Ұлттық құндылықтарды дәріптейтін, оқытатын арнайы пән керек

208

 

Соңғы уақыттарда ұлттығымызды сақтап қалу тақырыптары жиі көтерілуде. Сайын даланы мекендеген қазақ ұлты үшін қауіп қатер жан жақтан әр уақытта төніп отырды. Саяси жағынан көршілерімізге жұтылып кету қаупі әлі де сейілмей отыр. Десек те, қазіргі кезде қазақ деген ұлтты жұтуға барынша күш салған теріс діни ағымдар қаптап кетті. Негізгі қауіп те осы теріс діни ағымдар деп санаймын.

Қазақ қоғамына орасан зор қауіп төндіріп отырған осы теріс діни ағымдар жастарымыздың да санасын улауда. Екінің бірі қазір дүмше молдаға айналды. Кеше ғана мас болып көше кезгендер бүгін басына сәлде орап, діни уағыз айтуда. Ондай молданың пайымы мен ақыл өресі қай деңгейде болушы еді?! Әрине, жоқтан барды құрап, санасыздың сөзін айтады емес пе! Оны аз десеңіз, соңғы уақытта мектептің білім бағдарламасына діни сабақтарды енгізуді сұраушылар пайда болды. Ұлттық құндылықтары құрдымға кетудің алдында тұрған мемлекетте қандай діни дәрістер туралы сөз қозғауға болады? Өзінің шыққан тегін мақтан етіп өспеген ұрпақтың жүрегіне иман ұялату мүмкін бе? Ұлтына оянбаған сүйіспеншілік дінге ояна ма? Мүмкін емес. Қазақтың әрбір баласы ең алдымен өз ұлтын сүюге міндетті. Осы міндетті арқалаған бала ғана елінің, жұртының алдындағы жауапкершілікті сезінеді. Жауапкершілігі бар азаматтың өз ұлты мен еліне деген сүйіспеншілігі де шексіз болмақ. Міне, осыдан кейін ғана имандылық, діни ұстаным туралы сөз етсек жарасады. Мектеп қабырғасындағы балаға діни уағыз айтып, имандылықты күштеп енгізе алмаймыз. Қазақтың баласы қазақы қағидалар мен қазақы салт сананы тұтас сіңіріп өсуі керек. Сол үшін мектеп бағдарламасына салт дәстүрімізден жан жақты хабардар ететін, ғұрыптардың шығу тарихынан бастап, қазіргі өзгеріске түсу себептерін тереңнен оқытатын арнайы пән енгізілуге тиіс. Өз ұлтының рухани құндылықтарынан хабардар, ата салтын жетік білетін бүгінгі бала ертеңгі еліміздің нағыз қорғаны болады.

Қазір қарасаңыз, әр ауылда кемінде бір мешіт бар. Кей ауылда тіпті, екі мешіттен бар. Ауыл балаларының басым бөлігі бос уақытын сол мешіттерге барып, дәріс алумен өткізуде. Балалар діннен аулақ болсын демеймін. Босқа сандалып, көше кезіп жүргеннен гөрі, бір уақыт құран оқуды үйренгені де дұрыс. Алайда құран бағыштау үшін алдымен ата бабасын сүюі керек емес пе? Ал ата баба аруақтарын сүю үшін, ең алдымен ұлтын сүюе білуі керек. Міне, сондықтан да балаларымызды кішкентайынан ұлтын сүюге баулуға тиіспіз. Ол үшін мемлекет тарапынан үлкен қадам жасалуы қажет. Ол қадам

білім министрлігінің бастамасымен қолға алынып, мектеп бағдарламасына салт дәстүрлерді оқытатын, үйрететін арнайы жаңа пән енгізілсе. Бұл мәселені бүгін қолға алмасақ, ертең кеш болары анық. Өйткені ұлттық құндылықтарымыз біртіндеп жойылып, жұтылып барады. Сонымен қатар ұлттық құндылықтарды дәріптеу мақсатында көптеген бағдарлама іске қосылып, түрлі жобалар жүзеге асырылса. Міне, сонда ғана жер бетінде тіршілік еткен қазақ деген ұлтымызды сақтап қаламыз. Ұлтты сақтап қалу барлық ерліктің ішіндегі ерекше ерлік дер едім. Сондықтан осыған халық болып күш салайық.

Нұржігіт КЕҢЕСБЕК, Жамбыл облысы.

Пікірлер