Саратов облысының фермерлері Ресей президенті Владимир Путинге бейнеүндеу жасап, Қазақстан аумағынан миграцияланған сайғақтар мәселесін шешуге көмек сұрады. Бұл видео «Взгляд-инфо» сайтында жарияланды, деп хабарлайды “Адырна”.
Фермерлердің айтуынша, Қазақстаннан шамамен 1 миллионға жуық дала бөкені (сайғақ) миграциялаған. Мамыр айының екінші онкүндігінен басталған олардың жаппай қоныс аударуы егістік алқаптарын, жайылымдарды және шабындық жерлерді жойып жіберген. Ең көп зардап шеккен өңірлер — Александрово-Гай, Питер және Новоузен аудандары.
Бұдан бөлек, фермерлер Қызыл кітапқа енген сайғақтардың жаппай қырылуын да атап өтті. Бұл жағдай шетін су алынатын Кіші Узень өзенінде тіркелген. Ауыл тұрғындары бұл жағдай халық денсаулығына тікелей қауіп төндіреді, деп алаңдаулы.
Сайғақтардан бөлек, фермерлер шегірткенің жаппай қаптағанын да айтып, бұл апатпен өз бетімен күресуге мүмкіндік жоқ екенін жеткізді.
«Біз Саратов облысының Ауыл шаруашылығы министрлігі мен жергілікті билікке бірнеше мәрте жүгінгенімізге қарамастан, мәселе шешімін таппай отыр», — делінген Путинге жолданған үндеуде.
Осы үндеуден бір күн бұрын «Взгляд» басылымы Ресей Федерациясы Үкіметі төрағасының орынбасары, Ауыл шаруашылығы министрі Роман Ковальскийге сауал жолдаған болатын. Шенеунік жауап бермегенімен, Саратов облысының Ауыл шаруашылығы басқармасы ресми түсініктеме ұсынды.
«Қазақстаннан келген сайғақтардан зардап шеккен Александрово-Гай, Новоузен және Питер аудандарында жануарлар келтірген залалды бағалау үшін арнайы комиссиялар құрылып жатыр. Комиссия жұмысының нәтижелері жүйеленіп, жоғары органдарға жолданады. Фермерлерге
Айта кетейік, бөкендердің жаппай көшуі Қазақстанда да қоғамдық талқылауға себеп болған. Мұнда да жергілікті фермерлер сайғақтардың өте көп көбеюінен зардап шегіп отырғанын жеткізуде. Биыл олардың саны 5 миллионнан асады деп күтілуде.
Қазақстанның Экология министрлігі сайғақтар санын реттеуге бағытталған “жол картасын" әзірлеген. Онда аңдарды ату тәсіліне оралу жоспарланған.
Сайғақтар ұзақ уақыт бойы Қазақстанда мемлекеттік қорғауда болды. Олардың саны заңсыз аң аулау (браконьерлік) салдарынан күрт азайған — әсіресе мүйізі үшін, ол дәстүрлі медицинада қолданылады. 2019 жылы оларға шабуыл көбейгеннен кейін, браконьерлікке, соның ішінде сайғақ мүйізін аулауға қатаң жаза енгізілді.
2022 жылдың маусым айында сол кездегі Экология министрі Серікқали Брекешев сайғақ популяциясын қалпына келтіру жоспары артық орындалғанын мәлімдеген. Алайда жануарлар саны соншалық көбейгендіктен, фермерлердің шаруашылығына кедергі келтіре бастаған — жайылымды таптап, мал азығын жеп қойған. Осыған байланысты популяцияны 10 пайызға қысқарту, яғни 80 мың бас сайғақты ату туралы шешім қабылданған.
Алайда бұл шара қоғамда үлкен наразылық туғызды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұл шешімді сынға алғанымен, оны кері қайтарған жоқ. 2024 жылдың басында сайғақты ату тоқтатылып, жануарларды нақты есепке алу үшін уақыт берілді.