Астана–Ақтау бағыты бойынша ұшқан SCAT әуекомпаниясының рейсінде бортсерікке шабуыл жасаған жолаушы ұсталды. Бұл туралы Көліктегі полиция департаментінің баспасөз қызметі мәлімдеді, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.
«Бұл дерек Маңғыстау станциясындағы желілік полиция бөліміне тіркелді. Құқық бұзушы ұсталды. Тексеру жүргізіліп жатыр.Тексеру нәтижесі бойынша, жанжалға қатысушылардың бәріне құқықтық баға беріледі»,—делінген хабарламада.
Еске салайық, бұған дейін 20 сәуірде болған оқыс оқиғаның бейнежазбасы әлеуметтік желіде тараған еді. Куәгерлердің айтуынша, жолаушылар ұшақтан түсіп жатқан сәтте бір жолаушы ұялы телефонын салонда ұмытып кеткенін байқап, қайта кіруге тырысқан. Алайда бортсерік оның салонға бірден кіруіне рұқсат бермей, біраз күтуін өтінген.