«Ұлылардың туған күні болады, өлген күні болмайды» деген сөз қазақтың дара туған дала композиторы, күй анасы Дина Нұрпейісоваға арналмаса керек. Олай дейтініміз, жасы ұлғайған шақта ұлттық өнерімізді республикамыздан тысқары жерлерге шығарып, екі шекті домбыраның қоңыр үнімен талай жүректерді шымырлатқан күй анасы Дина шешейдің өмірден өткен күні, 31 қаңтарды жұртшылық туған күні деп шатастырумен келеді.
Осы күні Дина шешеміздің төл туындылары оның есімімен аталатын оркестрмен орындалып, облыстың барлық музыкалық оқу орындары мен орта мектептерде ұлттық өнердің қайталанбас құбылысына тәнті ететін рухани ләззат сыйлаған әсем қоңыр кештер жыл сайын ұйымдастырылады. Бұл талантын жазбай таныған қазақ халқының өнерге деген құрметі екені сөзсіз.
Дина — қазақтың дала сазгерлері Ұзақ, Дәулеткерей, Түркештің күйлерін осы заманға жеткізген, ұлы күйші Құрманғазының батасын тоғыз жасында алған төл шәкірті. Өмірінің соңына дейін өзіне дейінгі дала сазгерлерінің күйлерін нақышына келтіре орындап, бүгінге жеткізіп, заманына қарай өзі де тың туындыларды дүниеге әкелді.
Күй анасының Алматыға келуі, сол кездегі ел ішіндегі таланттарды іздеп, бір ортаға шоғырландыруды мақсат еткен өнер тарландарына оңай болмағанын — бүгінгі ұрпақ естен шығармағаны дұрыс.
Дина Нұрпейісованың ғажап күйшілігін күллі әлемге паш етуге себепші күйші-композитор Смағұл Көшекбаев екенін аға ұрпақ білгенімен, қазіргі ұрпақ жадына сақтауы екіталай. 1936 жылы Алматыда өткен көркем өнерпаздар байқауында жүлделі орын алып, қазақ филармониясына домбырашылық қызметіне қалдырылып, 1940 жылы Мәскеу консерваториясы жанындағы қазақ студиясының композиторлық курсын бітірген Смағұл Көшекбаев «Ботагөз», «Жаз», «Май гүлі», «Біздің ән», «Дауыл», «Сағыныш», «Бригада жыры», «Біз келеміз», т.б.ән-романстардың авторы. Құрманғазының «Ертең кетем», «Лаушкен», «Повестка» күйлерін Е.Г.Брусиловскийге нотаға түсірткен еңбегі және бар. Смағұл Көшекбаев 1936-1937 жылдары туған жері Атырау облысы, Құрманғазы ауданына қарасты Котяев ауылына келеді. Сол кезде ол, ауыл маңынан естіген жанның есін алатын ғажап күйдің бұрын-сонды естімеген әуезіне таңғалып, күй күмбірі естілген жақты бетке алып жүріп келе жатып, күй шертіп отырған бір әйелге тап болады. Ол өзін «Динамын» деп таныстырады. Күйлерді бірінен соң бірін қара шанақтан төккен домбырашының шерткен күйіне тамсанған дүлдүл күйші С.Көшекбаев Алматыға келген соң, қазақ музыкасын зерттеуші композитор Ахмет Жұбановқа осы оқиғаны баяндап береді. Ұлт өнеріне бейжай қарамаған А.Жұбанов Нарын төсінде отырған Дина шешейді Алматыға алып келуді С.Көшекбаевтың өзіне тапсырады.
Елде жоқшылық жайлаған жылы күйші Динаны іздеп барған С.Көшекбаев тумысынан дарыны асып туған күй анасын Алматыға жеткізу үшін өзінің көлігін сатуға мәжбүр болады.
Сөйтіп, пойызбен талай тәулікті артқа қалдырып, өнер ордасы Алматыға жетеді. Құрманғазының шәкірті Динаны Алматыға жеткізу арқылы Смағұл Көшекбаев күй өнерінің ұрпаққа жетуіне өлшеусіз еңбек сіңірді. Алматыға алғаш қадам басқан сәтте, «Өжет» деген жердегі жер үйге тұрақтаған Дина шешейдің күйін тыңдау үшін күнде дерлік сазгерлер жиналып, Дина шешейдің қара шанақтан төккен күйлерін нотаға түсіріп, оркестрге орындауға лайықтаған. Қазақтың ұлттық музыкасын әлемге мойындатқан дара талант иесі Дина шешейдің өнер ордасы Алматыға барып, күй атасы Құрманғазының күйлері нота болып қағаз бетіне түсіп, түрлі аспаптарда орындалуына себепкер болған осы оқиғаны біз бүгінгі және келер ұрпақтың жадында қалсын деп жазып отырмыз. Себебі жасы жетпіс беске келгенде, туған жерінен жыраққа кету — Дина шешей үшін оңай болмағанын бүгінгі ұрпақ білуі тиіс.
Тұрсын ҚАЛИМОВА,
Атырау облысы
«Айқын».