Қырғызстанның Тоқмақ қаласында 2001 жылы туған ер адам қызды алдап көлігіне отырғызып, елсіз жерге апарған. Онда ол қыздың қол-аяғын байлап, оны өз еркіне қарсы тұрмысқа шығуға мәжбүрлемек болған, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы 24.kg-ға сілтеп.
Бұдан кейін ер адам қызды өз үйіне алып барып, оны батареяға байлап қойған. Алайда күдікті ұйықтап кеткен сәтте қыз өзін босатып, дереу полицияға жүгінген.
Оқиға орнына келген тәртіп сақшыларына ер адам қарсылық көрсетіп, қашуға тырысқан. Ол тіпті көлігімен полиция қызметкерін қағуға әрекет жасаған. Алайда күдікті Бішкек қаласында қолға түсті.
Қазір оған Қырғызстан Қылмыстық кодексінің “Неке қиюға мәжбүрлеу” бабы бойынша іс қозғалды. Іске байланысты медициналық және психологиялық сараптамалар тағайындалып, тергеу амалдары жалғасуда.