Қадыр Мырза Әли: Шын еркекті көргенде, әйел біткен əйел болғанына қуанады

2015

Сен махаббатпен ойнасаң, тағдыр сенімен ойнайды.

***

Түртсең - көз шығады,
Шертсең - сөз шығады.

***

Қызды бүгінде шеше тəрбиелемейді, Көше тəрбиелейді.

***

Кемпірді кемпір демей,
Көп жасаған қыз деу керек.

***

Адам болам дегенге артық байлық берілмейді.
Байлықтың иесі - қазақтар,
Қожайыны - келімсектер.

***

Бұлбұл балапан басуға отыра сала сайрағанын қояды.

***

Қаса сұлу жүрегіңді ғана емес,
Қалтаңды да қақтырады.

***

Шын еркекті көргенде
Əйел біткен əйел болғанына қуанады.

***

Əйелдің туы - етегі,
Егеспе!
Құлағың түр кеңеске,
Егеспе!

***

Əдемі қызды көргенде,
Ақылды қызды аяйсың!

***

Əдеміліктің сыртында, əдетте ақымақтық жатады. Ол көбіне - көп қартая келе байқалады.

***

Жүректі жаулап алу онша қиын емес, бірақ оны ұстап тұру қолдан келе бермейді.

***

Біреулер: «Біздің жаққа Қадыр Мырза Әли келген», «Мен Қадыр Мырза Әлиді көргем», «Қадыр Мырза Әли айтқан, Қадыр Мырза Әли жазған» деп жатады. Ал енді сол қас талантқа көзі тірісінде күнде қасында шәй құйып беріп отырған асыл жарға ол ең әуелі шаңырақтың иесі, отағасы екені айтпаса да түсінікті. Оған әрине барлық әйелдердің күйеуіне айтатын арыз-арманы да, мұң-шері де, өкпе-назы да жат емес, бөтен емес.

***

Мұңды жеңуден мыңды жеңу жеңіл.

***

Тауыққа тентек қораз, əйелге жуас еркек ұнайды.

***

Əдетте адам арманына жете алмайды,
Арманның түбіне күйбең тірлік жетеді.

***

ҚазМУ-де бес жыл оқығанда дұрыс көктем көрмеппін, жас болып, бозбала болып қыдырған күнім болмапты. Кітапханаға барам, 10-15 автордың кітабын алып үйге қайтам. Бір аптадан соң қайта тапсырам, сөйтіп мен мектеп, университетте жүргенде Дүние жүзінің классикасымен танысып шықтым. Одан біткен соң да оқуды қойған жоқпын. Өзім тұрған Тастақтың кітапханасын түк қоймай оқып, ҚазМУ-де оқымаған нәрселерімді білдім. Еңбек жөнінде тұтас бір дәріс оқуға болады.

Пікірлер