«Ағасы бардың жағасы бар...»

782

Кеше Екібастұз қаласының Полиция басқармасының басшысы болып 36 жастағы Василий Склярдың тағайындалғаны туралы ресми ақпар тарады. Ал, Василийдің туған ағасы Роман Скляр - ҚР Премьер-министрінің орынбасары. Тағайындау туралы ақпаратта В.Склярдың өмірбаяны толық жазылмаған. Онда В.Склярдың бұрын Павлодар облысының Ақсу қаласында полиция бөлімінің басшысы болғаны, ҚР ІІМ Қарағанды академиясының магистратурасын тәмамдағаны ғана айтылған.

Қазақстан билігінде жүрген ағалы-інілі шенділер Склярлармен ғана шектелмейді.

Қазіргі Үкімет басшысының орынбасары Бердібек Сапарбаевтың да үлкен қызметте жүрген туған інілері бар. Бірақ олардың ешқайсысы «Сапарбаев» тегін алмаған. Мәселен, Нұрлыбек Нәлібаев - қазір Қызылорда қаласының әкімі, Пазылбек Нәлібаев Қызылорда облыстық жол полициясының бастығы болған.

Ағайынды Бекетаевтар да Үкіметте шенді қызметтер атқарады. Руслан Бекетаев Қаржы вице-министрі болса, Марат Бекетаев – Әділет министрі. Руслан Бекетаев 1975 жылы, ал Марат Бекетаев 1977 жылы туған.

Ағайынды Мырзахметовтарды да білмейтіндер кемде-кем. Алайда, Абылай Мырзахметов ағасы Асқардан жеті жас кіші болса да, одан 4 жыл бұрын министр болып тағайындалған. Абылай Мырзахметов 2001 жылы Көлік және коммуникация министрі болса, Асқар Мырзахметов 2005 жылы Ауыл шаруашылығы министрі болған. Қазір кіші Мырзахметов «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасы, үлкен Мырзахметов Жамбыл облысының әкімі.

Тоғжановтар әулетінен де шыққан ағайынды шенділер бар. Ералы Тоғжанов пен Марат Тоқжановтың арасы небәрі екі-ақ жас. Ералы Лұқпанұлы Қарағанды облысы әкімінің орынбасары қызметін атқарды, одан бөлек Маңғыстау облысын басқарды. Ал, Марат Лұқпанұлы ұзақ уақыт БҚО-да басқарма басшысы, облыс әкімдігі аппаратының басшысы, облыс әкімінің орынбасары қызметтерінде болды. Қазір кіші Тоқжанов Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары.

Жақында ғана Қарағанды облысына әкім болып барған Жеңіс Қасымбек ұзақ жылдар бойы Президент кеңсесін басқарған Махмұд Қасымбектің ұлы. Ал оның бауыры Ардақ Қасымбек«Бәйтерек» ұлттық холдингінің еншілес компаниясы «Қазына капитал Менеджмент» АҚ басқарма төрағасы.

Бұл ретте ағайынды Нығматулиндерге де тоқталмай өтпейміз. Олар тек ағайынды ғана емес, өмірге қатар келген егіздер. Нұрлан Нығматулин Қарағанды облысында әкім болды, «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары болды. Президент әкімшілігін басқарды. Қазір ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы. Ал, Ерлан Нығматулин 1999-2007 жылдары Парламент Мәжілісінің депутаты, 2014-2015 жылдары Сенат депутаты болған. «Инвестиция және инвестициялық саясат» атты кітаптың авторы.

Үш жылда үш түрлі министрлікті басқарған Бейбіт Атамқұловтың туған інісі Мәди Атамқұлов ҚР Президенті протоколының басшысы. Мәди Атамқұлов қызметін Сыртқы істер министрлігінде бірінші хатшылықтан бастаған. Ал, Бейбіт Атамқұловтың өткенін үңілмей, соңғы атқарған қызметтерін ұсынайық. ОҚО-ны басқарды (2015-2016), Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрі (2016-2018), Сыртқы істер министрі (2018-2019) болды. 2019 жылдың 18 қыркүйегінен бастап Индустрия және инфрақұрылымды дамыту министрі.

Қазақстан футбол федерациясының президенті, бір кездері Президент әкімшілігіне жетекшілік еткен, Астана қаласын екі рет басқарған Әділбек Жақсыбековтың інісі Серік Жақсыбеков 2014 жылдан бастап ҚР Парламенті Сенатының депутаты. Сондай-ақ, ашық дерек көздерінде Серік Жақсыбековтың 2007 жылдан «Цесна Корпорациясы» АҚ Директорлар кеңесінің төрағасы қызметін атқаратыны жазылған.

 

azattyq-ruhy.kz

Пікірлер