Әр балаға шамамен 11 мың теңгеден берілетін болды

1773

 Бүгін Нұр-Сұлтан қаласында өткен үкімет отырысында еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов "әр балаға шамамен 10-11 мың теңгеден есептеледі" деді.

Министрдің айтуынша, 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап балалары 18 жасқа толмаған көп балалы отбасыларға табысын есептемей, 42 мыңнан 72 мың теңгеге дейін жәрдемақы беріледі. Әр балаға шамамен 10-11 мың теңгеден есептеледі. Жәрдемақының нақты көлемі өңірлерге қарай өзгереді.

Егер көп балалы отбасылар табысы аз отбасылар қатарына енсе, оларға жәрдемақыдан өзге атаулы әлеуметтік көмек те (АӘК) беріледі. Алайда мұндай отбасылардағы жұмысқа жарамды адамдардың барлығы еңбекпен қамту орталықтары ұсынған жұмыста қызмет етуі тиіс. Халыққа жеңілдетілген кредит беріледі. Әлеуметтік келісімшартты орындамаған отбасыларға АӘК берілмейді.

Ал вице-премьер Бердібек Сапарбаевтың айтуынша, көп балалы отбасыларға берілетін жәрдемақылар мен табысы аз отбасыларға берілетін атаулы әлеуметтік көмекті заңға енгізу «мұқтаждық пен масылдықты ажырату үшін» үшін жасалған.

 

Пікірлер