Өмір Шыныбекұлы: Заң жобасының 5-бабы мұғалімдер үшін өте қауіпті

894
Министрлік педагог, қоғам белсендісі Өмір Шыныбекұлының «Педагог мәртебесі туралы» заң жобасына қатысты  жасаған 14 ұсынысының бірде-біреуін ескермеген
Педагог, қоғам белсендісі Өмір Шыныбекұлы ҚР Білім және ғылым министрлігі ұсынып жатқан «Педагог мәртебесі туралы» заң жобасының 5 бабына қарсылық білдіріп отыр.

Заң жобасының «Педагогикалық әдеп және педагог анты» деп аталатын 5 бабының 2 тармағында «педагогикалық әдеп қағидаларын білім беру саласындағы уәкілетті орган бекітеді» деп жазылған. Қоғам белсендісі, ардагер ұстаз Өмір Шыныбекұлы бұны ұстаздардың аузына қақпақ болу деп есептейді. Өйткені, сол баптың 4 тармағында «Ант мәтінін және педагогтердің оны қабылдау тәртібін білім беру саласындағы уәкілетті орган бекітеді» делінген.

«Мұғалімге "мәртебе" мен "абыройды" ешқандай заңмен бекітіп бере алмайсыз.. Ол азаматтың өзінің білім-білігі мен жеке азаматтық ұстанымына қатысты дүниелер..

Қабылданғалы жатқан "Мұғалім мәртебесі туралы" заң жобасында мұғалімді қорғайтын бап жоқ.

Жобаның ең маңызды тұсы осы заңның 5-бабы... Осы баптың 2-тармағына назар аударыңыздар..

"Педагогикалық әдеп қағидаларын білім беру саласындағы уәкілетті орган бекітеді" деп тұр.

Әлгі уәкілетті орган "Мұғалім қабылданған заң мен білім беру мекемесінің жарғысын мүлтіксіз сақтауы тиіс" деп, мектеп жарғысына "Мектеп қабырғасында болып жатқан жағдайларды жариялауға тек педкеңес қана құзіретті" деген секілді бап енгізіп жіберсе, осы көрген күнімізге зар боламыз..

Ал өзге баптары сылдыр сөз.. Мәселен "Педагогті міндетіне жатпайтын жұмыстарға тартуға жол берілмейді" дейді. Жол берген басшыға қандай шара қолданылады? 6 айдан соң өздігінен күшін жоятын сөгіс пе? Ол жағы нақтыланбаған..

Бұл заң жобасының қабылдануына жол беруге болмайды..», - дейді Өмір Шыныбекұлы.

Қоғам белсендісін министрлікке бұдан кейін де бірнеше рет шақырған. Алайда, Өмір Шыныбекұлы ұсыныстарының бірде-біреуі еленбей, заң жобасы жасалғанда ескерілмегендіктен, бұдан былай Нұр-Сұлтанға барудан бас тартыпты.

«Тамыз кеңесіне, сосын 3 қыркүйекте тағы шақырған. Бармай қойдым. Сөздің ашығы керек, олар отырысқа мен сияқты 2-3 еріктіні жинап алып, қалғанын өз адамдарынан қойып, дауысқа салып бірнәрсені өткізіп жібермекші. Өткенде 15 адамды жинады. Соның ішінде үш адам ғана кәдімгі практик мұғалімдер.  Қалғандары сол білім маңайында конфет теріп жүргендер. Шақырып алады да, дауысқа бірдеңені салады да, «болды міне» деп өткізіп жібереді. Әйтпесе, бірнәрсе өзгертемін деп отырған ешкім жоқ секілді», - дейді ол.

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер