Мемлекеттік тілде жылқы да сөйлеген!

257

Бала жастан оқыған батырлар жырында еріксіз бас шайқататын тұстар аз емес. Мені әсіресе ондағы батырлардың сенімді серігі, халқымыз «ер қанаты» деп білген тұлпарлардың …кәдімгідей тіл білуі таң қалдыратын.
Эпостарды парақтап отырсақ, Қобыландының Тайбурылы, Алпамыстың Байшұбары, Қамбардың Қарақасқасы, Тарғынның Тарланы және тағы басқалар батырлардың әрбір айтқан сөзін жақсы түсінгенін және олардың әр бұйрығын (өтінішін, тапсырмасын, т.б.) бұлжытпай орындап отырғанын байқаймыз. Тіпті өмірге деген өз көзқарасы, өзіндік ұстанымы бар кейбіреулері иесінің пікірімен келіспейтінін ашық аңғартып та қойған. Мәселен, «Алпамыс батыр» жырында:
– Таудан асқан тасқындай,
Төгіліп Шұбар жөнеді.
Адыр-адыр бел еді,
Адам қорқар жер еді,
Неше қиын жерлерден
Тегістей шауып келеді.
Мейлі, дала, мейлі, адыр,
Теп-тегіс болды жер енді.
Сонда Алпамыс сөйледі:
«Айналайын, Шұбар ат,
Қолтығыңда бар қанат.
Жазым болып жығылсаң,
Бір шұқырға тығылсаң,
Өлмеймін бе мен?» деді.
Бұл сөзге Шұбар шамданып,
Мұнан да жаман өрледі… – дейтін тұстар бар. Демек, Байшұбар ат Алпамыстың өзінің сұрапыл шабысына, сұмдық мүмкіндігіне шәк келтіріп отырғанын түсінген және соған намыстанған, яғни, бүгінгі заманның сөзімен айтқанда, ерегіскен, қырсыққан. Сөйтіп, одан бетер қатты шапқан.
Дастандардағы сәйгүліктер тек өздеріне қарата айтылған әңгімені ұғынумен ғана шектелмеген.
– Үстіңгі ерні қыбырлап,
Астыңғы ерні жыбырлап,
Тайбурыл сонда сөйледі,
Сөйлегенде бүй деді, – деп келетін әр қазаққа әбден таныс өлең жолдарынан соң, жаңағы мемлекеттік тілді жетік меңгерген жылқылардың өз үстіндегі иелерімен бір-екі ауыз пікір бөлісетіні әлі есімізде. Олардың, бүгінгі кейбір шенеуніктерше, «Иә», «Рахмет», «Сәлеметсіздер ме?» немесе «Тәуелсіздігіміз жасасын!» деп қана қоя салмай, өз ойын кәдімгідей өлеңдетіп жеткізгеніне қалай риза болмайсыз?! Жырлардың әрбір жолына мән беріп, астарын аңғарып отырсаңыз, тіпті кейбір батыл тұлпарлар батырлардың өзіне қарсы сөйлеген. Өзінің үстінде шауып келе жатқан батырға «Кімнің арқасында күн көріп жүргеніңді білемісің өзі?» деген сияқты кәдімгідей әңгіме айтуға дейін барған.
Осының бәрінен баяғы заманда қазақ тілінің қолданылу аясының, қазіргідей емес, өте кең болғанын, оны тек үлкен жиналыстардың басында және соңында ғана емес, өмірдің барлық саласында, қоғамның барлық мүшелерінің, оның ішінде жылқылардың да тұрақты қолданғанын байқауға болады. Егер осы Тайбурылдар мен Тарландар сол заманда емес, бүгін өмір сүрсе, яғни, тәуелсіз Қазақстан Республикасының азаматтары… ой, кешіріңіздер, аттары болса, кімнің жетегінде жүрсе де күн көре алмас еді. Қоқиған қожайындарына жауап бермек түгілі, олардың шүлдірлеген сөзінің бірін де түсінбес еді.
Кезінде қазақтың жылқысына дейін білген қайран тілді бүгінде дағарадай-дағарадай креслоларда отырған білдей-білдей мемлекеттік шенеуніктер, «мен!» деп кеудесін ұрғанда кәдімгідей дүңк-дүңк дыбыс естілетін (өйткені, ар жағы қуыс та…) дардай саясаткерлер білмейді. Мүлде білмейтіндердің жанында өздерін сәл «қазақы» сезініп қалғысы келіп, ептеп ернін (астыңғысын болсын, мейлі, үстіңгісін болсын) жыбырлатушылардың өзінің қазақшасын естісе, баяғы Шалқұйрықтар шауып келе жатып сүрініп өлер еді.
Қазір Жылқы жылы, демек, сол баяғы Байшұбарлардың жылы. Талай жылды мемлекеттік тілді меңгермей-ақ өткізіп тастаған ұлықтар биыл солардан ұялып болса да, тіл білуге тілек білдірер ме екен…

Сәкен СЫБАНБАЙ, 2002 жыл.

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер
Басқа материалдар