Дабыл. Шекараны заңсыз кесіп өткен қос қазақ азаматына көмек керек!

1955

Бүгін "қазақ-қытай" шекарасын заңсыз жолмен кесіп өткен  Қастер Мұсахан және Мұрагер Әлім есімді қос қазақ азаматы БАҚ өкілдерін жинап, мемлекеттен пана сұрады. Осы уақытқа дейін Қытайдан қысым көріп келген жігіттер мотоциклмен 500 шақырым жол жүріп өтіп,  Іле қазақ автономиялық облысы Тарбағатай аймағы Дөрбілжін  ауданы арқылы шекара асқан.

"Мақсатым бір қасық қаным болса да өз елімде тамсын" деген ұстаныммен жүрген қос азамат елге жете алмай 2 тәулік, Алматыға табан тірей алмай тағы бір тәулік қиналған.

«Өзім төрт жыл сегіз ай қамақта отырдым. Шыққан соң бір жарым жыл бақылауда  болдым. Сағатына, минутына шақырса, барып тұрдым.  Сосын отбасым, ата-анам болған соң сыртқа кетіп жұмыс істеп, екі үш ай бара алмай қалдым. Маған Қытайды көзге ілмейсің деп қысым жасады. Сосын мені қайтадан шақырып, қара жұмысқа саламыз, қамауға аламыз деп айтты. Мен үш күн рұқсат беріңдер, жұмысымды өткізіп келейін дедім де, бірге істейтін жолдасым Мұрагермен ақылдасып, еліміз бар, сол жаққа өтуге әрекет жасайық деп ойласып, жолға шығып кеттік.  Қытай шекарасына келдік, сонда 2-3 сағат бақыладық. Шекарадағы әскерді сырттай бақыладық. Олар 20 минутта бір, 15 минутта бір аралап, шам жағып тұрады екен.  Соны есептеп отырып, бірінші тордан 5 минута өтіп үлгердік. Сосын 60-70 шақырым жүріп, екінші торға жеттік. Сосын негізгі тікенек тордан да өтіп, Қазақстан аумағындағы шекараға дейін бір көш жер екен. Одан соң екі күн жүрдік, үшінші күні Зайсан жақтағы Шілік деген тұстан шықтық», - дейді  Қастер Мұсахан.

Осылайша шетелдік азаматтар "Қытайда қараусыз қалған отбасымызға зұлымдық жасап қоймай ма екен?!" деген уайым жандарын жеп бара жатқанын жеткізді.

Дәл қазіргі таңда екеуі де Алматыда «Атажұрт» деген атпен танымал шетелдік қазақтардың құқығын қорғайтын ұйымның қамқорлығына алынды. Аталмыш ұйым шетелдік азаматтарды үй-жайымен қамтамасыз етуге және заңгерлер көмегіне жүгінуге көмектесеміз, деп отыр. Алайда құзырлы органдар оларды қамауға алып, алмауы белгісіз.

Естеріңізге сала кетейік, осыған ұқсас оқиға 2018 жылы қоғамдық дүрбелеңге себеп болған еді. Қытайдан Қазақстанға заңсыз өтті делінген Сайрагүл Сауытбай қамауға алынған соң, қоғамдық ұйымдар БАҚ беттерінде оны Қытайға қайтармау туралы  үндеулер жариялады. Көп ұзамай Алматы облысы Панфилов аудандық соты этникалық қазақ, қытай азаматын 6 айға шартты түрде бас бостандығынан айырып, сот залынан босатты. Оған Қазақстан аумағынан шығару туралы қосымша жаза қолданылмады. Сайрагүл Сауытбайға «пана іздеуші тұлға, бірақ босқын емес»  деген куәлік берілген. Биыл жазда ол Швецияға отбасымен көшіп кетті.

 

(Сурет azattyq-ruhy.kz сайтынан алынды)

Ақгүл АЙДАРБЕКҚЫЗЫ, "Адырна" ұлттық порталы

 

Пікірлер