Ән-бұлбұл көмейінде ұя салған

3175
Adyrna.kz Telegram

Әлі күнге әр түкпірдегі ауыл қариялары: «Анау бір жылы Ғарекең (ҚР Халық артисі Ғарифолла Құрманғалиев) келіп, таңды таңға ұрып ән салған еді ғой! Апырм-ай, дауысы да әдемі еді-ау!» – деп тамсанып отырады. Ол кездері ауылда теледидар деген атымен жоқ. Алматыдан артист келсе, халық біткен радиодан дауысына қанық сүйікті әншілерінің түрін көрмекке бар жұмысты жиып қойып, ауылдың клубына бірер сағат бұрын барып, орын алып отырушы еді. Ал клубы жоқ жерлерде сол концерт-спектакльдер ашық аспан астында да қойылып жатушы еді-ау…
Иә, ол кездер келмеске кетті. Қазіргі өнер адамдарының талантына бұрынғыдай таңғалып, ерекше құмарту мен құрметтеу жоқтың қасы. Өйткені техника, компьютер күшімен «дауыс қойып», «әнші» атанып жүргендерді кез келген ағайынның тойында көріп, олармен емін-еркін суретке де түсе аласыз. Асылы, танымал болу бір бөлек те, халықтың сүйіктісі болу – бір бөлек дүние. Теледидардан түспейтін әншілерді ел жақсы танитынына дау жоқ, бірақ солардың көпшілігін халық тыңдай ма екен? Ал сүйікті әншісі көріне қалса, арнаны ауыстырмай тыңдайтынымыз рас. Біз айтқалы отырған өнер иесі танымалдығына қоса халықтың сүйіктісіне әлдеқашан айналған айтыс ақыны, Мұхит әншілік мектебінің өкілі, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, Ғ.Құрманғалиев атындағы Батыс Қазақстан облыстық филормониясының белді артисі – Хатимолла Жәңгірұлы Бердіғалиев. Хатақаң әуел баста әнші болып танылғанымен, кейін ақындық қырымен де көріне бастады. «Ақынға қара сөзден өлең оңай» демекші, басында қатарластарымен әзіл жарыстыра айтысса, кейіннен ақындық таланты ашылып, үлкен додаларда топ жара бастады. 1987 жылы Қазан төңкерісінің 70 жылдығына орай Орал қаласында өткен облыстық ақындар айтысында жеңімпаз атанып, «облыс ақыны» атанды. Одан кейін республикалық айтыстарда алған I-II жүлделі орындарын сөз етпегеннің өзінде, 1993 жылы Көкшетау қаласында Ақан серінің 150 жылдығына орай өткен ақындар айтысында – бас жүлде, сол жылы Қызылорда облысының Жалағаш ауданында өткен Бұхарбай батырдың тойында – бас жүлде алса, сол жылы Торғай облысында өткен Шақшақ Жәнібектің тойында тағы да бас жүлделі болды. Бұл «қырығында қамал алған» Хатақаңның қырғи шағы дер едік. Ақындық, әншілік бабына келіп, бәйгенің қай түрінен де тайсалмайтын, шабыс тілеп тұратын нағыз тұлпар шағы. Оның үстіне терме-жырдың да шебер орындаушысы бола бастаған кезі-тұғын. Талантты орындаушы ретінде алыс-жақын шетелдерде гастрольдік сапарлармен де бола жүріп, қанша тыңдаушының жүрегіне жол тапты. Өзінің бір ән салып кеткен өңірі оның келесі сапарын асыға тосып отырады. Әсіресе Алматыға әр келгені – өзінше бір оқиға, жаңалық әрі қуаныш. «Оралдан Хатақаң келіпті» деген бір ауыз сөз Алматыны он айналып, ақбас Алатаудың шыңдарына соғылып, жаңғырып тұрғандай болатын.
Хатақаң төрт жылда бір соғатын ақпанның жиырма тоғызында осыдан тура алпыс жыл бұрын жарық дүниенің есігін ашты. Орал қаласының Құрманғазы атындағы музыкалық училищесін бітіріп, өнер жолын өзі туған Казталов аудандық мәдениет бөлімінен бастады. Өнерлі жігіттің есімі лезде арада ел аузына ілікті. «Алмас қылыштың қын түбінде жатпайтыны» секілді оның төлтума таланты, Мұхит мектебіне тән әсем дауысы оны ауылда қалдырмайтыны анық еді. Үлкен өнерге араласа жүріп, ұстаздық ете бастады. Ұзақ жылдар өзі оқыған Орал музыка колледжінде шәкірттер тәрбиелеп келді. Қазір көпке белгілі әнші, Н.Жантөрин атындағы Атырау облыстық филармониясының әншісі, бірқатар конкурстың бас жүлдегері Қайрат Кәкімов – шәкірт ретінде Хатақаңның мақтанышы болса, бүгінгі күні өнерімен ел құрметіне бөленіп жүрген өнерпаз. Хатақаң тәрбиелеген шәкірттер бүгінгі күні ел аузында жүр. Олар: республикалық конкурстардың лауреаттары – Күләш Қуанышқалиева, Армат Ислямғалиев, Артур Сисенғалиев, Мирас Бақтығұловтар. Ал ағамыздың өзі болса, бүгінгі күні батыс әншілік мектебінің ұйытқысына айналып отыр. Әншінің репертуары өте бай. Ұлы композитор Мұхит бабамыздың әндерін түгелге жуық біліп қана қоймай, орындап жүрсе, Арқаның атақтылары – Біржан сал, Ақан серінің шығармалары, халық әндері Хатақаңның репертуарынан түскен емес.Соңғы кездері Дәулеткерей атындағы халық аспаптары оркестрінің сүйемелдеуімен қазақ операларынан ариялар орындап жүр.

Домбырамен ән салып жүрген әншінің операдан ария орындауы аса таңсық бола қоймас, десек те, оркестрдің сүйемелдеуімен айтудың да өз қиындығы бар. Ол үшін дауыстың еркін жетуі, үйлесуі – өз алдына, оркестрден не озып кетпей, не қалып қоймай, әр тактыны есептеп, нақпа-нақ айтып, сөздерін анық жеткізу, дауысты құбылту, дирижерменен тығыз байланыста болу сияқты машақаттары жетіп-артылады.

Бұл ретте домбырамен ән салып жүрген әншілерді оркестрге қосып, едәуір тер төгіп жүрген дирижерлер Дәулеткерей атындағы халық аспаптары оркестрінің негізін қалаушы, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Қырымгерей Қажымов ағамыз бен мемлекеттік «Дарын» сыйлығының лауреаты Еркін Нұрымбетов ініміздің еңбегі ұшан-теңіз. Жалпы, операдан үзінді айту әйгілі әншілеріміз, халқымыздың інжу-маржандары –Манарбек Ержанов пен Ғарифолла Құрманғалиевтерден бастау алған. Ал қазіргі кезде Хатақаңдар – сол үрдісті жаңғыртушы.
Өнер де кез келгеннің маңдайына жазыла бермейтін бақ па деп қаласың. Ағамызға Жаратушыдан әдемі дауыс бұйырса, тумысынан ақжарқын, кеңпейіл, керек жерінде тиісті сөзді тайсалмай төтесінен бір-ақ айтатын турашылдығы адами болмысын аша түсетіндей. Оған қоса әңгімешілдігі, өнер, әдебиет тарихынан сөз қозғаса, келісті сөз саптасымен елді аузына қаратуы көне би-шешендердің сарқыты ма дегізгендей. Ал әзіл айтса, жаныңды жадыратып, езуіңді жиғызбай, жан-жағын күлкіге көміп, отырыстың гүлі болып отырғанының талай куәсі де болғанбыз. Хатақаңның орындауында бірнеше ән, терме-толғаулар Қазақ радиосының «Алтын қорына» өтіп, күнбе-күн эфирден берілуде. Өткен жылы ғана Алматыдағы «Ел» продюсерлік орталығының директоры Ғалым Доскеннің арнайы шақыруымен әншіден сексен үш ән жазылып алынды. Оның алпыс үші домбырамен айтылса, жиырмасы оркестр сүйемелдеуімен орындалды. Осының барлығы жай ғана жазылып қоймай, диск болып, тыңдаушыларының қолына тиді. Әншінің репертуары кейінгі кезде халқымыздың фольклорына айналған эпостық жырлармен де толығуда. Осындай толағай табысымен, халқына жасаған өлшеусіз еңбегімен ағамыз Үкімет тарапынан да елеусіз қалмады. «ҚР еңбек сіңірген мәдениет қызметкері» атағын ертеректе иеленсе, 2010 жылы «ҚР еңбек сіңірген қайраткері» атағымен марапатталды. Әйгілі әнші-композитор Мұхит бабамыздың сарқыты, әнші-композитор Ғарекеңнің ізбасары Хатақаң асқаралы алпысына осындай көл-көсір табыспен жетіп отыр. «Өнер» деп аталатын қасиетті де киелі сапарда жүрген ағамызға шабыттың шалқарын тілейміз.


Мейрамгүл ОРАШЕВА,
әнші-термеші, «Ана тілі».

Пікірлер