Атырау полициясы әлеуметтік желіде тараған қызды күштеп алып кету туралы видеоға қатысты тексеріс жүргізіп, оқиғаның мән-жайын анықтады, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Бұған дейін Atyrau Online сайты әлеуметтік желіде тараған видеода жас жігіттің бойжеткенді күштеп көлігіне отырғызып жатқанын хабарлаған болатын.
Кадрдан қыздың қарсылық көрсеткені, бірақ жігіттің оны тыңдамай, күш қолданғаны байқалады. Бұл сәтті куәгер алыстан видеоға түсіріп алған.
Полицейлер тексеріс нәтижесінде 22 жастағы жігіттің кім екенін анықтап, оның көлігін арнайы тұраққа қойған.
Ал, жәбірленуші 22 жастағы қыз полицияға арыз жазудан бас тартқан және жігітке ешқандай талап қоймаған.
Соған қарамастан, жігітке қатысты ұсақ бұзақылық бойынша әкімшілік хаттама толтырылып, іс сотқа жолданды.