Ұлттық музыка эстраданы ысырып барады

2628
Adyrna.kz Telegram

ЮЛИАНА, фолк-орындаушы, әнші, «Қомусшы – әлем шебері» атағының иегері:

Қазіргі уақытта елімізде түркі халықтарының қазіргі заманғы этникалық музыкасын насихаттап, әлемге танытуды мақсат еткен The Spirit Of Tengri фестивалі өткізіліп жатыр. Жоба аясында аталған фестивальға  қатысуға ниет білдірген жеке орындаушылар мен өнер ұжымдарының бейнебаяндары СТВ телеарнасы арқылы ұсынылуда. Сондай-ақ www.alashainasy.kz, www. tengrinews.kz, www. tengrifm.kz сайттарында байқаудың барысы баяндалып келеді.
Жақында осы өнер фестивалін ұйымдастырушылардың шақыруымен байқауға қатысушы, қазақпен тамырлас Саха Республикасының (Якутия) өкілі, әйгілі фолк-орындаушы, әнші, шебер шаңқобызшы Юлиана Кривошапки­на Алматыға арнайы келген болатын. «Алаш айнасы» бұған дейін бұл орындаушы туралы: «Саханың қомус аспабында асқан шеберлікпен ойнайтын Юлиана Spirit of Tengri фестивалінде олонхоны туғызған өңірдің тамаша үнін, атмосферасы мен рухын жеткізе­мін деп отыр. Юлиананың әндерінде көк бөрінің ұлуы, қыран қанатының қағысы, бұлбұлдың сайрауы, сәйгүліктің шабысы, балықтың шоршуы, дауылдың екпіні, қарлы шыңның самалы бар», – деп жазған болатын. Бұлай деп тамсануымыз­дың да себебі жоқ емес. Бұған ғаламторға кіріп, Юлиананың «Ояну» атты жаңа бейнеклипін көріп, тыңдаған адам, сөзсіз, көз жеткізеді. Бір ғана шаңқобыздың үнін мың сан түрлендіріп, табиғат үнін әсерлі әуезге үйлестіре білетін талантты орындаушы Алматыға арнайы келген сапарында «Алаш айнасы» газеті редакциясына да бас сұғып, өнер, мәдениет төңірегіндегі ойларымен бөліскен еді:

Қомустың үні – дертке дауа

– Қазақтың шаңқобыз аспабын Якутия сахалары қомус деп атайды. Алақанға сыйып кететін бұл шағын ғана аспаппен адамның кеудесіне сыймайтын, ойына келмейтін таңғажайып әуендер мен таби­ғаттың тылсым үндерін ойнауға болады. Қомус – якут халқының ең басты музыка­лық аспабы. Біздің бабаларымыз дертке шалдыққан адамдарды осы аспаптың қасиетті үнімен емдеген. Ел жиналған орта­да да қомусшы бақсылар ортаға шы­ғып, өнер көрсетіп, айналаны қара ниет­ті күштерден тазартатын болған. Якуттар табиғатқа жақын, қомустың көмегімен олар табиғаттың бар әсемдігін көркем бейнелей алады.

Бұл қарапайым фоль­клорлық аспап қана  болғанымен, ол өзге музыкалық құралдардан анағұрлым артық. Қомус аспап болса да, қазіргі заманғы ырғақтардың алуан түрін туғыза алады. Қомуспен кез келген жанрда ойнауға болады. Ол  – ата-бабаларымыз­дың әрі келешектің де аспабы.

Тағы бір атап өтетін нәрсе:  бізде, Якутияда, дүниежүзінде теңдесі жоқ Қомус мұража­йы жұмыс істейді. Осы мұражайды көру үшін әлемнің төрт бұрышынан адамдар арнайы келіп жатады. Қазір күндіз-түні шеберлігімді шыңдаумен айналысып, ізде­ніс үстінде жүрмін. Бұл ерекше мұра­жайда қомустың 2 мыңнан астам түрі сақтаулы. Жеке шығармашылығыма негізінен көне түркі­лік сарындар мен өзімнің туған халқым – якут фольклорының барлық дыбысын арқау етіп келемін. Таяуда ғана «Ояну» деп аталатын бейнек­липімді қалың тыңдар­манға ұсындым. Көрген адамдар жоғары бағасын беріп жатыр.

Кішкентай аспаптың үлкен мүмкіндіктері бар

– Менің қомус аспабына қызығушы­лығым сонау бала күннен басталған. Әжем бұл аспапта өте керемет ойнаған. Үйде де, түзде де осы бір киелі де қасиетті аспаптың дыбысы естіліп тұратын. Кейін анам әжеміз ойнаған қомусты маған сыйға тартты. Өз өмірімдегі алғашқы саналатын бұл қомус қазір үйімнің ең төрінде тұр. Ал сахнаға алып шығатын қомустарды шеберлерге арнайы тапсырыс беріп жасатамын. Мектепте оқып жүрген кезімде ұлттық әндер жазылған табақша­ларды тыңдаудан жалықпайтынмын. Сол кездегі ерекше әуендер, саха елінің тамаша табиғатының тылсым әуендері менің құлағыма әбден сіңіп, жүрегімді әлдеқашан бойлап кеткен. Уақыт өте келе өнер жолын таңдап, «Айархаан» тобының мүшесі ретінде ән салып, қомус тартып жүрдім. Осы топпен бірге жер-жерді аралап жүріп, көптеген жетістікке жеттік. Рухани жағынан да өсіп, қомусшы ретінде де кәсіби тұрғыда жетіле түсуіме осы топта өнер көрсетуім айтарлықтай әсер етті. Де­ген­­мен қомусшы атансам деген бала күннен бойды билеген асыл арманның жетегімен топтан бөлінуіме тура келді. Мұндағы басты ұмтылыс – жеке шығарма­шылы­ғым­ды дамыту. Себебі өзімнің ойға алған жоспарларым, жүзеге асырсам деген мақсаттарым бар еді. Болашақта якут жастарын ұлттық өнерге баулып, қомусқа үйрететін мектеп ашсам деген ниетім бар. Әзірше жеке бағытта шығармашылық жұмыстармен айналысу үстіндемін. Енді осы бір кішкентай ғана аспаптың үлкен мүмкіндіктерін әлемге әйгілесем деп, талант пен еңбекті ұштастырып жүрген жайым бар.

Этникалық музыка сәнге айналып келеді

– Өткен жылы Якутияда VII Қомусшы­лардың әлемдік конгресі өткен болатын. Онда Үндістан, Қытай, Жапония, Корея, АҚШ пен бірқатар Батыс елінің шеберлері қатысты. Сонда қатаң іріктеуден өткен әлемнің ең үздік тоғыз қомус шеберінің қатарына іліктім. Бұл мен үшін, менің халқым үшін зор қуаныш болды. Қазіргідей жаһандану дәуірінде әрбір халық өзінің бет-бейнесін сақ­тап қалу үшін та­мы­р­­лы тарихын та­разылап, өнері мен мәдениетін жаңа белес­тер­ге көтеруге ұмты­луда.

Даңғаза музы­каға бейім келетін бү­гінгі ұрпақ ескі әуен­дер­ді жаңаша ырғақтармен көмкеріп, барынша түрлендіріп ұсынсаң ғана тың­дайды. Шынында да, кейінгі кезде мазмұн­ды да мағыналы этникалық-фольклорлық музыка жеңілтек эстрадамен айтарлықтай бәсекеге түсе бастағанын айту керек. Бұл ретте якут жерінде де халықтық музыкамыз бен ұлттық ән өнерімізді тың бағытта дамытып жүрген бірқатар танымал топ пен жекеле­ген орындаушылардың бар екен­дігін және олардың өнерін көпке паш ететін бірқатар жобаның жүзеге асыры­лып жатқандығын атап өткеніміз жөн.

Ал қазақстандық Spirit of Tengri фес­тивалі – дер кезінде қолға алы­нып, жүзеге асырылып жат­қан ірі жоба. Себебі бүгінгі тың­дар­ман жанға рақат сый­лайтын, өткеніне үңіл­діре­тін әуенге бет бұра бастады. Осы жоба арқылы көптеген қа­зақстан­дық өнерпазбен табыстым. Бұ­ған дейін де көне мақамды жаң­ғыр­­тып жүрген атақты қазақстан­дық музыкант, этникалық-фольклорлық әуендерді орын­­даушы Еділ Құса­йыновтың өнеріне тәнті бол­ғаным бар. Ұлт­тық музыканы тү­ле­тіп жүрген осын­­дай шебер­лері бар түркі әлемі өнері­нің болашағы зор деп есептеймін. Қалай десек те, табиғатпен үндес, тамыры бар дүние ешқашан мәнін жоймайды дегендей, қазір әлемде  этникалық-фольклорлық му­зы­ка сәнге айналып келе жатқанын  бай­қау­ға болады. Саха елімен туыс қазақ хал­қы­на баянды бақыт тілеймін. Түбі бір түркі жұртының рухы мәңгі жасасын!


«Алаш айнасы» газеті.

Пікірлер