Тағзым жасамай өтпеңдер!

132

 "Туған жер" бәйгесіне шығармашылық жұмыстарды қабылдау жалғасуда. Кезекті келіп түскен материал "Үздік поэзия" номинациясы бойынша Джолдыбекова Аида Қайратқызынан.

Туған жер әркімнің туып өскен, кіндік қаны тамған жер. Сондықтан да туған жерден артық еш нәрсе жоқ. Осы бір сөздің аясында үлкен мағына жатыр емес пе!? Әр адам өз туған жері туралы ойлағанда, көз алдына  алдымен шыр етіп дүниеге келген ұясы, әлпештеп өсірген ата-анасы, тұлымшағын желбіретіп барып аттаған алғашқы аяулы мектебі, күлімсірей қарсы алған асыл ұстазы және өзі сияқты өрімдей-өрімдей сыныптастары  елестейтіні анық. Сондай-ақ, туған жердің табиғаты да сенің жаныңнан жарқын көрініс беріп тұрғаны табиғи құбылыс.

Қазақта «Туған жердей жер болмас,туған елдей ел болмас» деген даналық сөз бар. Осы даналық сөздегідей,менің де туған жерімнен артық бұл дүниеде ештеңе жоқ деп санаймын.Ал менің туған жерім- Жамбыл облысы,Жамбыл ауданы,Аса ауылы. Ауыл қасиетті көне шаһар Тараз қаласына тиіп тұр.

Пай! Пай! Пай! Киелі неткен жер!

Батырлар дүрілдеп өткен жер,

Тұлпарлар дүбірлеп төккен тер,

Ғашықтар бір-бірін өпкен жер,

Сарылып сал-сері кеткен жер.

Бас иіп, иіскеп топырағын,

Тағзым жасамай өтпеңдер!-деп қазақтың ақиық ақыны жырлағандай,  Тараз өңірі қай жағынан алсақ та мақтануға тұрарлық жер. Оған дәлел:аты аңыз болған Жібек жолы да осы Тараз арқылы өткені тарихтан мағлұм. Сонымен қоса махаббатың дастанына айналған Айша Бибі мен Қарахан баба кесенесі ,Тектұрмас баба кесенесі қазіргі таңда біз тұрмақ, исі қазақтың мақтанышы, тәу етер тұрағына айналып отыр.

Сондай –ақ,  көпті көрген көнелеріміз: «Әр адамның мінезі де өзінің туып –өскен жерінің табиғатымен тығыз байланысты» деп жатады. Осы сөзге мен толық келісемін.Себебі, атақты Бауыржан Момышұлы мен қазақтың қарамаржаны Шерхан Мұртазаның қара қылды қақ бөлген туралығы өздері туып-өскен Мыңбұлақтың мың түрлі қылығы мен асау Тентек өзеніне ұқсайды емес пе!? Сарысу өңірінен шыққан Асанәлі Әшімов, өзіміздің жерлесіміз Тұңғышбай Жаманқұлов  ағаларымыздың  дария мінезі де өз табиғатымен сәйкестік тауып тұрғаны айдан анық.

Қазіргі таңда Елбасымыздың бастамасымен қаламыз рухани жаңғыру жолында . Осы тапсырма негізінде облыс әкімі  Асқар Мырзахметов  жасап жатқан игі істер барша халықтың көзайымына айналуда. Көне Тараз келбетін жаңаша жандандырып,қаланы тотыдайын түрлендірген азаматқа ел алғысы шексіз. Ия, «Азаматына қарап,елін таны» деген осыдан шыққан шығар.

Биыл мен өзім туып-өскен туған жеріме оралып,өзім түлеп ұшқан мектепке бастауыш сынып мұғалімі ретінде  жұмысқа орналастым. Әрине , мен қазіргі таңда зор қуаныш үстіндемін. «Жас келсе, іске»дегендей, жаныма жақын іске құлшына кірісудемін. Ұлы педагог Ы.Алтынсарин атамыз алғаш мұғалімдікке аш қасқырдай кіріскен екен. Мен де өзімнің жүрегіммен қалаған мамандық иесі ретінде шәкірттерімнің туған жерге деген сүйіспеншіліктерін арттырып, еліміздің өзіндік көзқарастары бар тұлға қалыптастыруға бар күш-жігерімді аямай еңбек етемін. Өйткені әрбір азамат алдымен өз туған жеріне еңбегін сіңдіру қажет.

 

 

 

Пікірлер