Жазушыға үй жоқ

717

Жұрттың бәрі қалаға қашып жатқанда мен де қаңғалақтап қалаға келіп ем. Жеке үйің болмағасын бірде анау үйге, бірде мынау үйге түнеп шығып жүресің. Жазушы болғасын уайымсыз жып- жылы жерде отырып жаныңды жалау ғып жазғың келеді бір. Жұрт жылы жерін бере ме саған. Төр өзінікі, есік сенікі…

Содан қаланың әкіміне «Үкімет халыққа үй береді» деген сөз рас па – деп хат жазып жібердім. Жауап болмады. Ал әкімге, оның орынбасарына кіру деген қияметқайым екен. Үлкен есіктердің аузында бір- бір полицей маңына жолатпай «абалап» күзетіп тұр. Тінтініп жүріп бір күзетсіз есікке кіріп кеттім.Ішінде жап- жас бір жігіт отыр екен. Маған ықылассыз қарап қойды. Сосын қабағын сәл шытып:
— Иә, ата, жолыңыз болсын- дегені.
— Әлей болсын, көкем. Сен не қызмет істейсің?
— Әкімнің бір орынбасарының орынбасарымын.
— Айналайын, орынбасардың орынбасары! Сіздерден үй сұрап хат жазып ем.
— Кез келген адамға үй берілмейді. Отанға қандай пайда келтірдіңіз?
Қандай ерлік жасадыңыз? Не қызмет істедіңіз?
— Жазушы ем…
— Жазушыға үй жоқ!
— Сонда үйді кімге бересіңдер?
— Кешегі екінші дүниежүзілік соғысқа қатысып, 4-5 немісті өлтірсеңіз үй береміз. Немесе ауған соғысына қатысып, 20-30 ауғанды өлтірсеңіз үй дайын.
— Адам өлтірмеген адамға үй жоқ па?
— Біреудің мұрнын бұзсаңыз да үй беріледі. Яғни, боксер болсаңыз.
— Өздерің бұзақы емессіңдер ме? Сексендегі шал кімнің мұрнын бұза алады?
— Онда менің шаруам жоқ. Мен үйдің кімге берілетінін айтып тұрмын.
Жүгіргіш желаяқ болсаңыз, футболист болсаңыз, шаңғымен таудан қарғысаңыз үй әне тұр.
— Маған аспанда өл дегенің бе? Жерде өлейін те, шырағым.
— Онда менің шаруам жоқ. 150 келі темір көтерсеңіз міне үйдің кілті.150 келі темір көтерген орыс Иванға , қытай Мау Бауға, кәріс Су Миге, дүнген қыздары Шиншалла мен Миншаллоға, вьетнам Тхи Бхиге үй беріп дорбасын долларға толтырып жібердік қой. Олимпиадада олар қазақтың даңқын аспанға көтергенін білмейсіз бе?
— Олар үйлерімізді сатып, долларымызды арқалап еліне кетіп қалған жоқ па?
— Ақшасы таусылған күні тағы келіп, Қазақстанды бүкіл әлемнің алдына шығарады әлі.
— Оларды неге Қазақстанда ұстап қалмаймыз?
— Қалай?
— Оларды билікке араластыру керек. Мысалы, боксерді соғыс министрі, темір көтеретіндерді теміржол министрі, футболисті денсаулық сақтау министрі, шаңғышыны премьер- министр етсек олар осында қалады. Шіркін, спортсмендер ақылды болады ғой. Бар билікті спортсмендерге берсек, Қазақстан алдыңғы қатарлы он елдің қатарына қосылар еді.Менің айтқанымды кім қылады? Қылса тасып төгілер едік –ау!…
Орынбасардың орынбасары менің спортсмендерді мақтаған сөзімді терістей алған жоқ. Мемлекеттің спортсмендерге оң көзімен, өнер адамдарына самарқау қарайтынын көкірегіне тоқып алған түяна бала ғой. Сөйтпесе орынбасарға орынбасар бола ма? Сосын ол «мылжың шалға тап болдым ба?» дегендей маған тіктеп қарап алып:
— Ата, енді мен сізге соңғы сөзімді айтайын- деді.
— Айта ғой, жаным.
— Даңғыр- дүңгір әншіге, қаңғыр- күнгір күйшіге, бір орнында тұра алмайтын көбелек бишіге, мылжың жазушыға берілетін үй жоқ. Түсінікті ме, сізге?!
— Түсінікті. Өте түсінікті…

Төрежан Мәндібай 

Пікірлер