Қырғызстан президенті Садыр Жапаров пен Тәжікстан басшысы Эмомали Рахмон 13 наурызда екі ел арасындағы мемлекеттік шекараның делимитациясы мен демаркациясы туралы келісімге қол қойды, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы ҚазТАГ-қа сілтеп.
Келіссөздер Қырғызстан президентінің әкімшілігінде – «Ынтымак Ордо» ғимаратында өтті.
Ресми мәліметке сәйкес, мемлекет басшылары шекара қызметінің басшыларына екі ел арасындағы шекара бекеттерін қайта ашуға рұқсат берді. Осылайша, «Қайрагач» (Лейлек ауданы) және «Қызыл-Бель» (Баткен ауданы) өткізу бекеттері қайта жұмыс істей бастайды. Аталған бекеттер төрт жылға жуық уақыт жабық болған еді.
Бұған дейін, 21 ақпанда Қырғызстан мен Тәжікстан үкіметтік делегациялары шекара мәселесіне қатысты қорытынды хаттамаға қол қойған болатын. Ал 27 ақпанда Қырғызстан парламентінің бірнеше комитеті келісімді мақұлдады.
Айта кетейік, Қырғызстан мен Тәжікстан арасындағы шекара ұзындығы 972 км. Алайда, Баткен облысындағы шекара сызығының белгісіздігі екі ел арасында қайшылықтар туғызған. Соңғы ірі қақтығыс 2022 жылдың 14-17 қыркүйегі аралығында орын алып, екі тараптан жүзден астам адам қаза тапқан еді.