Ержан ҚОСБАРМАҚОВ, Сүйінбай атындағы Алматы облыстық филармониясының бас директоры, ҚР еңбек сіңірген әртісі:
– Ержан аға, ердің жасы – 50-ге келіп жатқанға ұқсайсыз. Жарты ғасыр жалпы ел жаңаратындай уақыт қой. Осы аралықта өнер адамы болып қалыптасып, өнер ордаларын да басқарып көрдіңіз. Енді бүгін елге сыйлы азаматсыз, Сүйінбай атындағы Алматы облыстық филармониясының басшысы болып отырған жайыңыз бар. 50 жас сізге не ой артты?
– Біз «базардан қайтып келе жатқан» адамдардың көшіне ілестік қой. Пайғамбар жасымен есептесек, солай секілді. Қартайып тұрғанымыз шамалы шығар, бірақ, расында, 50 жаста ердің ойлауы да өзгеше бола ма деп қалдым. Өмірге деген көзқарасың да өзгереді. Бұрын атүсті қимылдап, шалалау болса да, істі тез-тез бітіруге құмартып тұрсақ, жылдан-жылға салмақтанып, байыппен ойлап шешеді екенсің. Жалпы, өнерде жүрген адамдардың келе-келе өмірі мен өнері біте қайнасып, тұтасып кететіндей. Соңғы үш жылдың көлеміндегі істеген ісіме қарап, осындай тоқтамға келдім. Бұрын кей істі ертеңге қалдырғым келіп, биыл болмаса, тіпті келесі жылға қалар деп жайбарақаттыққа салсам, бүгінде басталғанды тиянақты аяқтамай, келесі істі қолға алғым келмейді. Тіпті кейде өзімнің қарамағымдағы қызметкерлерім «сіз бұл бағдарламаны жүзеге асыруға тым аз уақыт беріп жатырсыз» деп шағымданады. Мен үшін ол асығыс емес, қайта темірді қызған кезінде соққандай болып көрінеді. Бұрын өзіме үнемі біреу үшін жұмыс істейтіндей көрінетінмін, енді бүгін не істесем де, өз өмірім, өнерім үшін екенін толық сезінемін. Қазір тіпті демалыста жүрсем де, жаңа идея келе ме, соны қолға алып, жүзеге асырғанша жаным жай таппайды. Ақыл тоқтаттым десем, тура бір жас күнімде ақылым болмағандай естіле ме, дегенмен, шынында, солай сезінемін. Бұрын жас күнімізде барлығын біреу айтып тұратындай көрінсе, қазір өзіңнің қас-қабағыңа қарап отырған елді көріп, өзіңе қамшы салады екенсің. Тағы бір таңғаларлық дүние, өз репертуарымда да ақыл, нақыл, өсиетке құрылған термелер мен әндер көбейіпті. Бос уақытым бола қалғанда, кітап іздеймін бірден. Жасымнан кітап тастамайтын адам едім, әсіресе поэзияға ынтықпын. Соның ішінде Мұқағалиді қайталап оқудан жалықпаймын. Жазушы Мұхтар Мағауиннің шығармаларын құмарта оқимын. Онда өткен ғасырдың 50-60-жылдарындағы қазақтың өмірі керемет суреттеледі. Қазақы жұпынылық, кедейлік туралы көп оқыдым әлгі әңгімелерден. Бірақ сонда да қазақтың көңілі бай, жомарттығы есіп тұрады. Жасыңда қонаққа барғың келіп тұрса, қазір көбірек оңаша қалып, ойға шомдыратын кітап оқып, толғанғанды артық көретін болып алады екенсің.
– Аға, өзіңіз қазақ руханиятына қызмет етіп, қазақтың дәстүрлі өнерінің бір шетінде, бір жыртығы болса, жамайын, құлап бара жатса, демейін, бір кішкентай шоқ көрсем, үрлейін деп жүрген азаматсыз ғой. Соңғы кездері қазақтың қай ісіне сүйсініп, несіне қарныңыз ашып жүр?
– Кезінде Қонаев сынды ардақты тұлғамыз: «Қазақтың екі қасіреті бар: бірі – футбол, екіншісі – кино», – деген екен. Енді бүгін мен сол екі қасіретіміздің біртіндеп қуаныш сыйлауға көшкенін айта алар едім. Соңғы кездері қазақ киносының қарыштап басқан қадамы қуантты мені, шыны керек. «Жаужүрек мың балаға» қатарынан үш рет бардым. Үш ретте де елім деген отансүйгіштік қасиеттің жастардың бойында барына риза болып, әрі егіле жылап қайттым. Жас күнімізде ауылдан қалаға келгенде бірінші болып балмұздақ алып жеуге құмартушы едік қой. Үстімізге тамып кететінін білсек те, соны ала сала, бір талдың астына жүгіріп барып, жейдемізді сыпырып, ағашқа іліп, әлгіні бас алмай жеп алатын кездер болды. Міне, «Жаужүрек мың бала» мені жас күндегі сол бір құштарлықпен қайта қауыштырды. Қыбыр етпей, киноны тамашалаған жастарды көргенде адамға неше түрлі ой келеді екен. Әсіресе кино бастала салған кездегі кескілескен соғысты, шайқасты өте керемет түсірген. Егер осыны әрі қарай алып кете алсақ, қазақ киносының болашағы сүйсінтерлік секілді. Баяғыда қырғыздың Қатағаны мен қазақтың Сүйінбайы айтысқан кезде Орманхан «әттең, Қатаған сен жеңілдің, себебі бір нәрседен қателестің, ат төбеліндей қырғыз қай кезде жылқының түгіндей қазақтан көп болып еді» деген екен. Енді қазір біз азбыз, шыны керек, жартымыз орыстанғанбыз. Тіпті сол орыстанған қазақтарымыздың өзі әлгі киноны көріп, көздеріне жас алғандарын да көрдім.
– Сіз Ғарифолла Құрманғалиевтей дүлдүл әншінің, қазақтың дәстүрлі мәдениетінің ірі бір тұлғасының шәкіртісіз. Кезінде сіздер осы дәстүрлі өнерге қалай құштар болдыңыздар? Сол құштарлық бүгінгі жастарда бар ма? Әлде дәстүрлі әнге келушілер қатары сиреп бара ма? Келгендердің өзінің қарым-қабілеті, алғырлығы қандай? Жалпы, бүгінгі өнер адамдарының бойынан не көресіз?
– Бала кезімде менің ата-анам, мектеп директоры, айналамдағылар түгел «Ержан Қосбармақов жақсы бір экономист не математик болады» деп ойлады, мені сол биікте елестетіп те қойды тіпті. Бірақ менің есіл-дертім өнер еді. Теледидардан Ғарифолла Құрманғалиевті көрген сайын, «шіркін, осындай әнші болсам ғой» дейтінмін. Балалық қой, әжеме «сен мына шалға шықсаң, ол кісі маған ән үйретер еді» дейтінім есімде (күлді). Мен ол кезде үйретудің басқа жолын білмейтінмін. Тек білетінім, атам жоқ, әжем жалғыз, сондықтан әлгі атаға тиер болса, менің арманым орындалар еді деп ойлайтынмын. Алғашқыда теледидарлар үлкен, бірақ экраны алақандай ғана болды ғой. Сонда анадай алып тұлғаның шағын қорап ішіне қалай сыйып тұрғанына еш ақылым жетпейтін. Ал сол кісідей әнші боламын деген арманым қол жетпестей, биік таудай көрінетін. Алғаш көрген әншім, сол Ғарекең еді. Тау суындай тасқындатып төгілтуші еді әнді. Мен әртісті солай көрдім, сол қалпында санамда қалды. Енді ондай көзбен ойнап, бар ынты-шынтымен ән салған әртісті көріп, қолынан дәріс алу деген арманға қол жеткізгендегі қуанышым мен бақытымды сөзбен айта алмаймын. Елбасымыз «Балалық шағымның аспаны» атты фильмде өзінің ұшқыш болғысы келгенін айтады ғой. Бірақ ұшқыш болмады, еліміздің басшысы, онда да Тәуелсіз елдің басшысы болды. Менің арманым әртіс болу еді, онда да жай әртіс емес, ондайларды көріп те жүрміз ғой, құр көптің бірі болып, ештеңе бітірмей жүргендерді. Не пәтер, не атақ, не репертуар, не отбасын алып жүре алмайды, бірақ әртіс. Міне, сондайларға қынжыламын.
– Олар дұрыс армандай алмады ма сонда?
– Армандай алды, бірақ өзін сол арманға дұрыс қызмет істете алмады. Мысалы, басшы өз қарамағындағыларға тапсырма беріп, сол идеяға жұмыс істеткізе алады ғой. Ал әлгіндей әртістер өзіне-өзін дәл солай жұмыс істете алмады, кей жерде жасықтық танытып, кей жерде ерініп, әйтеуір, өз көшін алға сүйрей алмады дер едім. Солармен салыстырғанда, шүкір, менің арманым орындалды дей алар едім. Содан кейін, шынын айту керек, жақсы ағалардың тәрбиесін көрдім. Ең бірінші Ғарекеңнен дәріс алдым. Содан кейінгі ұстазым деп Сәбит Оразбаевты айтар едім. Қайрат Байбосынов, Жәнібек Кәрменовтердің қасында жүрдік. Жай жүрмей, әр қимылын, ән салғанын бақылап, өзім айтып болсам, әлгі кісілерді көру үшін көрермен жаққа өтетінбіз. Қай сөзге қалай тоқталды, дауысын қалай көтерді, кімге қалай қарады – бәріне мән бердік. Ол ізденістің басы екен. Шәкіртке дәріс беру дегенде кішкентай кезде диктант жазғандағы қатемен жұмысты елестетеді екенсің.
– Өмірім өнеріммен біте қайнасып, біртұтастанып кетті деп жатырсыз ғой. Тек өзіңіз жайлы емес, өзіңіз өмір сүріп жатқан қоғамның кешегісі мен бүгінін де қамтитын кітап жазу ойыңызда жоқ па? Олай дейтінім, талай өнер адамының өнегеге толы керемет кітаптарын оқыдық. Ол өсіп келе жатқан жас өнерпазға оқулықтан гөрі, қаншама әсер етер еді. Мысалы, Ғарекеңмен қатар тағы кімдердің көзін көрдіңіз?
– Рас, мұндай ой келді маған. Себебі өнерде жүрген адамның өмірі халықтың көз алдында. Талай адамның көзін көрдік. Мен тіпті Наурызбек жырауды да көрдім. Ол кісі жыраулардың ішіндегі үлкен шайыры ғой. Қарақалпақстанда өмір сүрді. Сол көрген тұсымда Пайғамбар жасына жақындап қалған кісі болатын. Консерватория қабырғасына келіп, дәріс берді. Жыраулық деген кітап оқып, ғылым секілді меңгеретін дүние емес, тумысынан бойда болатын қасиет қой. Біз Жамбыл бабамыз жайлы «Мың бір түнді» 11 күн, 11 түн жырлапты» деп естігенбіз. Қаншама кітаптық дүние жадына қалай сыйды, қалай сақталды бүгінге дейін деп таңғалатынмын. Сондай қабілетті мен Наурызбек жыраудан көрдім. Бір дүниеден екінші дүниеге үздіксіз өтіп, керемет өнер көрсетті. Күштің күші, еске сақтаудың да ерекше түрі болмаса, кез келгеннің оған құдіреті жетпейді.Жүсекеңнің көзін көрмедім, бір өкініштісі… Дәнеш Рақышев ағамызды көрдік. Бір қуанатыным – қазақта ұлы күйшілердің көшін бастап келе жатқан Рысбай Қабдиев ағамызды көру бақытына ие болғаным. Әртіс болған соң бір-бірімізді гастрольдерде ұшырата береміз ғой, бірақ мен ондай ұшыратуды айтып тұрған жоқпын. Астанада бірде ол кісімен қонақүйдің бір бөлмесінде орналастық. Оған дейін мен тек жырау, жыршылар ғана әңгіменің шебері болып келетін шығар деп ойлайтынмын.
Себебі күйшілер үндемей, эмоциясын, ішкі сырын көбіне күймен береді ғой. Ал осы кездесуде мен күйшінің де әңгіме, сырға, онда да жай әңгіме емес, небір тарихқа бергісіз дүниелерге бай болатынын, төгіліп тұратынын алғаш осы кісіден көріп, таңғалдым. Әр күйдің тарихын айтқанда әрқайсысы – бір аңыз, ал соны білетін әлгіндей жандар тірі шежіре дерсіз.
Серке Қожамқұловтың естелігін оқығаным бар еді бұрынырақта. Ол кісі де – қазақ театры іргетасын қалаушылардың бірі ғой, шоқтығы биік тұлға. Сондай кісілердің естелігін оқып, өмір жолында, өнер жолында ұшырасқан кісілерді көріп, «әй, осылардың басын қосып, бір естелік жазсам, қалай болар екен» деген ой арагідік келеді. Ол өзіміз үшін ғана емес, бізден кейінгі ұрпаққа қажет. Себебі өзімізден кейінгі буынға біз өзімізге дейінгі буынның аманатын, өмірі мен өнегесін жеткізетін алтын арқау болуға тиіспіз. Әйтпесе екі ұрпақтың арасы үзіліп, тарихи тепе-теңдік бұзылады. Мен осы таяуда бір жаңа әнді біреуден қалап алдым. Ән «Біздің ескі үй» деп аталады. Оны қалауымда да сыр жатыр. Себебі менің өмірге келген, бала болып ойнап өскен үйім қаңырап бос тұр. Балалық шағымның куәсі болған ескі үйге барғанымда екі көзімнен еріксіз ыстық жас төгілді. Бала болып асыр салып ойнап, табаныма тікен кірген тәтті шақтар, сондай-ақ тұрмыстың тарлығынан бірдеңе жетіспей тұрған қиын кездер – барлығы сол ауылда сол үйде өтті ғой. Мен үшін ол – тұтас кино. Сценарийін өмірдің өзі жазып берді. Оның кейіпкері – менің әжем, әпкем, мен, айналамдағы бала достарым, мұғалімдерім, сол ауылдың шолақ бастықтары. Солардың барлығы ескі үйге кіріп барғанымда көз алдымнан кино болып тізбектеліп өтті бір сәтте. Өзімді-өзім тоқтата алмай ағылдым. Содан көп ұзамай «Ескі үй» деген ән шығардым.
– Сонда сіздің ішкі сезіміңізді дәп басқан ақын табыла кетті ме?
– Дәл болғанда да әлгі өлеңді мен ешкімге арнайы жаздырған жоқпын. Таңғалатыным да сол, әлгі өлең мені бейне бір бала кезімнен сыртымнан бақылай жүріп, өлеңге айналдырып, бүгін соны ақырын ғана алдыма тастай салған сияқты. Содан ақырын ғана тағы да сыртымнан қарап, «мына кісінің реакциясы қалай болар екен» деген секілді, о, құдірет! Өнердің, ақындықтың құдіреті демеске лаж жоқ. Тағы бір таңғалатыным, авторы – мен қатарлы 50-дегі ақын емес, менің жасымның жартысын да көрмеген жап-жас бала, бірақ ол 50-дегі менің сезімімді бере алып отыр, 50-дегі мен болып толғана алып отыр. Тіпті автордың өзі сол өлеңді тудырғанда мен секілді оның қасиетін сезінбеген шығар, себебі әлгі өлеңді алғаш оқығанда қайта-қайта бас алмай оқып, сенесіз бе, төрт жарым сағат жыладым. Енді осы әнге клип шығарсам деген ойым бар. Осы тұста айта кетсем, осы күнге дейін әлі бір клип түсіріп көрмеген қазақтың бірімін. Бірақ клиптің барлық сценарийі менің көкірегімде сайрап тұр.
– Жаңадан бері әңгімеңізді тыңдап отырып, түйген ойым: адамды баршылық емес, жоқшылық тәрбиелей ме деп қалдым. Ұлтымыздың арғы-бергі тарихын алып қарасақ, жаугершілік заманды, талай аштық заманды көрдік. Шүкір, нәтижесі – бүгінгі Тәуелсіздік. Бірақ сол ашқұрсақ жүріп, бізге осынша байлық қалдырған ата-бабаларымыз бізден гөрі мықтырақ болды ғой, айтыңызшы?
– Иә, дұрыс айтасыз, жоқшылық адамды көп нәрсеге өте салмақты көзбен қарауға жетелеп, өзінде жоққа ұмтылдырады, өмірге құштарландырады. Бір үй ғана емес, елдің барлығында жетіспей жатқан заманда өмір сүрдік қой, сонда жоқшылық бізді бауырмал етті. Ауыл бойынша жалғыз үйде теледидар болатын. Әлгі үйге ауыл болып жиналып, теледидардан түрлі бағдарламалар мен концерттер қарап, бір қазаннан ас ішуші едік. Оған ол үй иелері бір рет те қабақ шытқанын көрген жоқпыз. Сосын сол тұста ауылда біреудің баласы қалаға оқуға түсіп, арасында демалысқа келсе, ата-анасы бір малын сойып, айналасын тегіс үйіне шақырып, ұлан-асыр той болып кететін. Ол жерде студент бала қаладан көрген-білгенін айтса, артынан әркім өз өнерін ортаға салады. Ол ауылдағы ағайынның бір-бірімен татулығының, бірлігінің белгісі еді. Қазір бай мен кедей деп бөлінеміз ғой. Бірақ менен егер «кім бақытты: бай ма әлде кедей ме» деп сұраса, кедей бақытты дер едім. Неге, онда ештеңе жоқ қой, несіне бақытты дерсіз. Ол өмірді шын түсініп, әрбір нәрсеге қуана алады. Нағыз маңдай терімен келген нан бәрінен тәтті. Баласы да, әйелі де, өзі де – барлығы бір қазанға жұмыс істейді, олардың үйінде ынтымақ пен бірлік бар. Көршілер мен ағайын бір шәугім шайды бөлісіп ішеді.
Хан сарайындай үйі қаңырап бос тұратын, қызы шетелде, ұлы бөтен үйде тұратын байды бақытты деп кім айтады?!
Мәселе тілде емес. Менің әкем – Германияда әскер қатарында болған адам. Сол кісі – бір ауыз орысша тіл білмей кетіп, қазақшаны ұмытып келген адам (күлді). Мұнымен айтпағым, адам тіл білмеген күннің өзінде шетелге барып, үйренеді, меңгереді. Адамды орта тәрбиелейді. Қазір өнер адамдарынан үш түрлі орта көремін: бір орта бар – Тәуелсіздіктің қадірін түсініп, сол жолда өзін, айналасын жұмылдырып жүр, енді бір орта бар, ақша табу, пайда көздеу, сол жолда өнерін бұлдайды, тағы біреулер бар, жай ғана «осы орта жақсы, осыларды ел сыйлайды, осы топта жүрсем, жаманатқа қалмаспын» дейтін. Ал, негізі, ең бастысы, өнер – халықтыкі. Халықтың алдына шыққан адам өтірік айтпауы тиіс. Ал сол өнер адамдарының басын бір ортаға біріктіріп, бір ұжымда ұстау деген тіпті қиын. Себебі әрқайсысы – бір-бір тұлға, бір-бір өнер адамы. Оларға қатты қабақ шытып, ұрсып, тілдеп ұстай алмайсың немесе үнемі жалпылдап, алдына түсіп алып, жорғалай бере де алмайсың. Шыны керек, біз өнер адамдары сәл де болса өнерімізді елдің тамашалап, қолдап, қолпаштағанын қалайтын жандармыз. Бала секілді десем де болады өнер адамдарын. «Осы өзіңіз келіп едіңіз, айнала жап-жарық болып кетті ғой» деген бір ауыз сөзге көтеріліп, сізге ризашылықпен қарайды. Қаншама күндік дайындық, қиындық дегенді сахнаға шығып, көрерменнің бір ду қол шапалағынан соң ұмытып кететініміз де өтірік емес. Жалпы, қазақ өзі мақтағанды сүйетін, бір ауыз мақтан сөзге кәдімгідей марқайып, орнында отыра алмай, айналасындағыларды ұмытып, аздан соң есін жиғаннан кейін ұялып қалатын, сондай бала көңіл халық қой. Сол – бір жағы, аздаған кемшілігіміз, әйтпесе іскерлік те, алғырлық та жетеді. Қай тілді болсын жетік әрі тез меңгереді: өткен ғасырда орысшаны орыстан артық меңгерген қазақ енді бүгін ағылшыншадан ат сүріндіреді. Алысқа бармай-ақ, өзімнің кенжем ағылшынша сайрап тұр. Элиталық мектепте оқыған жоқ, кәдімгі қарапайым мектепте оқып та, ағылшын тілін жетік меңгерді. Әйтпесе менен-ақ туған бала, түбіміз – таза ауылдың қазағы. Демек, бұл – қазақтың тегінде бар алғырлық, зеректік.
– Салиқалы сұхбатыңызға рақмет.
Алашқа айтар датым
– Елбасымыздың өзі де «шетелде оқытып жатқан балаларымыздың көбі қайтпайды дейсіңдер, сонда қалай» деп айтты ғой. Сол шетелде оқып жатқан балалардың ішінде мыңнан оны кедей отбасынан десе, мен той жасап берер едім. Кедей баласының шетелге әлі аяғы жетпей жатыр. Ал байдың балалары шетелде біздегіден гөрі еркін өмірді көреді, әке-шешесінің қадағалауы жоқ, есесіне олардың «ойбай, баламның шетелде қарны ашып қалмасын» деген қамқоры екі есе артып, артынан есеп шотына аямай ақша лақтырады. Бала оған керемет өмір сүреді, сол жерден үй сатып алып жатқандар қаншама! Сосын сол жақта жұмысқа қалмай, не істейді?! Келген соң бұл жақта өзі қалағандай жалақыға жұмыс таба алмайтынын, дәл сол шетелдегідей өмір сүре алмайтынын біледі.
Автор: Мәриям ӘБСАТТАР