“Сегiзаяқтың” әнi кiмдiкi?

2844
Adyrna.kz Telegram
“Қазығұртфильм” киностудиясы 5 бөлiмдi “Абай” деректi-драмалық фильмiн түсiрдi. 2 сағатқа жуық деректi туындыда “Қазақтың бас ақынының” өмiрге келген шағынан ғұмырының соңына дейiнгi аралық қамтылған.
Осы деректi фильмнiң сценарийiн жазған әншi, өнертанушы Ерлан Төлеутай Абайдың “Сегiзаяқ” деп аталатын әнiнiң тұпнұсқасы табылғанын айтты. ҚР Жазушылар одағында өткен деректi фильмнiң тұсаукесерiнде әншi Алтынай Жорабаева “Сегiзаяқтың” жаңа түрiн орындады.
Абайдың “Сегiзаяқ” әнiнiң зерттеушiлер, композиторлардың әр жылдары жазып, елге таратқан 8 нұсқасы бар.   Әзiрбайжан, араб, беларусь, орыс, татар, өзбек, қырғыз, түрiк­мен, украин,    ұйғыр т.б. тiлге аударылған туынды Абайдың шоқтығы биiк өлеңi ғана емес, әндерiнiң де бiрегейi.
Абайдың әнiн қалай тапқанын Ерлан Төлеу­тайдың өзiнен сұрадық.
– “Сегiзаяқ” әнiнiң негiзгi нұсқасы туралы алғаш 1990 жылдары естiгенмiн. Қарағанды облысында Елғұтты деген қария тұрды. Бiрде ақсақалмен дастарқандас болдым. Өзi сөзге ұста, көреген, көкiрегi қазыналы жан едi. Осы жиынға жинал­ған көпшiлiк ортада ол домбырасын қағып-қағып жiберiп, әуелете ән шырқады. Арасында әннiң шығу тарихы, авторы жайлы да әсерлi мағлұматтар айтты. Сонда қария: “Абай “Сегiзаяқ” деген өлеңiне ән шығарса, Шәкәрiм “Он екi аяқ” деген шығармасына ән жазған. Шәкәрiмнiң әнi бiзге Абайдiкi болып жеттi. Қазiргi тыңдап жүрген “Сегiзаяқ” әнiнiң (мәтiнi Абайдiкi – ред.) әуенi Шәкәрiмдiкi”, – деген деректiң шетiн шығарды. Жастықтың әсерi, әрi алғаш көрген жаннан қазбалай сұрауға батпадым.
2007 жылы Алматыда Хабиба Елебекова апамызбен дидарласып, осы деректiң жай-жапсарын сұрадым. Апамыз да Абайдың әнiнiң сазы бөлек екенiн құптап, дұрыс нұсқасы осы деп айтып бердi.
– Хабиба Елебекова кiмнен естiген?

– Бала күнiнде Хабиба әжемiз Дәлилә атты апайы екеуi Жүсiпбек Елебековтiң аузынан Берiкбол Көпенұлының “Ағашаяқ” деген әнiн алғаш тыңдап, құймақұлақтығы сонша, бiрден жаттап алады. Жүсiпбек «Сегiз аяқты» Шәкәрiмдiкi деп емес, Абайдiкi деп орындаған. Өйткенi сол заманда асыра сiлтеудiң ушығып тұрған шағы, Шәкәрiмнiң әндерiн орындау былай тұрсын, атын атауға қорқатын заманда Жүсекең ән өлмесiн, халыққа жете берсiн деген болуы керек, Абайдiкi деп таныстыр­ған. Жүсiпбек Елебеков Шәкәрiмнiң ұлы Ахатпен де   тығыз қарым-қатынаста болған.

– Абайдың “Сегiзаяқ” әнiнiң әуенi басқа деп бұған дейiн неге ешкiм мәселе көтермеген?
– Хабиба апамыз бұл әндi тек маған ғана айтқан жоқ қой. Маған дейiн де бiрнеше адамдар құлағдар болған, естiген, тiптi Мәмлүктер туралы фильмде осы әннiң сарыны байқалады. Бертiнге дейiн нелiктен жарыққа шықпағанының себебiн айта алмаймын.
Абайдың бұл әнi – ұлы ақынның қайғы-қасiретiнiң, шемен-шерiнiң музыка тiлiндегi көрiнiсi. Ән ойлы, шерге толы болғандықтан, iштегi тұнған ойды нәзiк жеткiзудi қажет етедi. Сондықтан ер адамның шырқауына келе бермейдi. Дауысқа өте кiнәмшiл ән.
– Деректi фильмде сол себептi Алтынай Жора­бае­ва орындады ма?

– Иә, туындыны түсiрерде сценарийдi жазу маған жүктелдi, сонда осы әндi көпшiлiкке көрсетейiк деген оймен өзiм орындамақшы да болдым. Менiң даусым баритон (жуан) болғандықтан келмедi. Сосын фильмнiң продюсерi Сәбит Әбдiхалықовқа айтып, әндi Алтынай Жорабаеваға ұсындым. Алтынайға мен Хабиба Елебековадан естiген нұсқам бойынша үйреттiм. Бiрақ алғашқыда Алтынай әндi ауыр қабылдады. Мен Алтынайға әннiң тарихын Хабиба апайдың өз аузынан тыңдай отырып үйренуге кеңес бердiм. Нәтижесiнде Алтынай шығарманы жүрегiмен сезiнiп, терең ұғына бiлдi және өте тамаша орындады.

– Абайдың әндерi жайлы зерттеушiлердiң еңбектерiнде “Сегiзаяқ” әнiнiң мәтiнi бiрнеше рет өзгерiске ұшырап, бүгiнге жеткен 8 тармақты 25 шумақтан тұратын ән екенi жазылған.   Жүсiпбек Елебеков Шәкәрiмнiң әнiн Абайдiкi деп жеткiздi дедiңiз. Бұл әнде мәтiннiң сөздерi ешқандай қысқартуға, өзгертуге ұшырамаған ба?

– Бұл өте ұзақ өлең болғандықтан, Жүсекең орындағанда әнге келмейтiн ауыр, салмақты шумақ, тармақтарын алып тастаған, яғни Ж.Елебеков бұл әндi өзiнiң шығармашылық лабораториясынан өткiзiп барып орындағаны көрiнiп тұр.

– “Абай” деректi фильмiнiң сценарийiн жазу кезiнде өзге де тың деректерге кезiгiп, болмаса бұрмаланған басқа да әндерi табылмады ма?

– Абайдың әндерiнiң бәрi жарыққа шыққан, кiтаптарға нотасымен де басылған. Хакiмнiң 16 әнiнiң қазiргi уақытта 11-i ғана орындалып, көпшiлiкке кеңiнен таралды. Абай – қазақ поэзиясына еуропалық үлгiнi алып келiп, қазақтың қара өлеңiне үлкен реформа жасады. Тек поэзияда ғана емес, қазақ музыкасына соны соқпақ салды. Еуропалық үлгiде жазған өлеңдерiне еуропалық стильде ән жазды.

Мәселен, Абай Гетенiң “Қараңғы түнде тау қалғып” деген өлеңiн аударып, ән шығарды. Бұл әндi бертiнде Мағауия Көшкiнбаев есiмдi әншi орындаған. Сол кiсiнiң орындауындағы ән Германия­ның мұражайында тұр. Немiстер тыңдағанда, Абай тудырған әндi өте жоғары бағалаған.

Абайдың музыкасына қатысты тың деректер таптым, бiрақ оны қазiргi уақытта   жариялауға болмайды.

– Неге? Қиыс сөйлегеннiң тiлi түгiл басын шауып түсiретiн цензура заманы емес. Абайды зерттеуге, мұрасын тануға ешкiм кедергi келтiрмейтiн қоғамда кiмнен ығасыз?

– Өйткенi даудың оты лап ете түседi. Абайдың ХIХ ғасырда айтқандары әлi де өмiршең. Абай түңiлген, Абай жерiген жаманшылығымыз қазiр де бар. Мiне, қоғамның осындай жарасын Абайдың айтқандарымен тырнасаң қалай дау тумайды? Сондықтан мен құнды деректердiң кейбiрiн фильмге пайдаланған жоқпын.

ШӘКӘРIМДIКI ЕКЕНI ШЫНДЫҚ

Хабиба Елебекова

Өнертанушы Ерлан Төлеутайдың айтқандарына үстемек ниетпен биыл 95-тен ас­қан Хабиба Елебековаға бардық.

Бұйымтайымызды естiген соң, жайланып жайғасып алды да, тарихын баяндап бердi.                                                                                                         – “Сегiзаяқ” шынтуайтына келгенде – Шәкәрiмнiң әнi. Егер айтып бер десең, орындап беремiн. “Сарыарқа әндерi” деген кiтапта бәрi жазылған. Жүсiпбек Елебеков орындап жүрген әндi Шәкәрiмдiкi деп айтуға болмайтын ол заманда.Менiң әкем әнге өте құштар, өнердi шексiз қадiрлейтiн жан едi.

9 жасымда болса керек, әкем: “Шәкәрiм қажының “Ең қызық жастық” деген әнi шығыпты, соны үйренiп кел”, – деп өзiнiң iнiсi Зәрубайды жiбередi. Кiшi әкемiз осы әндi үйренiп келiп, бiзге үйреттi.

Ән былай басталады:

“Ең қызық жастық,
Көңiлде мастық,
Бай, кедейiң бiлiнбей.
Қыз десе күлiп,
Тұрағын бiлiп,
Көп шаруаңның бiрiндей.
Ерiкке қоймай жастығың,
Iшпей-жемей мастығың.
Сынаптай толқып,
Түлкiдей жортып,
Кетедi көңiл әр жаққа.
Алмастай ағып,
Қырандай қағып,
Борадың түгел алмаққа.
Толқынды көңiл тоқталмас,
Ел талабы бос қалмас.
Асығып-сасып,
Шырайың қашып,
Қыз үшiн түнде кезгенде,
Бар малды салып,
Шаруадан қалып,
Серiлердiң үйден безгенде…”, – деп келедi де:
…Қош бол деп жарға,
Айтарың бар ма.
Тiлектен тағат бершi деп,
Тiлегiн берiп,
Соңынан ерiп,
Ертең де тағы келшi деп.
Шығарып салып жар қайтты,
Шығар-шықпас жан қайтты, – деп аяқталады. Мiне, Шәкәрiмнiң әнi осы.   Жүсекеңдер Шәкәрiмдi жау деп қуғындаған шақта әнi өшпесiн деп, әуенiн Абайдың:
“Алыстан сермеп,
Жүректi тербеп,
Шымырлап бойға жайылған
Қиуадан шауып,
Қисынын тауып,
Тағыны жетiп қайырған.
Толғауы тоқсан қызыл тiл,

Сөйлеймiн десең, өзiң бiл…”, – дейтiн өлеңiне салып, бүгiнге жеткiздi.


kuanysh_230886@mail.ru

Қуаныш НҰРДАНБЕКҰЛЫ, «Жас Алаш».

Пікірлер