Қазақстандық Дәурен Қаби Оңтүстік Американың ең биік шыңы – Аконкагуаға көтерілді. Ол биіктігі 7 мың метрге жуық тауға ұлттық музыкалық аспап – домбыраны алып шыққан, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.
Бұған дейін Дәурен Қаби Эверестке өрмелеу кезінде саусақтарының бірніше буынын үсіріп алған.
Аконкагуа – Аргентина мен Чили шекарасында орналасқан Оңтүстік Американың ең биік шыңы. Оның биіктігі 6961 метрді құрайды. Бұл тау "7 шың" бағдарламасына кіреді. Онда әр құрлықтың ең биік нүктелеріне шығу қарастырылған.
"Домбыра – мен үшін дала рухының, көшпенділердің символы. Ол 2000 жылдан астам уақыт бойы қазақ мәдениетінің ажырамас бөлігі болып келеді. Біз бұл жолы шыңға байрақ алып шыққан жоқпыз. Өйткені басқа мемлекеттің жеріне ту тігу – ескірген дәстүр деп ойлаймын. Ал домбыра – менің мәдениетіммен байланысымды білдіретін символ. Сондықтан оны шыңға аман-есен жеткізу мен үшін маңызды болды," – дейді Дәурен Қаби.