«Елік» биін билеген кім?

4076
Adyrna.kz Telegram

Жылбек Сенбекұлы, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының ғылыми қызметкері:
– Жақында әлеуметтік желілер арқылы «Елік» биі табылғандығы туралы мәлімет жа­рияладыңыз. Бұл деректі қайдан таптыңыз?
– Соңғы кезде тойларда «Қара жорға» биі міндетті түрде қойылады. Оған халық жап­пай ортаға шығып билейді. Біреулер «бұл Қытай қазақтарының биі» деген әңгімені шығарып жүр. Қазақ қай жерде болса да қазақ. Сондық­тан бұл би – қазақтың төл өнері, оны сыртқа тебуге болмайды. Халық бишісі Ысқақ Бы­жыбаев 1936 жылы Мәскеу қаласында өткен КСРО халықтары билерінің Бүкілодақтық фес­тивальдеріне қатысып, «Қара жорға» биін домбыраның сүйемелдеуімен билеген. Қа­зақтың халық биін тұңғыш кәсіби сахнаға шығарған таланттардың қатарында Шара Жиенқұлова мен Әубәкір Ысмайлов та бар. Ағылшын дипломаты әрі журналисі Годфрей Лиастың «Тарыдай шашылған қазақтар» (Kazakh Exodus) деген атпен 1956 жылы Лондонда басылған кітабын ағылшын тілінен аударып жатырмын. Бұл кітапты Шығыс Түркістанның азаттығы үшін күресіп, опат болған Оспан батыр туралы жан-жақты мәлімет берілген алғашқы құнды еңбек деп бағалауға болады. Онда сонымен қатар Шығыс Түркістаннан босып, сонау Түркияға дейін жеткен көштің же­текшілері Қалибек әкім, Хамза Шөміш­байұлы, Сұлтан Шәріп Тәйжі, Құсайын Тәйжі, Қарамолла туралы көптеген мәліметтер кел­тіріледі. Қазақтың салт-дәстүрі, әдет-ғұрпына қатысты дүниелер де жетерлік. «Қара жорға» биінің суреті де тура осы кітапта бар. Суретте «Қаражорға» биін билеген адам «Елік» биін де билеп жатыр. Бишінің аты-жөні жазылма­ған, ал домбырамен сүйемелдеп отырған Қарамол­ла Сейітханұлы деген кісі. Түркиялық бе­лгілі шоқайтанушы-ғалым, қандасымыз Әбдіуа­қап Қараның айтуынша, аталған еңбекте кітап авторы Годфрей Лиаспен кездесерден сәл бұрын Қарамолла Сейітханұлы Оспан батыр жайында бір дастан жазып шыққанын айтады. Сол дастанды Годфрей Лиас үнтаспаға да жазып алған. Бұл кітап жарыққа шыққанда Оспан батырдың өлгеніне небәрі бес-ақ жыл болған. Автор сол бес жылдың ішінде Оспан батыр туралы аңыз-әңгіме шежірелердің қазақтар арасында кең тарала бастағанын келтіреді. Кітап 1956 жылы Лондоннан жа­рыққа шықса, қазақ биінің үлгілері түсірілген суреттер 1954-55 жылдары түсірілген болуы ке­рек.
– Биді кімдер орындаған екен? Балалар ма, қыз-келіншектер ме, әлде ер адамдар ма? Бұл жұптық немесе топтық би деген сияқты анық­тамасы бар ма?
– Ағылшын авторы Годфрей Лиастың «the Danceofthe Roebuck» деген сөзін «Елік биі» деп аударып отырмын. Ағылшынша «Roebuck» дегеніміз «елік» деп аударылады. Бұл би бас­қаша аталуы да мүмкін. Халыққа түсінікті болуы үшін кітаптағы осы би жайында айтыл­ған тұсын түгелімен аударып беріп отырмын. Онда

«…Би дегеніңіз – қазақтар үшін ерекше өнер. Мұсылмандар әйел затының көпшілік алдында өнер көрсеткенін ерсі көреді. Сон­дықтан болар, қазақтың дәстүрлі билерін көбіне еркектер билейді. Жалпы, қазақтар жануарлардың төлдегені, олардың өсіп-жетілуі жайында көп әңгіме айтады. Сол себептен мұны «Елік» биі деп атаған шығар. Жалғыз биші ортаға шығып, басын жерге қадап, тек қолымен тепе-теңдікті сақтап, құлап қалмау үшін сүйемелдеп тұрады. Ол басымен жерде шыр айналып, аяқтары мен денесін бүгеді, мұның бәрін әуеннің ырғағымен жасайды. Ырғаққа қарай мойын мен иықтың бұлшық еттерін жиырып, жерден денесін көтереді.

Түркияның Девели аймағында бір қазақ босқыны Қарамолданың домбырамен сүйе­мелдеуімен «Елік» биін биледі. Ол кезде биші қартайып қалған екен, оның мойын бұлшық еттері сондай күшті, басымен жерді тіреп тұрғанда құлаған жоқ. Ол осыған ұқсас аяқпен билейтін «Қара жорға» биін де билегенде тепе-теңдікті сақтап тұрды» делінген.
– Тарихшы-этнографтардан сұрастырып көрдіңіз бе? Олар не дейді?
– Би жайында ғалым-зерттеушілермен пікірлесе қойған жоқпын. Мұны бір білсе, бел­гілі этнограф ағамыз, марқұм Жағда Бабалықұлы білуші еді. Көзі тірінде Хасен Оралтай ағамызға хабарласып, аталмыш кітаптың аударылған-аударылмағанын сұ­рағанмын. Әбдіуақап Қара ағамыздан да бір жолыққанда сұраған едім, бұл кітап түрікшеге аударылған, алайда кей тұстары бұрмаланған деген пікір айтты. «Қара жорға» биін Қазақ­станда танытып жүрген Арыстан Шәдетұлы ағамыз да мұны білуі мүмкін. Мына суреттегі кісі Арыстан ағаның әкесі емес пе екен деген ой келеді. Өйткені сол жылдары ол кісінің әкесі Түркияға жер аударылғандардың ара­сын­да болған. Бір білсе, сол кісі білуі мүмкін…


«Айқын». Қаншайым Бәйдәулет.

Пікірлер