Туған жерге тағылым

97

"Туған жер" бәйгесіне шығармашылық жұмыстарды қабылдау жалғасуда. Кезекті келіп түскен материал "Үздік поэзия" номинациясы бойынша Спанәлі Серік Қуатбекұлынан.

 

Тамшысы бола білген тірлікке күш,

Көктен солай тағатсыз нұр күткенбіз.

Туған жерге тағылым жетіспей тұр,

Десек те, ішін ара бірліктеміз.

 

Атылған оқ жыландай шапшып ұрып,

Жігерін жастарымның жаншып, тіліп.

Нәр алып талай боздақ топырағыңнан,

Азаттық деп үзілген қанша үміт?!

 

Мен едім Махамбеті қазағымның,

Естіген зарлы мұңын, назалы үнін.

Қатар алып қалам мен қылыш сабын,

Ошағына от берген қазанының.

 

Мен едім Абылайы алашымның,

Шаңыраққа жинаған бар асылын.

Қанжарменен қан төгіп жатса дағы,

Іздеген қандас қазақ жанашырын.

 

Мен едім Рысқұлбеков Қайрат балаң,

Төріне бөтен тұлпар байлатпаған.

Шаштан сүйреп жатқанда қазақ қызын,

Жанын жалдап, ажалмен ойнақтаған.

 

Мен едім Байтасов Ғазиз балаң,

Тектілік қанға жаттық тамызбаған.

Тау тұлғалар жасаған жырға сыймас,

Қасиетіңнен айналдым, аңыз далам.

 

Бар тұсыңнан шықсын жайлы базарлы үн,

Басқа елдер түзу тіксін назарын.

Бабалардай батыр көргім келгенде,

Туған жердің топырағын қазармын.

 

Қасиетіңнен еш айрылма, түскенше

Апанына ақыреттік ажалдың...

 

 

Пікірлер