Қарағанды облысының Шахтинск қалалық соты «Арселор Миттал Теміртау» компаниясының төрт қызметкеріне үкім шығарды. Оларды «Тау-кен жұмыстарын жүргізу кезінде қауіпсіздік ережелерін бұзу» бойынша айыпты деп танып, әрқайсысына төрт жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады, деп хабарлайды CMN.KZ.
Қайғылы оқиға 2023 жылдың 17 тамызында «Қазақстан» шахтасында болған. Өрт кезінде 227 адам болып, олардың 222-сі жер бетіне шығарылды. Бес кенші қаза тапты, 17 адам орташа және ауыр дене жарақаттарын алды. Сол уақытта шахта «АрселорМиттал Теміртау» компаниясына тиесілі болатын, қазір Qarmet құрамына кіреді.
Сотқа уақытша өндірістік директордың орынбасары, конвейер тасымалы бөлімінің бастығы және тағы екі қызметкер тартылды.
Сотта анықталғандай, айыпталушылар жабдықтың деформациясы туралы білген, бірақ шахтадағы жұмысты тоқтатпаған.
«Көмір конвейнерінің Д6 горизонты −170 позиция 2-бис үшін құжаты жоқ болғандықтан, металдан жасалған күшейткіштің бұзылуымен жұмысты тоқтату шараларын қолданбаған, орташа жанғыштықтағы конвейер лентасының жұмыс істеуіне рұқсат берген және ұзақ уақыт бойы төгілген материалды тазарту және айналмайтын және істен шыққан роликтерді ауыстыру бойынша жөндеу ауысымына жұмыс бұйрығы берілмеген», – деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметі.
Сот барлық айыпталушыларға минималды қауіпсіздік мекемесінде төрт жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Прокурор да дәл осындай мерзімді сұраған. Ал қорғаушылар ақтау үкімін шығаруды талап етті.
Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.
Бұған дейін Qarmet өкілдері 2023 жылғы өрттен зардап шеккен «Қазақстан» шахтасының учаскесін қалпына келтіру жоспары туралы хабарлаған болатын.