Ғасырлар үні

121

"Туған жер" бәйгесіне шығармашылық жұмыстарды қабылдау жалғасуда. Кезекті келіп түскен материал "Үздік поэзия" номинациясы бойынша Байменова Айгерімнен.

 

Ғасырлардың үніне құлақ түрсем,

Ізін көрем Керей хан жүріп өткен.

Қадір тұтам осынау қазақ жұртын,

Кезінде Жәнібек бабам құрып кеткен.

 

Шу бойы пана болған қазағыма,

Төзген ғой қиындықтың азабына.

Қасым хан, Хақназар хан, Тәуекелдер,

Үлес қосқан базары мен ажарына.

 

Шежіре бұл тарихсыз сөйлемеген,

Өркендеген әз Тәуке билігімен.

Сары дала төсінде асқақтаған –

Қазағымның мәңгілік рухыменен!

 

Қабанбай мен Бөгенбай арландарым,

Арыстандай қазақтың тарландары.

«Қазақ халқы біріксе екен»,-деген,

Жүрегінде жалындап армандары!

 

Қазақ бабам қасіретпен жоқтаған,

Ер бостандық алмай тыным таппаған.

Хан Абылай қазағының қамы үшін,

Бекерден бос, жайбарақат жатпаған.

Аты әйгілі Аңырақайдың шайқасы,

Қазағымның биік рухты жартасы.

Мәңгілік ел болғанымыз бүгінгі,

Алпауыттай сол ерлердің арқасы!

 

Сол ерлердің арқасында қазақ халқы бір болды,

Жаңа заман талабына еңсеріле бой ұрды!

Қанша азап, қиын күндер қалды артта...

Сүйінші, Алаш! Бүгін міне рух жаңғырар күн туды!

 

Шын бақытқа бастай алар ұлтымды,

Жаңғыртатын ата салтым ғұрпымды.

Уа, қазағым, жарқын біздің болашақ –

Байтақ далам өркендеді, құлпырды!

 

Тәуелсіз елім - айбарымсың, айдыным,

Елтаңба, Туым, Әнұраным – байлығым.

Бейбіт өмір егемен менің елімде,

Тәңірі қолдап, болмасын ізі қайғының!

 

Жаны жайсаң жұртымменен мақтанам,

Жүрегім бар: «өлең жаз» деп құптаған.

Қазағым мен қайран жұртым көркейіп,

Алға басып бара жатыр нық қадам!

 

 

 

 

 

 

Пікірлер