«Титаник» кемесі суға кетпестен бірнеше күн бұрын жазылған хат Ұлыбрианиядағы аукционда 300 000 фунт стерлингке (400 000 АҚШ доллары) сатылды, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.
Арчибальд Грейси хатында кемені «керемет» деп сипаттап, бірақ саяхатты аяқтаған соң ғана өз пікірімен толық бөлісетінін айтқан. Хат 1912 жылдың 11 сәуірінде кеме Ирландиядағы Куинстаун портына тоқтаған кезінде жөнелтілген, 12 сәуірде Лондонның пошталық мөрі басылған. Ал cәуірдің 14-інен 15-не қараған түні Титаник айсбергпен соқтығысып, Солтүстік Атлантикада суға кеткен болатын. Грейси төңкеріліп қалған қайыққа мініп, аман қалған.
Хатты аукционға Арчибальд Грейсидің немере інісі шығарған. Оның бастапқы бағасы 60 000 фунт стерлинг болды, бірақ соңында ол бес есе жоғары бағаға сатылды. Хатты сатып алған адамның аты-жөні жарияланбады.