Ұлттық құндылықты сақтау әрбірімізге жүктелген аманат

188

«Ұлттық» деп аталатын әрбір дүниеге үрке қарайтынымыз жасырын емес. Өйткені қазақ халқының басынан ұлтқа қатысты қилы заманның талайы өтті. Десек те, жер бетінде қаны таза сақталған, ерекше ұлт бола тұрып, қазір ұсақталып бара жатқанымыз да шындық. Қылышынан қаны тамған Кеңес дәуірінде салты мен дәстүрінің, ғұрпы мен жоралғысының қаймағын бұзбай сақтаған халқымыз бүгін де түрлі теріс діни ағымдардың арбауына түсіп, ұлттық құндылықтардың талан таражын шығаруда.
Өткен ғасырларда өзге ұлттың боданында жүріп, жұтылып кетпеу қаупі басым болғаны сонша, дініміз де, діліміз де, тіпті тіліміз де бұзылмай сақталып еді. Ал қазір ше? Қазіргі жағдай қалай? Қазіргі тәуелсіз ел тұсындағы жағдайымыз керісінше өте қауіпті, өте қорқынышты. Өйткені сөз қолданысымыздан бастап, салт санамыз түгел қопарылысқа ұшырағандай, жұлым жұлымы шықты. Ел шекарасынан жымысқы мақсатын жүзеге асыруға жанталасып кірген кірме діндер мен іріткі салуды ғана көздеген кезбелер қазақ ұлтының біртұтастығын сақтаған әдеби, мәдени құндылықтарына қолды аямай салуда. Қазақ халқын мұсылман деп бауырға тарта отырып, ту сыртынан суық қанжарын қадауда. Бұл күнде қазақтың салт дәстүрін «ширк» деген сөзбен паршалап, жоюға ұмтылғандардың қатары қалың.
Арғы аталарымыздың жүріп өткен жолы бүгінгі біз үшін адастырмайтын шамшырақ тәрізді. Жеті ата бабаң жүріп өткен жолдан жаңылған күні, қазақтың ұлы деген аттан да айырыласың. Өкінішке қарай, мұндай пайымды мешіт жағалап, соқыр санасына дүмше молдадан дәрмен сұраған сорлыларға айтып түсіндіру мүмкін емес. Қазір мектеп жасындағы балаларына ораза ұстатып, қыздарының басын орап, етегін салаңдатып, киіндіретін ата аналар көбейді. Мұның не деген сұраққа олардың жауабы дайын. «Мұсылман осылай болуға тиіс». Қай атаң тұлымы желбіреген кішкентай қызының басына орамал салып еді? Қазақта орамал салудың өзіндік жолы бар. Босағаны жаңа аттаған жас келіннің басына орамал салынады. Ал қыз күнінде қазақтың қызы өз елінің еркесі, ең құрметтісі саналып, үкілі бөрік киген. Қазақ ешқашан қызының қолаң шашын орамалдың астына тықпаған. Керісінше, қыздарымыздың сол қолаң шашы талай құнды шығармаларға арқау болды емес пе?! Ал қазір «шаш әуретті жерге» айналыпты. Бұл қалай?
Осының барлығы ұлттық тамырымздан ажырауымыздың салдары. Ұлттық тамырымыздан қалай ажырадық? Қазақ ұлттық тамырынан ең алдымен қаңғыған, келімсек теріс діни ағымдардың кесірінен ажырады. Дәстүр мен сабақтасқан дінді бір бірінен ажыратып, қазақтың салтына «ширк» деген мөр басылған сәттен бастап, біз ұлттық болмысымыздан да ажырап барамыз. Өзіндік ұлттық болмысы, бітімі, ерекшелігі, дәстүрі мен салты жоқ ел түбінде жойылады, жұтылады. Әрбір ұлтты сақтайтын оның ұлттық құндылықтары. Олай болса, қазақтың баласы деген атымызды сақтау үшін ең алдымен, аталарымыздан қалған рухани мұраны бойымызға сіңіріп, сол байлығымызды бағалауға тиіспіз. Дінмен астасып, сыналай кірігетін өзге дүниелерді қазаққа тықпалаудың, қазаққа жабыстырудың еш қажеті жоқ. Себебі, қазақ тек қазақ болып қалады. Қазақты өзге ұлтқа айналдыруға жанталасып жүргендерге тойтарыс берейік. Тойтарыс беру бір ғана жолдан тұрады. Ол – аталарымыз салып кеткен жолдан адаспау ғана.

Рауан ДӘРІБАЙҚЫЗЫ,
Шымкент қаласы.

Пікірлер