Лос-Анджелестегі тәртіпсіздік. Ұлттық гвардия әскері енгізілді

723
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/content/uploads/2025/06/image-54-960x500.jpg?token=8c7356bab65d8a866ef7e40cd6d160d7

АҚШ-тың Лос-Анджелес қаласында миграциялық рейдтерге қарсы басталған наразылықтар күш қолдану мен тәртіпсіздіктерге ұласты. Осыған байланысты Трамп әкімшілігі қалаға Ұлттық гвардияның екі мың сарбазын жіберді, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

Бұл шешім қоғамда үлкен дау тудырды.

АҚШ қорғаныс министрі Пит Хегсет егер зорлық-зомбылық жалғасатын болса, Пентагон әскер жіберуі мүмкін екенін мәлімдеді. Оның айтуынша, Кэмп-Пендлтондағы теңіз жаяу әскерлері жоғары дайындық күйіне келтірілген.

Сенбі күні Лос-Анджелестің Парамаунт ауданында АҚШ-тың Көші-қон және кеден қызметі (ICE) агенттері мен наразылық білдірушілер арасында қақтығыс орын алды. Демонстранттардың бір бөлігі мексикалық туларды көтеріп шыққан. Қала орталығындағы тағы бір акцияға шамамен 60 адам қатысып, "ICE, Лос-Анджелестен кет!" деп ұрандатты. Парамаунт ауданының тұрғындарының 80%-дан астамы латиноамерикалықтар.

Бұқараны тарату үшін құқық қорғау органдары көз жасаурататын газ бен жарық-шулы гранаталар қолданды. Шерулер барысында бір адам қамауға алынып, бірнеше адам ұсталды. Екі шериф көмекшісі жараланып, ауруханаға жеткізілді.

Президент Трамп бұл тәртіпсіздіктерді «үкіметке қарсы бүлік» деп атап, Ұлттық гвардия күштерін енгізу туралы меморандумға қол қойды. Ақ үйдің мәлімдеуінше, сарбаздар ICE және басқа да федералды органдардың қызметкерлерін қорғау мақсатында 60 күнге орналастырылды.

Калифорния губернаторы Гэвин Ньюсом бұл шешімді «арандатушылық» деп атады. Ол Трамптың әрекетін сынға алып, күш қолдануға жол бермеуге шақырды. Лос-Анджелес мэрі Карен Басс та федералды биліктің бұл әрекеті «қорқыныш туғызу мақсатында жасалып отыр» деп мәлімдеді.

АҚШ вице-президенті Джей Ди Вэнс наразылық білдірушілерді "шетелдік тулармен шыққан бүлікшілер" деп атап, демократиялық партия басшыларын елдің шекарасын қорғауды елемей отыр деп айыптады.

Комментарии