Салтын сақтаған ел жойылмайды

95

Қазіргі кезде молда мен діни уағыз айтушыдан көп адам жоқ. Қайда барсаң да, Құраннан дерек келтіріп, пәлсапаны соққандарды көптеп кездестіресің. Тойға барсаң да, жаназаға барсаң да тозақ пен жұмақ туралы естисің. Қарап тұрсаң, жұрттың бәрі діни ақылды болып кеткендей. Сондайда ойланамын, осы біздің аталарымыз бен апаларымыз қазір қайда екен деп. Қазіргі имамдардың сөзіне сенсең, намаз оқымаған да, ораза ұстамаған да, қажылыққа бармаған да тозақы. Жалаң бас жүрген әйелдің бәрі тозақы. Әйелін тыңдаған еркек те тозақы. Апырай, деймін сондайда, жұмаққа кімдер барады сонда?
Жақында жақын бауырым қайтыс болып, жаназаға жиналдық. Ата бабамыздың ғұрпы бойынша мәйітті арулап аққа ораған соң, жаназаға тұрдық. Сол сәтте молда «аруақты қабірде қырық күн жебірейіл азаптайды. Қабір азабын жеңілдету үшін күнде дұға бағыштау керек. Егер үйде Құран оқитын адам болмаса, молдаға тапсырыс берсе болады. Құран міндетті түрде арабша оқылуға тиіс. Өйткені о дүниеде бәріміз тек арабша сөйлесеміз» дегенде, шалқамнан түсе жаздадым. Жаназа біткен соң, ебін тауып молданың жанына жайғастым. «Сонда жаратушыдан өз тілімізде дұға тілесек, қабыл етпей ме?» деп сұрадым. Аларып бір қараған имам басын шайқады. «Сонда бір ауыз арабша білмей, кешегі Кеңес дәуірінде дүниеден өткендердің жағдайы не болмақ?» дегеніме «Олар тозақта. Өйткені олар құдай жоқ деген заманда өмір сүрді. Имандылықты емес, салт дәстүр, ғұрып жоралғыны алдыңғы орынға шығарды олар» деді шімірікпей. Қазақ халқының ата салты адами ұстанымға қайшы келген бе еді? Жалпы, ғұрып салтымыздың өзімізге кесір боп тиер тұсы бар ма? Жоқ! Соған қарамастан, қазіргі дүмше молдалар ойына не келсе, соны шариғатқа балап, өресінің жеткен жерімен уағыз айта беретін болды. Бұл өте қауіпті. Өйткені қазақтың қазақ болып жаралғалы атадан балаға жалғасқан өзіндік ұлттық рухани құндылықтары бар. Осы баға жетпес құндылықты әлдебір діни сеніммен жоққа шығаруға, жоюға күш салуға ешкімнің хақысы жоқ. Сондықтан ең алдымен қазір әр жерде уағыз айтып, ділмарсып отыратын имамдардың білік білімін тексеріп, сараптау қажет. Дін – салт-санамен ұштасқан жағдайда ғана ұлт сақталмақ. Ал егер дін мен салт дәстүр біріне бірі кереғар келсе, онда ұлт жойылады. Әр қазақ отбасында ұл қызын қазақы дәстүрге сай тәрбиелеп, баласының санасына бабалардың мирас етіп қалдырған құндылықтарын сіңіріп отыруға тиіс. Біз сонда ғана әлеуетті, өркениетті Қазақ елі бола аламыз. Өзге мемлекеттерден біздің ерекшелігіміз дінімізде емес, ең алдымен тіліміз бен салт санамызда. Кез келген ұлтты бір бірінен ерекшелейтін дүниелер сол емес пе? Олай болса, Елбасымыздың қолдауымен бастау алған рухани құндылықтар мәселесі ертеңгі ұлт болып қалуымыздың негізгі іргетасы болмақ.

 

Дәнеш Сарыбай,
Қарағанды облысы.

Пікірлер