Шыққан тегін, ұлтын сүю- адамзаттың басты парызы

219

Еліміз тәуелсіздігін алған тұс пен аумалы төкпелі кезеңді бастан кешірген күндер менің есімде жақсы сақталды. Өйткені ол шақта жасым он екіден асқан кез болатын. Ата анамыз біздің тамағымызды табу үшін ала дорба арқалап, ел кезіп кететін. Сондай күндерде соңымнан ерген үш бауырыма қамқор болу, сол үшеуінің киімін жуып, тамағын беру менің мойнымда еді. Әкем қай жерде қара жұмыс бар, қай жерде ақшасын төлейтін іс бар сол жақта жүретін. Ал шешем шекара асып, тауар тасыды. Сол тауарды елге әкеліп, сатып, отбасымыздың жыртығын жамады. Ол күндерді ұмыту мүмкін емес. Себебі, біз ғана емес, тұтас ел қиналды. Әлі есімде, анам сорлы арыш аршып шаршап үйге келгенде біз шұрқырап алдынан шығып, оның кең құшағына құлайтынбыз. Аптасына бір күнге ғана келетін шешем сол кезде небары қырықтың қырқасынан енді асқан. Алайда, бетін торлаған әжімі анамды сондай қартайтып көрсететін. Күстеніп кеткен қолдарымен шашымыздан сипағанда, жарылған алақаны шаштарымызды жұлғандай әсер ететін. Айнала жақын қоныстанған ағайынның бар баласы біз секілді күн кешті. Баланы балаға тапсырып, аманаттаған кездер еді ол кез. Әке шешемнің бізді аяқтан тұрғызып, қолымызды аузымызға жеткіземіз деп бар күшін сарп еткенін басқа білмесе де, өзім жақсы білемін.
Уақыт зымырап өтіп, еліміз егемендігінің іргетасын нығайтып, күнкөріс түзеліп, халықтың күйі дұрысталды. Осыған дейін арман болған дүниелер бұл күнде ақшаң болса, қолжетімді. «Тапшылық» деген атымен жоқ. Біз де өстік, бір отбасының тірегіне айналдық. Артымнан ерген үш бауырым да шаңырақ көтерді. Алайда, осыған дейінгі көрген қиындықтарымыз бен ата анамыздың біз үшін жасаған әрбір жанкештілігіне лайық бола білдік пе? Мені мазалайтын сұрақ осы. Өйткені қазір бауырлар, яғни төртеуміз бір дастарқан басына жиналып, бірге отыра алмайтын жағдайға жеттік. Бұл жағдайға жоқшылық, тапшылық немесе қиындық жеткізбеді. Бұл күйге діни көзқарасымыздан жеттік. Үйдің жалғыз ұлы болған соң, інім Мұхитты ата анам ақылы жоғары оқу орнына түсірді. Студент атанған Мұхит үшінші курста шетелге білімін жетілдіруге баратынын айтты. Бұл үшін отбасымызбен қуандық. Өкініштісі сол, қандай білім жетілдіру екенін тәптіштеп те сұраған ешкім болмады. Әкем астындағы жалғыз атын сатып, бауырымның жол қаражатын тауып берді. Ал анам құлағындағы жалғыз сырғасын сатып, қажетті заттарын түгендеп берді. Мұхит шетелде бақандай бес жыл жүрді. Өзінің нақты қай елде екенін бізден жасырын ұстаған екен. Былайғы жұртқа бауырымыз өз айтқандай, Европада оқып жүр деп мақтанатынбыз. Ал шындығында бауырымыздың қай елде білімін жетілдіріп жүргенін білмедік. Бес жылды араға салып, елге оралған Мұхит адам танымастай өзгерген. Қарсы алуға барған біз сағынышымызды баспақ болып, құшақ жая ұмтылғанымызда, ақырын кеудемізден итергендей болды. Жатырқап қалған екен десіп, жан жақтан қаумалап, құшақтап, сүйіп жатырмыз. Бірақ бауырымыз бойын алшақ ұстайтындай бізден. Міне, осы күннен бастап сүттей ұйыған отбасымыздың берекесі қашты. Шетелден келген баламен амандаспаққа ат арытып, алыс жақыннан келген ағайын туыс бұрынғы ақкөңіл, аңғал Мұхитты емес, сіресіп, әр қимылына сын айтқан, Құраннан әлдебір дәлел келтіріп, бар дүниені шариғатпен өлшейтін молданы көргендей жиырылды. Адам аяғы сиреп, өзіміз қалған күндерде анық байқадық, Мұхиттың тұла бойы дінмен құрсауланыпты. Ұзын етек көйлек киіп, бастарыңа орамал жабыңдар деп бізді үгіттеді. Намаз оқымасаңдар кәпірсіңдер деп ата анамды жазғырды. Келе келе бауырымыздың бұл қылығы бізге түрпідей тиетін болды. Тіпті, араздасып та қалдық. Осылайша екі қыз тұрмысқа кетіп, Мұхиттан алыстадық. Күні бойы қолынан құмғаны түспейтін бауырымыз жұмыс істеп, ақша табуды ойламады. Бар айтары «Аллаһ несібені өзі береді. Мен тек құлшылық етуім керек» дейді. Әр аптаның жұмасында үйден шығарылатын иіске тыйым салынды. Мұхиттың айтуынша, аруақ деген жоқ. Иіс шығарып, дұға жасау емес, тек намаз оқу керек екен. Әке шешесінің зейнетақысына ортақтасқан бауырымыз қара киімге оранған қызды ертіп келді үйленемін деп. Қазір әкемнің төрт бөлмелі үйінің екі бөлмесінде бауырым отбасымен бөлек тұрып жатыр. Ал қалған екі бөлмеде ата анамыз тұрады. Бөлек тамақ пісіреді. Бөлек тамақтанады. Намаз оқымайтын әке шешесін бауырым кәпір санап, олардың жанына жолағысы келмейді. Ал жастары келген қарт әке шешем арабша сүре жаттауға мүмкіндігі жоқ. Міне, осылайша шетелде білімін жетілдіреді деп соңғы тиынын соның жолына жұмсаған баласы бүгінде бөтенге айналған ата анамыз құсалықпен күнін өткізуде.
Діни сенім, иман деген адамзатқа керек дүние. Алайда әлдебір тылсымға, құдіретке сенбес бұрын адам өзінің шыққан тегін, ұлтын және ұлттық құндылықтарын жете біліп алғаны жөн. Өзге ұлттың ұстанымындағы пайымды өзіне таңып, өз ата анасынан безінген осындай ұрпақ қазір көбейіп бара жатыр. Мұның барлығы еліміздегі идеологияның әлсіздігінен болып отыр. Біз өзіміздің қазақ ұлты екенімізді мақтан тұтатын дәрежеге жетпейінше, әлдебір имандылық бізді жойылудан сақтап қалмайды. Адам үшін өзінің тегінен қымбат, тегінен артық дүние жоқ. Мешіт жағалаған балаңызды жіті бақылауда ұстамасаңыз, күні ертең сол балаңыз өзіңізге дұшпан болып, қылыш көтермесіне кепілдік жоқ екен. Мен осыны түсіндім.

 

Самал АЙДАРХАНОВА,
Ақтау қаласы.

Пікірлер