Сырым батырдың өлiмi екi ғасырдан берi ашылған жоқ
Сырым батырдың өлiмi екi ғасырдан берi ашылған жоқ
05.10.2015
2294
ХIХ ғасырдағы ұлт-азаттық күресiнiң батырлары мен ХХ ғасыр қайраткерлерiнiң жұмбақ жағдайда өлтiрiле беруi қазақтың маңдайына жазылып қойғандай. Нағыз ұлтжандылар жалғыздықтан, жауыздықтан, опасыздықтан өлiп жатыр. Кеше де, бүгiн де, алда да солай бола беретiн түрi бар… Бұл – ұлттың ғасырлардан асқан қасiретi. Өкiнiштiсi, елiн өрге сүйрер қайраткер тұлғаларына пана бола алмаған сорлы жұртының мiнез-құлқы уақыт пен қоғам алмасса да өзгерер емес.
Қайраткерлерiмiздiң жұмбақ өлiмдерi ашылмаса, елдiң рухы ешқашан көтерiлмейдi. Олай болса, Кенесарының денесi мен басы қосылмаса, қазақтың ұлттық рухы биiктемейдi деген сөздiң салмағы ауыр. Мұның қатарында 1802 жылы ажал құшқан Сырым батырдың жұмбақ өлiмi де қозғаусыз тұр. Отаршылдық орағы қиып өткен, кең-байтақ даладан пана таба алмай жат жерде опасыздықпен өлтiрiлген Сырымның өлiмi жөнiнде жас ғалым, Сақтаған Бәйiшев атындағы Ақтөбе университетiнiң доцентi, тарих ғылымдарының кандидаты Сәкен Өталиевтiң өз дерегi бар:
– Сырым батырдың есiмi әр қазаққа жақын. Ұлтын жан-жүрегiмен сүйген, елiнiң азаттығы үшiн басын тәуекелге тiккен оның есiмi ұрпақтардың жадында қалды. Жердi отарлаудың нағыз қызған шағында 14 жыл бойы қазақ мүддесi үшiн (1783-1797 жж.) тұрақты орыс армиясымен, Орал бойы казактарымен, империяның қолжаулығы – қазақ сұлтандармен өле-өлгенше күресiп өткен жанкештi тұлға. Оның Екатерина II тұсындағы бiрiншi санатты тұрақты орыс армиясына қарсы жанкештiлiк соғысы тарихта жан-жақты баяндалғандықтан, қайталай беру ыңғайсыз.
Сырым батыр 1802 жылы жұмбақ жағдайда өлтiрiлдi. Қазiргi тарихшылар алдындағы маңызды мәселе: екi ғасырдан астам уақыттан берi құпияның ашылмай жатқаны. Сырымды кiм, қашан және қайда өлтiрдi?
1797 жылы Айшуақ сұлтан Кiшi жүз ханы боп сайланған соң Сырым қазақ даласындағы саяси күресiнен бас тартты. Өз руымен байланысын үзiп, жаңа ханды қарсылықсыз мойындаған саны жағынан басым көпшiлiк Әлiм руы беделдiлерiнiң қолдауынан айырылып, үшiншi жағынан Қаратай бастаған сұлтандардың қудалауынан ығысқан батыр ерiксiзден Хиуа хандығы жағына кетуге мәжбүр болды.
– Сырым батырдың өлiмiне қатысты қолыңызда қандай нақты құжат бар?
– Батырдың өлiмiне байланысты жалғыз құжат – орыс офицерi Я.Гавердовскийдiң 1803 жылы Арал теңiзiнiң солтүстiк-шығысын жайлаған Әлiмұлы тармағы шектi руының ақсақалдарынан жазып алғаны Ресей мұрағатында бар. Гавердовский орыс сауда-саяси миссиясын бастап Бұхараға – әмiр Хайдардың сарайына бара жатқанда Арал бойы қазақтарының қолына түсiп қалған. Бiраз уақыт кепiлдiкте жүрген Гавердовский сол жерден географиялық және этнографиялық тың материалдар жинайды. Сыйлы бiр адамның қайтыс болғанына жыл толуына байланысты аста көргенiн былай деп жазған: «Для объяснения, сколько далеко могут простираться сии убытки, предложим в пример тризну, данную в память Сырым батыру, скончавшему жизнь свою за несколько месяцев до вступления нашего в степь». Я.П.Гавердовскийдiң «Обозрение киргиз-кайсацкой степи» деп аталатын есебi Ресей тарихы институты Ленинград бөлiмiнiң мұрағатында сақтаулы. Мұрағаттағы нөмiрi №34329, 95-бет. Гавердовскийдiң керуенi осы жаққа 1803 жылдың ақпанында келiп кiрген. Олай болса, Сырым батыр 1802 жылы о дүниелiк болды.
– Басты мәселе: батыр қай жерде қаза тауып, қай жерде жерленуi мүмкiн?
– Бiрнеше жылдан берi батырдың сүйегi қайда жатқаны жөнiнде тартыс болып келедi. Ол кiсiнiң сөзсiз Бесқала аумағында ажал құшқаны анық (Қазақтар ежелден Арал теңiзiнiң оңтүстiк аумағын Бесқала аймағы дейдi). Сырым туралы ауызша деректердi Қарақалпақ пен Хорезм жерiндегi қазақтар ғасырдан-ғасырға аманаттап жеткiздi. Солардың бiрi – Қалмахан Ысқақов (1908-91). 1990 жылдары қарт Нүкiсте тұрғанында, үйiне барып жолыққанбыз. 80 жастағы шежiрешi ақсақалмен бiрнеше сағат отырып сөйлескенiмiзде, Сырым батыр сүйегi Нүкiске жақын Бестөбе аумағындағы Қожакөл деген жерде жатыр деп айтты. Әмударияның оң жақ жағалауы. Қазiр де осы төңiрек атаулары өзгерген емес. Қалмахан ақсақалға жастау кезiнде ұстазы Аяп Темiрбеков ертiп апарып, «мiне, Сырым бабамыздың сүйегi жатқан жер» деп көрсеткен. Аяп Темiрбеков – мұғалiм, 1903 жылы Ақтөбе облысы Қарабұтақ жерiнде дүниеге келген, 1937 жылы қудалау тұсында қарақалпақ жерiне өтiп кеткен. Қалмахан Ысқақовтың сөзi мынау: «…30 мың орыс-казагы мен басқа да Сырымның жаулары қосылып Жайыққа жақын аумақты қоршап тастады. Жайыққа жолатпады. Батыр шамалы сарбазын ертiп туған жерден амалсыз кетуге мәжбүр болды. Бағыт – Хиуа хандығы. Хиуа мен Бұхар хандықтары –мұсылмандар, көмектессе, күш жинап туған жерге қайта оралармыз деп жоспарлаған ол оңтүстiктi бетке алды. Жанында ең сенiмдi 20 жiгiтi. Бұлардың барлығы да алаша, байбақты, таз, есентемiр, шеркеш, ысық руынан. Руларын айтып отырған себебiмiз – кейiн бұлар жағдайға байланысты қарақалпақта қалып қойған. Аттанар алдында шалдар ескерткен: «Сартқа (өзбекке) сенбе, орысқа сенбе! Хиуа ханының ұсынған асын iшпе, асты өз жiгiттерiң әзiрлесiн». Жiбек жолының бiр тармағы Үстiрттiң ескi сүрлеу жолдарымен жүрiп, Қасқажолдан төмен құлдилай батыр Хиуаға жеттi. Көмек сұраған Сырымға Хиуа ханы уақыт соза бердi. Кесiмдi жауабын айтпады. Ақыры Сырым жазда шалдардың кеңесiмен сол маңдағы қазақ ауылдарына барып, барлау жүргiзедi, жағдайды сұрайды. Ол ештеңе бiтiре алмағасын, әрi Хиуа сарайының опасыздығынан сескенiп, туған жерiне бет алды. Серiктерiмен Хиуадан Гүрленге жеттi. Әрi қарай кiлт бағытын өзгертiп, Қыпшақ деген өткелден Әмударияның оң жағына шықты. Бұл күнде осы жерде паром және өткелдi көпiр бар. Ежелден осы жер дарияның арғы бетiне өтер ең ыңғайлы өткел болып саналады.
Қыпшақ жағадан өтiп, Қаратаудың беткейiмен Бесқалаға жақындайды. Мiне, осы тұста аяқ астынан батырдың басы айналып, көзi қарауытып, құса бастайды. Сырым өзiн Хиуа ханының адамдары улап жiбергенiн бiрден бiле қойған тәрiздi. Серiктерi шошиды: хиуалықтардың дастарқанынан қара су да iшкен жоқ, бұл не болғаны? «Аттың ерiн қараңдар», – дейдi әзер сөйлеген батыр. Сөйтсе, аттың ерi уланған екен. Удың күштiлiгi сондай, аяқ киiмiнен өтiп, денесiне бiлдiртпей жайылған. Жерге түсiрiп, аттың терiсiне жатқызғанда, ол соңғы күшiн жинап: «Мен уландым. Тағдырым осылай болды. Осы жерде жерлеңдер», – дейдi. Бұл – батырдың соңғы сөзi. Жiгiттер батырдың соңғы өтiнiшiн орындап, Қожакөл көлiнiң жағасына, Кезек батырдың жанына жерлептi. Бұл жер – Адай Қосай баба жатқан аумақтан 10 шақырым. Кезек – әлiм руының батыры, ХVII ғасырда Жәңгiр хан мен Жалаңтөс баһадүрдiң заманында Едiл қалмақтарымен соғыста шейiт кеткен батыр.
Басшысын жер қойнына тапсырған 20 жiгiт кеңеске отырды: «Қаперсiздiгiмiздiң кесiрiнен батырды өлтiрiп алдық. Ел-жұртқа не деп айтамыз? Елге қай бетiмiзбен барамыз? Не болса да, Сырым көкемiздiң қасында қаламыз», – деп шешкен. 20 жiгiт осылайша қарақалпақ жерiнде мәңгiге қалды. Қазiргi Қарақалпақстан аумағында тұратын таз, шеркеш, байбақты, есентемiр, алаша, ысық руларының адамдары осы Сырымның 20 жiгiтiнен таралған ұрпақ». Қалмахан Ысқақов осылай дедi. Ата-бабасынан бiр дерегi өзгермей жеткен сөз. Арғы аталардың аманаты! Осылайша Сырым батырдың сүйегi Нүкiстен 20 шақырымдай жердегi Қаратау мен Бестөбенiң арасында, Қожакөл көлiнiң жағасында жатыр деп сенiммен айтуға болады. Қалмахан ақсақал Аяп ұстазының жол бастауымен батыр бейiтi жатқан жерге барып, Сырым батыр жерленген орын – үйiлген тастар мен бас жағындағы шағын тақтайшаны өз көзiмен көрген. Есiмi жазылған тақтайша ескiрген жағдайда жергiлiктi қазақтар жаңартып отырады екен. Бұл үрдiс әкеден балаға жүктелiнiптi.
Қожакөл аумағындағы бейiт орындары қазылып, табылған сүйектер тексерiлуi керек. Бұл – мемлекеттiк тұрғыдан қолға алынуға тиiс жұмыс. Сүйекке талдама жүргiзiлiп, батырдың қазiргi ұрпақтарының ДНК-сымен салыстырылуы тиiс. Сырымның ұрпақтары негiзiнен Атырау облысының аумағында тұрады.
Қалмахан Ысқақовтың сөзiн 1910 жылы туған қарақалпақстандық ақсақал, марқұм Мұхаммедин Мархабаев та растап едi.
– Кейiнгi жылдары Сырым батырдың соңғы жорық жолдарына қатысты бiрнеше экспедициялар ұйымдастырылды. Жергiлiктi тарихшылар батырдың қазiргi Өзбекстан аумағында жатқанын растайды. Бiрақ дереккөздерi әртүрлi. Сiздiң пiкiрiңiз?
– 2007 жылдың 12-18 шiлдесiндегi «Ана тiлi» басылымының «Сырым батырдың мазары табылды» деген мақалада оралдық өлкетанушы Жайсаң Ақбай батырдың зираты Хорезм облысы Гүрген ауданы Майлышеңгел ауылында деп кесiп айтқан. Қорытындыны этно-археологиялық экспедиция негiзiнде анықтадық дейдi. Жергiлiктi өзбектердiң айтқандарына сүйенiп, ертеден осы жерге қазақтар үзiксiз зиярат етiп келiп жатқандығын хабарлаған. Кейiнiрек бұл орынға кесене орнатылыпты. Осы кесененiң құрылыс ерекшелiгiне, мұнарасына «зерттеу жүргiзiлiп» (мен Жайсаң Ақбайдың тiлшiге айтқандарын сөзбе-сөз берiп отырмын), өлкетанушылар Сырым батыр жерлендi деген «сенiмдi пiкiрге» тоқтапты. Осы мекенде қазiргi замандық үлгiдегi екi мұнаралы кiрпiш кесененiң тұрғаны рас. Мұны ешкiм жоққа шығармайды. Алайда қапияда қаза тапқан батырдың мәңгiлiк мекенi деп кесiп-пiшiп айтуға бола ма? Оралдық өлкетанушылар қай негiзге сүйендi? Бұл – батырдың аруағына жасалған қиянат. Тарихшылар мен өлкетанушылар ауыздан шыққан сөзге абай болғандары жөн. Әртүрлi желбуаз пiкiрлер, түрлi жорамалдар жұртты адастырады. Ақыры бар нәрседен айырылып қаламыз.
Майлышеңгелдегi кесене орнын ертеден жергiлiктi қазақтар Қайып ата зираты деп қасиет тұтқан. Яғни, бұл жерде Қайып есiмдi жұртына қадiрлi кiсi жатыр. Жергiлiктi тұрғындардың айтқаны осы. Қазiргi замандық үлгiмен бой көтерген кесененiң Сырым батырдiкi дегенi де көңiлге қонымсыз. Басы қатып, елiнен пана таба алмай жат жерде опасыздықпен өлтiрiлген Сырымның артынан кiм iздеп кеп, кесене тұрғызды? Жерiнен айырылып, азып-тозған жұртының сол заманда шамасы болды ма?
Оралдық тарихшылар Бестөбе аумағындағы «Гiжiк» қойылымына да аялдаған. Бұл – Жалаңтөс әскерiнiң Кезек батырының зираты. Айта кету керек: Хорезм мен Қарақалпақстанның қазақтары ешқашан Кезек батырдың есiмiн түрiкменше не өзбекшелеп «Гiжiк» деп атамайды. Соған қарағанда, батысқазақстандық этно-археологиялық экспедицияға ақпарат берушi жергiлiктi тұрғындар өзбек-сарттар немесе түрiкмендер болғандай. Бұл жақта нағыз дерек көзi негiзiнен Бесқаланың қазақтары ғана. Өзбек пен түрiкмен не жарытып ақпарат бередi?
Кезек батыр төңiрегiндегi үш кесененi зерттеу барысында экспедиция «Сырым осы жерде жерленген жоқ» деген қорытындыға келген. Батырды кесенеде жатыр деп кiм айтты? Биiк мазарлардан емес, жаугершiлiкте өлген батырлардың зиратын iздеу керек. Қазақстанның батысында ұрыста өлген батырлардың бастарына тас үйiлiп қойылады. Бас жағына көбiне ру таңбалары тастан қашалып жазылады. Жаумен алыса жүрiп шейiт кеткендердi осылайша жерлейдi. Мұндай қорымдар шайқас орындарында өте көп.
Назар аударатын мәселе: бұл күндерi Бесқала төңiрегiнде қазақтар да азайып барады. Ақпарат көзi қариялар мүлде жоғалды десе де болады. Ал Сырымның тастан үйген зираты қараусыз қалды. Бұл күндерi «мынау жатқан – Сырым батыр» деп ертiп апаратын серiк табылмас. Тақтайша қоятын да жан жоқ. Ендi бiрер жылдан соң Сырым сүйегi жатқан жердi мүлде жоғалтып алатын шығармыз.