын дел-сал күйде қалғанымыз да, рас. Енді Тәуелсіздік алып, елдіктің асқақ әнін шырқап жүріп аталарымызға ас берер сәтте, болмаған тарихты болдырып, ата –бабамызға «жоқ атақты» алып беруге тырыспағанымыз абзал. Нақты тарихи деректерге жүгінейік, ағайын. Болмағанды болды деу , болашақтың алдында үлкен күнә. Ол ертеңгі күні тарихи адасушылыққа апарар жол екенін ұмытпайық. Және өткізетін аста, «өткен астың бәйгесіне авто көлік тігіпті, біз одан қымбатын қоюымыз керек» -деген сыңай танытатын ойлардан да бойымызды аулақ ұстайық. Астың жүлде қорына байланысты сұрақтарды адамгершілікпен, имандылықпен шешкеніміз дұрыс -ау. Себебі аста бәсекелестік жүрмейді. Аста ақшамызбен емес, халыққа, көпшілікке тигізер игі істерімізбен жарысайық. Осы мақалада кешегі ас пен бүгінгі астың жай күйіне үңілуге тырыстық. Айырмашылық аспан мен жердей. Бабаның мұрасы, даланың киесі, баланың парызы болған, Асты «астатөк» ысыраппен емес, асқан ізгілікпен атқарайық, бауырлар.

Әли Солтанбекұлы

Пікірлер