Қазақстанда «алтын виза» енгізіледі

912
Adyrna.kz Telegram
фото: Tūrisma firma Vlissa
фото: Tūrisma firma Vlissa

30 сәуір күні Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі елде инвестициялық виза енгізілетінін мәлімдеді, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

Шетелдіктер 300 мың АҚШ доллары көлемінде инвестиция салып, Қазақстанда тұруға мүмкіндік беретін құжатқа ие бола алады.

Сыртқы істер министрлігінің мәліметінше, бұл виза елдің инвестициялық тартымдылығын арттырып, ұзақ мерзімді іскерлік серіктестікті қолдауға бағытталған.

«Жаңа талаптарға сәйкес, қазақстандық компаниялардың жарғылық капиталына немесе отандық бағалы қағаздарға кемінде 300 000 АҚШ доллары көлемінде инвестиция салған шетел азаматтары инвесторлық визаны ресімдеуге электронды өтінім бере алады. Бұл “алтын виза” кейіннен 10 жылға дейін тұруға рұқсат алуға мүмкіндік береді», – делінген хабарламада.

Министрлік мұндай визалық бағдарламалар халықаралық тәжірибеде (оның ішінде Еуропа елдерінде, АҚШ, БАӘ және Сингапурда) кең таралғанын және капитал, технология мен іскерлік белсенділікті тартудың тиімді құралы екенін еске салды.

Қазақстан осы тәсілді қабылдап, инвестициялық резиденттікке арналған өзіндік үлгісін ұсынбақ.

«Алтын визалар» беру шетелдік инвесторлар үшін қолайлы әрі болжамды орта қалыптастырып, құқықтық кепілдіктер береді және Қазақстанның инвестициялық климатына деген сенімді нығайтады. Жаңа бастама елдің ашықтыққа, капиталды қорғауға және тұрақты халықаралық экономикалық байланыстарды дамытуға бағытталған стратегиялық бағдарын көрсетеді», – деді ҚР Сыртқы істер министрлігі.

Құжат ресми жарияланғаннан кейін 10 күн өткен соң күшіне енеді.

Пікірлер