«Салт-дәстүр заңнан биік»

3375
Adyrna.kz Telegram

«Қыр елінің Крыловы». Бұл оған ақын Сырбай ағасының қойған аты.Қойса қойғандай-ақ. Ол тарихы тұнған Торғай жерінде туып, тәлім алыпқоймай Атыраудан Алтайға дейінгі атырапты айналып өтіп, ұлтының ұлымұрасы салты мен дәстүрін жиып һәм жазып шыққан жан. Ақын інісіСерік Тұрғынбекұлы айшпақшы, «туған ел тарихының білгіші де, ғалымы, шешені, ұстазы да бір кісі». Ол — Сейіт Кенжеахмеұлы. Халқының құрметіне бөленген Сейіт аға Ұлыстың Ұлы мерекесінің қарсаңында Алматыға келді. Қазақ мәдениетінің жілігін шағып, майын ішкен этнографпен бізге де тілдесіп қалудың сәті түскен еді.

 Кейінгі 1-2 жылда Ұлыстың Ұлы күні Наурызды еліміз үш күн тойлайтын болды. Дегенмен бірер күндік аста-төк дастарқан мен асығыс тігіле салған ақ шаңқан киіз үйлер әлі де науқандық үрдістен арыла алмай келе жатқанымызды аңғартпай ма?

— Ол рас. Біздікі тек науқан ғана. Киіз үйлер тігіп тастап, көже пісірілсе Наурыздың өткені деп ұғынатын басшылардың әрекеті ғана іспетті. Сондықтан да Наурыздың нарқын біле алмай жүрміз.
Ал нағыз Наурыз — мыңдаған жылдар бойы халықтың қанына сіңіп, санасында пісіп-жетілген қуаныш-қызығы болған. Елдің мақтанышы һәм сүйініші. Наурызға дайындық ай бұрын басталады. Өйткені Наурыз —олардың үздіге күтетін үміті. Халық мерекеге дайындықты жан дүниесін тазартудан бастаса керек. Қатулар татуласып, татулар достасатын шақ та жылдың осы мезгілі. Баршаның бәтуаға келіп, төрт көзі түгел тәубаға түсетін түс. Қала берді, Наурыз айында малға да зекімейтін болған. Осынау жаймашуақ, мамыражай күндер де мереке маңызын арттыра түсетіні сөзсіз. Халқымыз Наурызға рухани ғана емес, экономикалық жағынан да үлкен дайындықпен келетін. Керек десеңіз, киіміне дейін жаңартып, тұратын жеріне дейін өзгертеді, ағашын отырғызады. Дайындықты қоспағанның өзінде Наурыз тойы тоғыз күнге ұласатын болған. Оның әр күні берекелі әрекетке, игі іске негізделетін еді.
Біздің бала кезімізде жұмсар ақша, ішер тамақ, киер киім болған жоқ. Есесіне ел іші — өнер кеніші еді. «Мұқтаждық — мың өнердің анасы» деген содан айтылса керек. Қазақтың бүкіл болмысы, үлгі-өнегесі, салт-дәстүрі, мәдениеті, күллі игі қасиеті қаз қалпында сол кездегі кемпір-шалдарымыздың аузында, әдетінде жүрді. Оны бізге кітапсыз-ақ қалыптастырды, мектепсіз-ақ үйретті. Ал бүгінгінің баласында, керісінше, бәрі бар, ішкені алдында, ішпегені артында. Бірақ ертеңсіз. Ұлттық тамырынан алшақтап кеткен қоғам ұрпақты саңылаусыздау, санасыздау, ұғымсыздау етіп тэрбиелеуде. Көрінгеннің күресінге тастағанына көз сатқызып, жат жұрттың жылтырағына жалтақтатып отыр.
— Наурыздың нарқына бара алмай жүргенімізді былай қойғанда ұлттық киімізге — концерттік костьюм, ұлттық тағамымызға — мерекелік мәзір ретінде қарайтын күйге жеттік…
— Амал нешік?… Қазақ ақты жақсы көреді. Сүттен тағам жасау технологиясын қазақтан артық меңгерген халық жоқ. Бір жолы Алматыдағы технологиялық университетінде ғалымдармен кездескенімде «Бүгінгі уақытта сүттен қанша тағам түрін алуға болады?» деп сүрадым. Олар әлем елдерінің тәжірибесінен бастап бәрін қосқанда 97 тағамның түрін алуға болатынын айтты. Мен қазақтардың өзі сүттен 100-ден (!) астам тағам жасай алатынын айтқанымда олар лажсыз бастарын шұлғыды да «Біз бар болғаны теоритикпіз ғой. Ал Сіз соның бәрін қолмен ұстап, көзбен көрген практиксіз» деді.
Қала берді, қате жазатын болып алдық. Таяуда ғана бір беделді республикалық басылым Наурыз мерекесіне бет арнапты. Тілшінің сауалына бір жас әнші «Мен Наурызға жақсы дайындалып жатырмын. Ұлыма «ұйқыашар» дайындап бергелі отырмын» дейді. Ал керек болса! Олардың ойынша, ұйқыашар — ұйықтап қалғанның ұйқысын шайдай ашатын тағам ғана екен. Ол аздай талай жыл зайыбымен отасқан жасамыстау жігіт ағасы «Мен әйеліме «селт еткізер» сыйлаймын» деп қарап отырмасы бар ма? «Ұйқышар» бозбаланы күндіз күлкі, түнде ұйқыдан айыра жаздайтын ғашықтыққа апарар жолдағы, «селтеткізер» самарқау жатқан сезімді селт еткізер символға ие халықтық әдеттің әдемісі емес пе?! Бұдан бөлек «бас табаққа бас, жамбас, арқа салынады» деп жүргендер бар. Арқа деген мүшені атам қазақ атап па еді?
Базбіреулер айтпақшы, ұлттық киімді мектеп формасына, ұлттық тағамды дәмханалардың мәзіріне кіргізу керек емес. Оларды өмірге енгізу керек. Өмір ол — отбасы, балабақша, мектеп, университет, жұмыс т.б. Сорақысы сол, көшеден ұлттық киім киген қазақ көрсек, «Қай жерде концерт болғалы жатыр екен?» дейтін халге жеттік. Өкінішті. Іргедегі өзбектеріңіздің өзі сонау КПСС-тің съезіне тақиясын тастамай келетін. Ол оның — ұлттық мақтанышы, өзбектік паспорты. Ұялмай көр.
— Тілімен талайларды тағынан түсірмесеңіз де, тәубасына түсірген, сатираның сын садағын асынған сарбаз бола жүріп этнографияға бет бұрдыңыз. «Сатира менсіз де жазылады» деп едіңіз сол кезде. Бұл қазақ этнографиясының зерттелуі жағынан ақсап қалғанына жаныңыз ашығандықтан ба, әлде… Жалпы қазақ этнографиясының қазіргі аяқ алысы калай?
—Менің этнографияға бет бұруыма бағыт сілтеген Өзбекәлі Жәнібеков деген қазақтың қара нардай қадірлі азаматы еді. «Қазақтың тұңғыш этнографтары» деген кітапты құрастырып шығарған сол кісі болатын. Оның қайраткерлігін, өрлігін былай қойғанда ол ұлтының нағыз патриот перзенті еді. Мен сол кісімен бірге жұмыс істедім. Этнография әу бастан зерттелінбеді деуге болмайды.

Бір кездері Әлкейлер бастап қазақ этнографиясын зерттеуді қолға алды. Алайда дендеп ене алмады. Дүрысы — оған жеткізбеді. Ал ұлттың этнографиясын зерттеу, зерделеу — ұлтыңды тану, еліңді сүйе түсу, тарихыңның тұңғиығына үңіле түсу деген сөз. Оған қоса қазақ мәдениеті бай, өркениетті халық қой. Қай халық болмасын тегін танып, түбін біле түскен сайын рухтана түсетіні даусыз. Өзгелер содан қорықты. Өйткені сол кезде-ақ Мәскеу, Питер, тіпті сонау Париж барсаңыз да қазақтың киіз үйі алдыңыздан шығатын. Атбасардан шыққан Кенесарының батыры Жанайдардың ұлы Мейрам Қазан қаласына киіз үй апарып бас бәйгені еншілегенін, Шыңғыстың ұлы Шоқанға арнап 24 қанат ақ орда тіккізгенін сіз білесіз бе? Одан қалса киіз үйдің іші толған қолөнер.

Қазір ше? Қазір киіз үйді кез келген қазақ жасай алмайды. Қолданыста қолөнер бұйымдары жоқ. Ал бала оны қайдан көреді сонда? Неге еліктеп өседі? Осыдан төрт жыл бүрын Орталық Мемлекеттік музей этнографиялық сөздік жасауға көшті. Оны қазақтың аңыз-бабасына айналған Жағда Бабалықұлы бастап, мүйізі қарағайдай Сейіт Қасқабасов сынды этнограф-ғалымдар қостап, бірігіп жазды. Ол қазір дайын. Бірақ басылған жоқ. «Қаржы жоқ!» деп қол қусырып отырған жайымыз бар. Меніңше, этнография, ұлттық құндылықтарымызды ұлықтауға келгенде қаржыдан қағажу көрмеуіміз керек. Ұлтты ұлт етіп сақтап қалатын оның ұлттық болмысы. Кезінде вице министр болған Нағашыбай Шәйкенов деген білімдар адам «Халықтың салт-дәстүрі заңнан биік» деп отыратын. Өзі — заңгер. Әлихан Бөкейхановтың да «Діннен кейінгі халықтың ең күшті, қуатты құралы — салт-дәстүрі» дегені есімізге түседі. Мен халқымның мәдениетіне таңғалумен, тамсанумен келе жатқан жанмын. Алғаш салт-дәстүрдің 250 түрін жазып шыққанымда сенімсіздік танытқандар 440 түрін тамамдағанымда таңдай қақты. Мен бармақтайымнан ұлттық таным мен ұғымнан біліп өскенім бес қырдан асады. Ал оны ел ертеңі үшін жазып қалдыру — перзенттік борышым.
— Таяуда немен қуантасыз?
— Әрі кетсе екі-үш айдың ішінде «Атамұра» баспасынан «Қазақ халқының салт-дәстүрлері» деген энциклопедия шығады. Оған тікелей қамқорлық танытып отырған Мәдениет министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед.
Салт пен сана, тіл мен дәстур — тамырлас ұғымдар. Талай жыл «Қазақ тілі» қоғамының басы-қасында болдыңыз. Арқалықтағы ана тілінің ахуалы нешік? Сіздіңше, туған тілді тұғырына қондыру үшін қазаққа тағы қанша жыл керек?
— Ең алғаш «Қазақ тілі» қоғамы құрылған уақытта оның басында Әбдуәли Қайдар деген азамат болды. Кейін осы аттас қоғамдар әрбір аудандарда ашылды. Олардың қарекеті де қарымды болатын. Сөйтіп енді жолға түсіп келе жатқанда «Қазақ тілі» қоғамдарын жаба бастады. Қазір де сол аты бар, заты жоқ. Рас, бұл күн тәртібінен тіл мәселесі түсіп қалды дегенді білдірмейді. Айтылып жатыр. Бірақ баяу, жүйкеге тиеді. Ал бұрын 5 жылдық бағдарламалар деген болатын. Мысалы, «осындай мерзімде темір жолды салып бітіреміз» деген секілді. Қазіргі тілді түзейміз, тілді тұғырына қондырамыз деп жүрген ұйымдар мен қоғамдардың жүмысынан мұндай қарекет көре алмаймын. Білсеңіз, бір кездері қазақ мектептері жаппай жабылды. Бір ғана Целиноград облысында 17 аудан болса сол он жеті ауданның біреуінің-ақ қазақ секретары болыпты. Сөйтсе оның әйелінің өзі орыс екен! Міне, көрдіңіз бе? Бәрін өзгертті. Ұлттық болмыс, рух, ерлік ұмытылды. Ал қазір дүниежүзінде өз тілін ақша беріп өздеріне үйретіп жатқан бір-ақ ел бар, ол — біз. Өкінішті-ақ. Мыңдаған жылдары өтсін, мал екеш мал баласы сиыр да мөңіреуінен танған жоқ қой. Сонда не істеу керек дейсіз ғой? Кезінде бізді орысша үйренуге мәжбүрледі. Онсыз өмір сүре алмайтын жағдайға жеткізді. Қазақ тіліне қажеттілік, дұрысы мұқтаждық туғызу керек. Болғаны сол-ақ. Ол үшін мемлекеттік деңгейде қара күш, қала берді тізе керек.
— Ұлыс күні ырысты болсын, аға! Әңгімеңізге рахмет.


Динара ІЗТІЛЕУ

Пікірлер