АҚШ президенті Дональд Трамп америкалық компанияларға басқа елдердегі шенеуніктер мен саясаткерлерге пара беруге тыйым салатын заңның қолданылуын тоқтатуды бұйырды, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы DW-ге сілтеме жасап.
Дүйсенбі күні Ақ үй басшысы АҚШ-тың әділет министрлігіне 1977 жылдан бері қолданыста болған шетелдегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы заңды (Foreign Corrupt Practices Act, FCPA) қолданбауды міндеттейтін жарлыққа қол қойды. Ол бұл заңның орындалуы америкалық бизнестің шетелдегі бәсекеге қабілеттілігін төмендететінін мәлімдеді.
Трамптың пікірінше, пара беруден қауіптенген америкалық кәсіпкерлер шетелдік бәсекелестеріне қарағанда теңсіз жағдайда қалып, бизнеспен айналысу мүмкіндігінен айырылады.
"Бұл Америка үшін әлдеқайда көп бизнес әкеледі", – деді Трамп Ақ үйдегі кабинетінде жарлыққа қол қою кезінде журналистерге. Жарлықтың мәтінінде бұл заң АҚШ мүддесіне зиян келтіретіні атап көрсетілген.
Reuters агенттігінің хабарлауынша, Дональд Трамп бұл заңды өзінің алғашқы президенттік мерзімінде-ақ жоюды көздеген. Ол Джимми Картер президенттігі кезінде қабылданған заңды "сұмдық" деп атап, "бүкіл әлем америкалықтардың бұл заңды сақтайтынына күледі" деп мәлімдеген.
Сонымен қатар, Трамп бас прокурор Пэм Бондиге осы заңға қатысты қазіргі және өткен әрекеттерді талдап, оны қолданудың жаңа нұсқаулықтарын дайындауды тапсырды.
Transparency International халықаралық сыбайлас жемқорлыққа қарсы ұйымы АҚШ президенті Дональд Трамптың жарлығына дереу жауап берді. Ұйымның мәлімдеуінше, бұл шешім АҚШ-тың жаһандық сыбайлас жемқорлықпен күресудегі маңызды құралының күшін жояды.
2024 жылы АҚШ әділет министрлігі мен бағалы қағаздар және биржалар жөніндегі комиссия FCPA аясында 26 істі тергеуге алған. Жыл соңына қарай кемінде 31 компания бұл заң аясында тексерілуі керек болған.
АҚШ-тың Шетелдегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы заңы (FCPA) Қазақстанда жұмыс істейтін бірқатар компанияларға бірнеше рет қолданылған.
Ең атышулы істердің бірі – "Қазақгейт" (Kazakhgate). Бұл оқиғада америкалық кәсіпкер Джеймс Гиффен қазақстандық жоғары лауазымды шенеуніктерге мұнай келісімшарттарын алу үшін миллиондаған доллар пара берді деп айыпталған. Тергеу барысында бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың есімі жиі аталды. Офшорлық шоттар арқылы қомақты қаражат аударылып, америкалық инвесторларға тиімді келісімдер жасалғаны белгілі болды. Назарбаев ресми түрде айыпталмағанымен, бұл жанжал АҚШ бизнесі мен Қазақстан билігінің жоғары деңгейде тығыз байланыста болғанын көрсетті.
2018 жылы әлемдегі ең ірі инвестициялық банктердің бірі Goldman Sachs АҚШ-тың шетелдегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңы (FCPA) аясында тергеуге алынды. Банк Малайзия шенеуніктеріне пара бергені үшін айыпталды. 2009 жылы Малайзия үкіметі ел экономикасын дамыту үшін "1MDB" мемлекеттік қорын құрған. Goldman Sachs бұл қорға 6,5 миллиард доллар көлемінде облигация шығаруға көмектескен. Алайда кейіннен бұл қаражаттың басым бөлігі ұрланғаны анықталды. Тергеу нәтижесінде банк келісімшарт алу үшін малайзиялық шенеуніктерге пара бергені белгілі болды. Қазақстанда Goldman Sachs-тың аты сыбайлас жемқорлық жанжалдарымен аталған жоқ. Дегенмен, банк Astana International Exchange (AIX) биржасының акционерлерінің қатарына енген. Бұл биржа Нұрсұлтан Назарбаевтың жарлығымен құрылған Астана халықаралық қаржы орталығы (AIFC) ашылған күні іске қосылған.
Депутат Ермұрат Бапи Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Владимир Путиннің жуырдағы кездесуін АҚШ-тағы ықтимал қылмыстық ісімен байланыстырды.
Бапидің айтуынша, АҚШ Әділет министрлігі әлемдік клептократтарға қатысты жаңа қылмыстық іс дайындап жатыр. Егер бұған дейін бұл іске АҚШ азаматтары, компаниялары, сақтандыру ұйымдары және сарапшылар тартылған болса, енді АҚШ субъектілерінің қызметін пайдаланған кез келген шетелдік саясаткерге қарсы іс қозғалуы мүмкін.
Сондай-ақ, Бапи Қазақстанда бұрынғы президенттердің денсаулығы мен жеке өміріне қатысты мәліметтерді құпиялау туралы түзетулер қабылдануын осы дауға дайындықтың бір бөлігі болуы мүмкін деп есептейді.