Алақ көтерілісінің арысы

3375
Adyrna.kz Telegram

Бір ғасырдың ішінде болған төрт жүзге жуық қазақ көтерілістерінің барлығы бірдей тарих сахнасына шыға алды деуге негіз жоқ. Оған зерттеу ісіне деген саябырлық пен құлықсыздық,  көтерілісті көтеріліс ретінде тану үшін дәлелдердің жеткіліксіздігі, оны зерттейтін кейбір сала мамандарының да сын көтермейтін біліксіздігі, қаражат қатшылығы және басқа да толып жатқан себептердің көп екендігін мойындауымыз керек.

Сондай-ақ көтеріліске мемлекеттік мәртебе бергізетін құзырлы орындар тәуелсіздік қақпасын ашқан Желтоқсан көтерілісін де күні бүгінге дейін оқиға санатына қосып келеді. Бас көтерулердің түрлері – ереуіл, стачка, байкот, пикет, қарулы қақтығыс, оқиға, бүлік, қозғалыс, т. б. болып жіктеліп кете береді. Ал сырттағы қандастарымызды қамтыған Оспан, Зұха, Демежан, Қалибек, Қалманғазы, Қали, т.б. қозғалыстарының себебін мектеп оқулықтарынан іздесең таппайсың. Сондай екпіндеп келе жатқан қанды топанға тосқауыл қоюға жанталасқан елдегі елеулі оқиғаның бірі – Алақ көтерілісі. Мұны рулық-тайпалық үрдісті қоғамдық қатынастардың құрамдас бөлігі ретінде қолданып келе жатқан кейбір қандастарымыз Мұрын көтерілісі деп те атайтын көрінеді. Сыдық батыр көтерілісі деген де сөз бар. Бұрын «бандылар бүлігі» аталған оқиғаны көтеріліс санатына қоса бастағанымызға да көп болған жоқ.
Көтерілістің негізгі салдары 1928-1933 жылдардағы ұжымдастыру саясатын ұшпаққа шығарған алғашқы бесжылдықтың асыра сілтеуінен басталды. «Қатын да, мал да ортақ болатын болыпты» деп қазақы пайымдаумен жалпақ жұртқа тараған сыбыс ер-азаматтарға отырарға жер таптырмады. Сталиндік-голещекиндік «Кіші төңкеріс» 1936 жылы аяқталуға тиісті түпкілікті социализмді жылдамдатуға жанталасты. Және оны К.Маркс топшылаған бес қоғамдық-экономикалық формацияның ішіндегі феодалдық қатынастары басым қазақ жеріне ауыр индустрияны дүниеге әкеліп, капитализмге соқпай-ақ, жүзеге асыруды көздеді. Компартия тарапынан жасалған «құнды» қозғалыс қазақтың малын аждаһадай сыпыра қылғытты. Сұрқия салық пен көзсіз ет жоспарының көмейіне малы кеткеннің жаны да бірге жұтыла бастады. Әрнені жіктеп, жіліктеп отырмай-ақ, көтерілістің басты салдары осы десек, оқиғаның дәл сол кезде басталып кетуіне мұрындық болатын себептер де болады. Патшалық Ресейдегі «Лена қырғынының» басталып кетуіне сол күні жеген шіріген картоптан жұмысшылардың улануы себепкер болса, Желтоқсан көтерілісінің басталған уақыты Мәскеудің қорлығы аздай, Г.В.Колбиннің келіп, сұраусыз басқа шығуымен сипатталады. Сол сияқты Алақ көтерілісінің де өзіндік басталу себебі бар.
1930 жылы Абыралы көтерілісінің басталғанын өзінің күйеубаласы Бәкен Кемпірбаев мен оның ағасы Ысқақтан естіген Мырзаш Қарамырзаұлы жерлестері – керейлер мен төлеңгіттерді қазіргі Шұбартау өңіріне қарасты 8-ші ауылдағы үйіне қонаққа шақырған болып, астыртын жиналыс өткізеді. Кейін сол Шұбартау көтерілісі қарулы күшпен тоқтатылғанда ұсталғандары атылып, жер аударылып, қалғанының жартысы батысқа – Балқашқа қарай, жартысы «ақтабан шұбырындыны» Аягөз арқылы Қытайға жалғастырады. Басы шұбартаулық аз ғана топтан басталып, жол бойы ілесушілердің саны көбейе бастайды. Олардың жақындап қалғандығы жайлы сыбыс сол кездегі Қызылтас ауданының орталығы Қызылкесікке жеткенде, онсыз да басы қатқан жұрт не істерін білмей сарсаңға түседі. Бірақ уақыттың ызғарын ертерек сезіп, Мәскеудің таяғын ертерек жей бастаған серкелеріміз көп ойланбай, елді бір жағына шығып, бас көтеруге үндейді. Елді таптық жікке сталиндік жасанды жолмен бөлшектеп қыр көрсете бастағанда жаппай тәркілеуге ұшырап, Сібірге жер аударылған және бұрынғы Семей губерниясы Зайсан уезі Өкпетінің он жылдай болысы болған  Жәкулә Күшіков те көтерілісті ұйымдастырушылардың бірі ретінде тарихта қалды. Ол түрмеден бұрын да, кейін де өзінің бірбеткейлігінен танбаған. Елдің ашу-ызасын тудырып, көтеріліске итермелеген жайлардың бірі – Трайыс қажының себепсіз милиция қолынан өлтірілуі болса, басқа да қажылар мен діни белсенділерге қуғын-сүргін шеңгелі іліне бастады. Солардың ішінде менің арғы атам Тәкібай қажы ұрпақтары да тәркілеуге түсті. Аға сұлтан Құнанбай қажының әкесі Өскенбайдың Марқа, Нарша деген екі қарындасы Дондағұл атамызға бірінен соң бірі тұрмыс құрған екен. Олардан әйгілі Шал қажы, Тәкібай қажы және басқа да он шақты қажылардың ұрпақтары тарайды. Тәкібайдың үш әйелінен туған ұлдарының тірілері түгелдей Алақ көтерілісіне қатысқан. Жаппай тәркілеу басталғанда ел басына түскен зұлматты алдын ала сезген Жәкулә де айналасындағы жұртпен кеңесіп, елді аман алып қалудың бір жолы «көшке ілесіп, шекарадан өту» деп есептейді. Бұл ойын жүзеге асыру үшін жақын адамдары арқылы ел ішіне хабар таратуға атсалысады. Оған жақын күйеу балаларының бірі Тәкібайұлы Садырбай да көмектеседі. Ол Жәкуләнің тапсырмасымен өз туыстарын үгіттеп, көтеріліске қатыстырады. Шұбартау, Аягөз жағынан келе жатқан топқа қосылу үшін жолға шыққан халықты Алақ шатқалына жеткенде  Көкпектіден келген округтік саяси басқарма бастығының орынбасары Клюкин (кейбір деректе Кулигин), өзінің Сизов, Шишмаркин деген серіктерімен бірге жолдан тоқтатады. Бұларға хабарды қандай тыңшы жеткізгені белгісіз. Олар халыққа әуелі жылы сөйлеп, алдаусырата бастайды. Орыс өктемдігіне онсыз да зығырданы қайнап, темірді қызғанда соғуға әзір тұрған топ бұлардың бір сөзін ұғып, бір сөзін ұқпаса да алған беттерінен қайтпайды. Көкірегі мен қаруына сенген саяси белсенділер соңында заңмен қорқытып, қоқан-лоқыны өздері бастайды. Елубай Әкімбайұлыны атады. Нәтижесінде, аздығына қарамай, кішілік танытқысы келмеген үш орыс та сол жерде жантәсілім етеді. Бұл хабарды ести сала Бакин және Радченко бастаған ГПУ-дің отряды Сарышоқы тауының бір шатқалында көшті зеңбіректің оғымен қарсы алады. Шұбырған халық отрядтың келе жатқанын оқиға орнына жетпей тұрып та байқаған екен. Әуелде жендеттерді де өздеріне қосылуға келе жатқан қарапайым топ екен деп, мән бермепті. Бірақ жотадан асқанда екі топ бір-бірінен көз жазып қалған. Соңында қарусыз жұртқа қантөгіспен жолыққан жендеттердің бір тобы:
– Оқ шығындауға тұрмайтын бұл хайуандардың төртеуін бір оқпен жайратайық, – деп, Кәріпжанға ағасы Ахметжанның екі ұлы Мұздыбай мен Жанахметті және тағы да бір адамды бірінің артына бірін колонналық сапқа тұрғызып, тапаншамен басып қалады. Жендеттердің мазағын алдын ала білгенде олар сапқа да тұрмай қарсыласып бағатын еді. Бірақ нысана дұрыс көзделмей Жанахмет қана жараланады да, қалғаны бытырай қаша жөнеледі. Бұл жерде көшке ілескен 800 адамның жартысына жуығы оққа ұшады. Жаңағы Ахметжан деп отырғанымыз тәркілеуге ұшыраған Боғас болысының болысы Мұқыш Қуановтың оң қолы болған старшын еді. Банды ретінде ұсталған топты атты отряд найзалы мылтықпен піскілей отырып айдап, Көкпекті түрмесіне жеткізеді. Жәкуләлардің тобына атсалысқан Кәріпжанға жауап алу кезінде тергеуші: «Бандыларды қаруландырып, бүлікті сендер ұйымдастырдыңдар» дейді. «Мұны кім айтты?» деген сауалдарына: «Ауылнайларың айтты» деген жауап алады. Ауылнай дегені Қозан Қажыбеков атаның айтуынша, Кәріпжанның соңына түсіп қоймаған соң, қыл арқанға сүйретіліп, жұрттың сабырға шақыруымен аман қалған бір белсенді екен. Кешегі Желтоқсандағыдай  бұл көтерілістің де басшысы анықталмағандықтан, сол кездегі белсенділерге де билік күдікпен қараған сияқты. Ал көтерілістің нақ басшысы жөніндегі әңгіме әр қилы болса да, Жәкулә, Сыдықтардың есімі көбірек аталады. Бала күнде өзім көріп өскен Бейсенбай, Көкен, Бәйізғожа, Алтай, Тәуірше ана сияқты басқа да апаларымыз бен аталарымыз қанды оқиғаның тірі куәгерлері еді.
Жәкуләнің күйеубаласы Садырбай 21 жасында тұтқындалып, ауыр азаптың бәрін тартады. Ол Шишмаркин деген жендеттің құрдасы еді. Сол Садырбайдың ұсталып қалуына қашып келе жатып, тастан жығылуы себепкер болады. Аяғы сынып, қиналып жатқан жас жігітті жендеттер тінтіп, қалтасынан комсомол билетін тауып алады. Тергеу кезінде Жәкулә жайында да, өзге жайында да тіс жарып ештеңе айтпайды. Бір күні апайы Зұлқиза Қажияқызын ертіп, түрмеге барса, Садырбай адам танымастай жағдайға түсіпті. Бет ауызы мен өне бойынан сау тамтық қалмай соққыға жығылған құр сүлдерін екі жендет сүйреп әкеледі. Сонда Садырбайдың: «Бізді де адам деп іздеп келетіндер болады екен ғой» дегеннен басқа ештеңе айтуға шамасы келмеген екен.  Қажия – кейін «үндемеске» кетіп, қайтып оралмаған Шаяхмет қажының әйелі еді. Садырбай да комсомол белсендісі бола тұра, «бандыларды» ұйымдастыруға қатысқаны үшін деген айыппен ату жазасына бұйырылады. Бірақ өлкелік комитеттің өкілі келіп жеткенше оны жендеттер айуандықпен өлтіріп те тынған еді. Інісін құтқаруға сол жолы түрмеден амалын тауып шыққан ағасы Кәріпжанның да қауқары жетпеді. Бірнеше мәрте түрмеге қамалған Кәріпжан 1932 жылы тағы да істі болып, онжылдық жазаға кесіледі. Бірақ Жәкулә сынды ол да түрмені бұзып, қашып шығып, Қытайға асып кетеді. Осы кезде шығарған «Кезең асқанда» деген күйі болған екен. Соңынан орнына інісі Серікбай ұсталып, 18 жыл айдауда болады. Қалғандарының біразы аштық пен нәубетте көз жұмып, біразы Қытайға өтіп кетеді.

Кәріпжан Жәкуләмен бірге кейін Қытайдағы Дүнген соғысына да қатысып, жазықсыз жапа шегеді. Сібелерге қатысты бір дүрбелеңде ату жазасына да бұйырылып, қытайларға қызмет ететін күйеубаласы құтқарыпты. Бұл әулеттің басынан өткен азапты жылдар жайлы менің «Әулет пен нәубет» атты кітабымда кеңірек баяндалады.

Қазақстанды жайлаған көтерілістің бәрінде де жазалау отрядын басқарған большевиктерді (ішінде қазақтары да бар) ұлықтап, өлген орыстарға ескерткіш тақта орнаттыруымыздың өзі –  қазіргі тәуелсіз көзқарастағы тарихты жасауға да жәрдемдесетін сияқты. Ұрпақтың ақты айыра білуі үшін қараның да белгісі қалуы шарт. Диалектикадағы терістеуді терістеу заңдылығы көрсеткендей, тұлғаларды ақтау мен қаралау ұрпақтың ауысуымен осылай алма-кезек жалғаса береді. Бірақ мамандарымыздың ақиқатты біле тұра, айтуға жүрексініп, әлі де бұрмалайтынына қынжыласың. Бұл Жәкулә сияқты қаншама арыстарымыздың азаматтық бейнесін сомдауға да кедергі келтіреді. Кейбір мақалалар кеңестік сарында жазылса да, тарихтың мүлде ұмылып қалмауына көмектесті. Ештеңе жазбасақ, бәрін де жоғалтар едік. Бұл орайда қарт шежіреші қаламгер Қарпық Егізбаевтың тынымсыз еңбектері өзіндік тарихи деректерімен құнды.
Бүгінгі ұрпақ болыс атаулының бәрін ақтағанмен, барлығы бірдей өз заманындағы қарапайым халық алдында талапқа сай болмауы мүмкін. Бірақ адам жанының арашашысы болған дәрігер Жәкуләнің жаны нәзік, сезімі сергек болғанға ұқсайды. Ол кісіден хабары бар адамдардан мақтаудан басқа ғайбат сөз естімедік.


Аманғазы Кәріпжанәулеті,
ақын, «Жас қазақ». 

 

Пікірлер