ЖАСТАРҒА БЕРІЛГЕН ЖАҢА МҮМКІНДІК

102

2019 жыл – «Жастар жылы» деп жарияланғаны белгілі. Барлық салаларда жастар мемлекет тарапынан жасалып жатқан қолдауды сезінуде. Бүгінгі таңда цифрлық қоғам мен білім мемлекеттің даму жолын түбегейлі өзгертуде. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы атап өткендей, «Біздің еліміз осы заман талаптарына сай болуы тиіс», ал жастарымыз – жаhандану заманында еліміздің бәсекеге қабілеттілігінің негізгі факторы болмақ.
Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Игілік баршаға! Сабақтастық. Әділдік. Өрлеу» сайлауалды бағдарламасымен Агенттік алдында «Президенттік жастар кадр резервін» қалыптастыру міндеті қойылған болатын. Нақты бір салада өзіндік жетістіктері бар жас қазақстандықтардың іріктеуден өтіп, резервке алынуы, жоғары мемлекеттік және басқарушы лауазымдарға тағайындалу мүмкіндігі пайда болды. 35 жастан аспаған, жоғарғы білімі және бес жылдан кем емес еңбек өтілі бар ҚР азаматы резервке алынады. Резервке алынған адамдар бірнеше салалық лауазымдар топтарына орналаса алады.
Біріншісі - салалық лауазымдар тобы: ҚР Министрлері, олардың бірінші орынбасары мен орынбасарлары; Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың әкімдерінің бірінші орынбасарлары мен орынбасарлары; Орталық атқарушы органдар комитеттерінің төрағалары; Ұлттық басқарушы холдингтер, ұлттық холдингтер, ұлттық компаниялар басқармаларының төрағалары және мүшелері.
Қызметтік бағыттары: экономикалық және қаржылық саясат; әлеуметтік саясат; инфрақұрылымды және сервистік салаларды, өнеркәсіпті, ауыл шаруашылығы мен қоршаған ортаны қорғауды дамыту; сыртқы және ішкі саясат; құқықтық саясат.
Екіншісі - өңірлік лауазымдар тобы: Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың әкімдері; Облыстық маңызы бар қалалардың, облыстар аудандарының және қалалардағы аудандардың әкімдері. Қызметтік бағыттары: Өңірлік басқару.
Үшіншісі - басқарушылық лауазымдар тобы: Орталық атқарушы органдардың жауапты хатшылары; ҚР Конституциялық Кеңесі; Президент Іс басқармасы; ҚР Орталық сайлау комиссиясы; Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитеті; ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі аппараттарының басшылары; ҚР Жоғарғы Соты жанындағы Соттардың қызметін қамтамасыз ету департаментінің басшысы; ҚР Жоғары Сот Кеңесінің хатшысы – аппарат басшысы; Жауапты хатшы лауазымы енгізілмеген орталық атқарушы органдар аппараттарының басшылары; Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталықтың басшысы; Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың әкімдері аппараттарының басшылары.
Қызметтік бағыттары: Басқарушылық бағыт.
Аталған лауазымдарға тағайындаулар Резервке алынған адамдардың қатарынан, сондай-ақ заңнамада белгіленген тәртіппен өзге де адамдардың қатарынан жүзеге асырылады. Бұл Қағидалар, құқық қорғау және арнаулы мемлекеттік органдарда басшы лауазымдарға орналасу мәселелерін реттемейді.
Резервке іріктеудің кезеңдері:
1) құжаттарды қабылдау (PKRezerv.kz) – 2019 жылдың 1-30 қыркүйегі аралығы;
2) қабілеттерді тестілеу (талдамалық және сыни ойлау деңгейін анықтауға бағытталған, онлайн түрінде өтеді) – 2019 жылдың 12 қазаны;
3) Тестілеуді верификациялау (онлайн)– 2019 жылдың 19 қазаны;
4) «Әлеуетті бағалау» іріктеудің кешенді кезеңі (көшбасшылық қасиеттері, сыни ойлау, стратегиялық көзқарасы, мотивациясы мен құндылықтарын бағалау) болып табылады (жобаны таныстыру - 22.-26 қазан, эссе жазу – 27 қазан, құзыреттерді бағалау -28 қазан мен 3 қараша) – 22 қазаннан бастап 3 қарашаға дейін, (эссе мен жоба – TALANTIZ жүйесінде онлайн, құзыреттерді бағалау жеке қатысуымен өтеді);
5) Сараптамалық комиссияның мүшелерімен сұхбаттасу – 27 қараша мен 13 желтоқсан аралығы (Нұрсұлтан қаласында);
6) Ұлттық комиссияның отырысы және кандидаттарды Резервке қабылдау – 25 желтоқсанға дейін.
Ұлттық комиссия кандидаттарды бес жыл мерзімге Резервке алу туралы шешім шығарады. Ұлттық комиссияның шешіміне сәйкес резервке алынған адамдар бөлінген қаражат шегінде ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының бағдарламалары бойынша қысқа мерзімді оқыту курстарынан өте алады.
Үміткерлер конкурсқа қатысу үшін 2019 жылдың 1-30 қыркүйегі аралығында PKRezerv.kz сайтында тіркеліп, жеке кабинетін толығымен толтыру керек, қажетті құжаттарды (жеке куәлігі, жоғары білімі туралы дипломы, еңбек кітапшасы, ұсыным хаттарын) енгізу қажет.
Құжаттарды тапсырған кезде кандидат Резервке іріктеуден өтудің тәртібімен танысады, іріктеудің шарттарын қатаң сақтау және өзі көрсеткен мәліметтердің шынайылығын қамтамасыз ету бойынша міндеттеме алады.
Тіркелу кезінде кандидат өзі көрсеткен ұялы телефоны мен эл.почтасына әрбір кезеңнің орны мен күні, нәтижесі смс түрінде келеді. Жеке кабинетіне орналастырылып, әрбір кезеңнен сәтті өткен жағдайда келесі кезеңге шақыртылады. Жылдамдығы 5 мб болатын интернетпен тұрақты байланыс және веб камераның болуы міндетті. Конкурс кезеңдеріндегі шығындарды кандидат өзі көтереді.
«Президенттік жастар кадр резервін» құрудағы басты мақсат: жастар үшін тиімді әрі ашық әлеуметтік лифт болып табылады. Уәкілетті орган өз халқына адал қызмет етуге дайын, дарынды әрі білімді және тәжірибелі жастарды «Президенттік жастар кадр резервіне» іріктеу мүмкіндігін жіберіп алмауға шақырады. Мұндай мүмкіндік бола бермейді және осы бастама жаңа биік шыңдарды бағындыруға бірдін-бір таптырмас мүмкіндік.

Қазақстан Республикасының
Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің
Маңғыстау облысы бойынша департаменті
басшысының орынбасары
Қайрат Байгебаев

Пікірлер