Колумбияда президенттікке үміткер Мигель Урибе Турбайға қастандық жасалды

709
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/content/uploads/2025/06/image-49-960x500.jpg?token=5976018dcd322dd65f463a3f231f3c25

Сенбі күні Богота қаласында өткен сайлауалды митинг кезінде Колумбия сенаторы және келесі жылғы президент сайлауында үміткер болуы мүмкін Мигель Урибе Турбайға қастандық жасалды, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

Қастандық Боготаның Фонтибон ауданындағы саябақта болған. Қарулы адам сенатордың арқасынан оқ атқан. Қала мэрі Карлос Галанның хабарлауынша, күдікті ұсталған.

Әлеуметтік желілерде тараған суреттерде 39 жастағы Урибенің қансырап жатқан денесін бірнеше адам ұстап тұрғаны көрінеді. Fundación Santa Fe ауруханасының ресми мәлімдемесінде сенатордың ауыр халде ауруханаға жеткізіліп, нейрохирургиялық және қан тамырларына ота жасалып жатқаны айтылған.

«Мигель өмірі үшін күресіп жатыр», - деп жазды оның әйелі Мария Клаудия Тарасона сенатордың X (бұрынғы Twitter) парақшасында.

Колумбияның Бас прокуратурасы тергеу басталғанын хабарлады. Мигель Урибеге екі рет оқ атылған, тағы екі адам жараланған.

Колумбия үкіметі шабуылға қатысы бар барлық адамдарды ұстауға көмектескендерге сыйақы жариялады.

Президент шабуылдан кейін Францияға жоспарланған сапарын тоқтатты. Сенбі күні кешке өткен қауіпсіздік кеңесінің төтенше отырысында Колумбия тарихындағы алғашқы солшыл президент Петро шабуылды ұйымдастырушыларға қатысты толық және ашық тергеу жүргізілетінін уәде етті. Ол сонымен қатар сенатордың қауіпсіздігіне жауапты органдардың жұмысына қатысты тексеріс жүргізілетінін мәлімдеді.

Мигель Урибе Турбай – 1991 жылы Колумбиядағы ең ауыр кезеңдердің бірінде ұрланып, өлтірілген белгілі журналистің ұлы.

Колумбиядағы кезекті президент сайлауы 2026 жылғы 31 мамырға жоспарланған. Сенатор Урибе өз кандидатурасын осы жылдың наурыз айында ұсынған болатын.

Ұлттық полиция директоры, генерал Карлос Триананың айтуынша, шабуыл кезінде Урибенің жанында қалалық кеңес мүшесі Андрес Барриос пен тағы 20 адам болған. Оқиға орнында шабуылға қатысы бар деген күдікпен кәмелетке толмаған жасөспірім ұсталды.

Комментарии