Қоғамдық-саяси бағыттағы «Время» газетінің бас редакторы, қазақстандық журналист 58 жасында Лев Тараков өмірден өтті, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.
Бұл туралы Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева facebook парақшасында жазды.
"Лев Юрьевич – көрнекті медиаменеджер, шығармашыл жан, талантты тұлға және тамаша публицист еді.
Көп жылдар бойы оны жеке танып, қызметтік мәселелерде бірлесе жұмыс істеп, жылы қарым-қатынаста болғаныма құрметпен қараймын. Бүгін Тәуелсіз Қазақстан журналистикасының көгінде тағы бір жарық жұлдыз сөнді. Марқұмның туған-туыстары мен жақындарына қайғырып көңіл айтамын. Қайғыларыңызға ортақпын" - деп жазды ол.
Лев Тараков – журналистика әулетінен шыққан тұлға. Киевтегі жоғары әскери-теңіз саяси училищесін тәмамдаған. Еңбек жолын Солтүстік флотта офицер болып бастаған. Әр жылдары ол Қазақстанның баспасөз және бұқаралық ақпарат құралдары министрлігінде, Президент жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтында басшылық қызметтер атқарған, сондай-ақ «Известия-Казахстан» газетінің бас редакторы болған.