Еліміздегі мұражайлардың пайда болу тарихы ХІХ ғасырдың екінші жартысынан бастау алады. Мәдениет және ақпарат министрлігінің ресми мәліметінше, 1913 жылы қазақ жерінде небәрі 3 мұражай жұмыс істепті. Оның біріншісі — 1859 жылы Оралда, екіншісі — 1898 жылы Семейде, үшіншісі — 1898 жылы Жетісуда ашылған.
Бүгінгі таңда республикамызда тарихи-мәдени мұраны сақтау және насихаттау істерімен айналысатын түрлі бағыттағы 154 мұражай бар. Кей деректерге қарағанда, тарихи ғимараттар саны екі жүзден асып жығылады. Бұл мекемелердегі жұртшылық назарына ұсынылған құнды жәдігерлер саны 218 мыңға жуықтайды.
Алайда ғасырлар қойнауынан сыр шертетін осы мәдени мұраларымызды жергілікті жұртшылық болмаса, өзгелердің атын естігені болмаса, затын тамашалауға мүмкіндіктері жоқ. Сондықтан Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Өркениетті ұлт ең алдымен тарихымен, мәдениетімен, ұлтын ұлықтаған ұлы тұлғаларымен, әлемдік мәдениеттің алтын қорына қосқан үлкенді-кішілі үлесімен мақтанады. Сөйтіп, тек өзінің ұлттық төл мәдениеті арқылы ғана басқаға танылады» деген сөзін басшылыққа ала отырып, жалпыға ортақ ғажайып қазынамызды, алтын жауһарларымызды алдағы уақытта газет бетінде таныстырып отыруды жөн деп таптық. Біздің ең бірінші таңдауымыз түскен өнер отауы — Алматы қаласы әкімдігіне қарасты Ықылас атындағы ұлттық музыкалық аспаптар мұражайы.
Салынғанына бір ғасырдан асқан мұражайда Құрманғазы, Махамбет, Біржан сал, Абай, Қазанғап, Сейтек, Бөлтірік, Сүгір, Дина, Жамбыл, Манарбек Ержанов, Әміре Қашаубаев, Жүсіпбек Елебеков, Мағауия Хамзин, Нұрғиса Тілендиев сияқты күйші-композиторлардың, ақын-жыраулардың жанына серік еткен домбыралары ілулі тұр. Шашубай мен Нартайдың да саз сырнайы осында. Жарас бақсы, Дәулет Мықтыбаев, Жаппас Қаламбаевтардың қобыздары көзге оттай басылады. Бұдан бөлек, шертер, асатаяқ, шыңдауыл, дауылпаз, сыбызғы, үскірік, жетігендер түр-түрімен қаз-қатар тізіліп тұр. Солардың арасынан біздің назарымызды ерекше аударған XІX ғасырдағы қазақ ән өнерінің, сөз өнерінің ірі өкілі Біржан салдың домбырасы.
Сал-серінің қолының табы, алақанының жылуы қалған, иісі сіңген қос ішек өзге домбыралармен салыстырғанда ең үлкені. Аспаптың ұзындығына қарап, әнші-композитордың тұлғалы болғанын бағамдауға болады.
Ықылас атындағы музыкалық халық аспаптары мұражайы Ғылыми қор бөлімінің қызметкері Индира Рамазанованың таныстыруы бойынша, қазақ халқының мақтанышына айналған дара тұлғаның домбырасы емен ағашынан ойылған.
Біржан сал бұл домбырасын 1885 жылы жасатып, өле-өлгенше ұстаған көрінеді. Арада жүз жыл уақыт салып Ықылас атындағы музыкалық халық аспаптары мұражайына өткізілген. Жалпы ұзындығы — 105 см, ені — 16 см, биіктігі — 7 см, мойынының ұзындығы — 65, 5 см. Он екі пернелі, екі ішекті.
Бетінде үш бұрышты дыбыс ойығы бар, қоңыр түсті. 1943-1944 жылдары шебер Қамар Қасымов толық жөндеуден өткізген. Домбыраның беткі бөлігі қайың ағашынан қайта салынып, шегелермен бекітілген. Қамбар Қасымовтың жасаған ерекше құрамдағы лагымен сырланған.
1981 жылы өнер және қоғам қайраткері Әшімбек Бектасов сол кездегі мұражай директоры, белгілі күйші, музыкатанушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жарқын Шәкәрімге әкеліп тапсырған. Тарих беттеріне алтын әріппен жазылған осы күннің астарына тереңірек үңілгіміз келіп Жарқын Жақияұлына хабарласқанымызда, ол кісі сол жылы наурыз айында «Мәдениет және Тұрмыс» журналында жарық көрген мақаланы қолымызға ұстатты. «Әшімбек Бектасовтың қолына Біржанның домбырасы қалай түскен? Жоқ әлде ұрпағы ма?» деген сұрақтарымызға сарғайған қағаз беттерінен жауап таптық.
Сонымен, экспонатты мұражайға аманаттаған еңбек және партия ардагері Әшімбек Бектасов Ұлы Отан соғысы жылдары республикада басшылық қызметтер атқарыпты. 1943 жылы жұмыс бабымен Ақмола облысының Степняк қаласына жол сапармен барады. Қазіргідей бір-бірімен жарысқан қонақүйлер жоқ. Жергілікті басшылар мәртебелі мейманды «15 жылдық Қазақстан» көшесіндегі №26 үйге орналастырады. Үй иесі 78 жастағы Фазыл деген ақсақал екен. Шәй ішіліп, аз-кем әңгімелесіп, кеңірек танысқан соң құдайы қонақ:
- Асырған айғай, әнін алты қырдан,
Әкесі асқақ әннің әнші Біржан.
Ақандай майда көмей, нәзік емес,
Құлақты Біржан ащы әнмен қырған, — дейтін кәдімгі Біржанның елі емес пе? Бұл маңда атақты әнші-салдың ұрпақтарынан кімдер бар? — деп сұрайды. Сөйтсе, түскен үйі тура Біржанның өз үйі болып шығады. Фазыл ақсақал Біржанның әкесі Тұрлыбайдың кіші қызы, яғни сал-серінің қарындасы Хадишаның ұлы екен.
Біржан сал өлер алдында, 1885 жылы өзінің қара шаңырағы мен бүкіл мұраларын Хадишаға тастап кетіпті.
- Біз отырған үйде сол күні «Шоқы» совхозынан келген Біржанның немересі Садық Жақиянов та бірге болды. Осы сапарымда мен арқаның ардақты ұлының бейітінің қалай болса, солай жатқанын көріп, оны жөндеттірдім. Менің осы көмегіме риза болған Біржанның туыстары әнші-ақынның көзіндей көріп, сақтарсыз деп маған оның домбырасын сыйға тартты, — дейді кезінде Су комиссары, қазіргіше министр қызметін атқарған Әшімбек Бектасов өз сөзінде.
Айта кетерлігі, Әшімбек Бектасов лауазымы жоғары мемлекеттік шенеунік қана емес, Мәдидің тікелей ұрпағы, асылдың сынығы, жақсының көзі. Сол 1943 жылдан қырық жылға жуық еменмен ойылып жасалған бұрышты домбыраны жыл сайын лакпен сырлап, өз үйінде мұқият сақтап келген. Ол аспапты бұл күндері дүниеден өткені бар, көзі тірілері бар, көптеген мәдениет, әдебиет және өнер қайраткерлері өз қолдарына ұстап, шертіп көрген. Солардың ішінде ұлы жазушы Мұхтар Әуезов «Саңқылдаған сұңқарым, Топтан озған тұлпарым. Осы домбыраны ұстаған киелі қолдарың әлдеқашан жер астында шіріп, топыраққа айналды-ау» деп көңілі бұзылып, көзіне жас алған екен.
Қазақтың дәстүрлі музыкасын зерттеуші Жарқын Шәкәрім бізге ұсынған маңызды мәлімет, міне, осындай.
Қаншайым БАЙДӘУЛЕТ, «Айқын».