АУЫЛЫНА ҚАРАП, АЗАМАТЫН ТАНЫ!

193

“Туған жер” шығармашылық байқауына қатысушылардың туындыларын парақшамызға жариялауды бастадық. Келесі келіп түскен туынды «Үздік мақала» аталымы бойынша Қартайған Ерғали Асхатұлы.

 

Байланыс телефоны: 8747 409 41 94

Жалпы көбіне-көп, әсіресе, өнер қайраткерлері, әнші немесе саяси белсенділер жұрт жадында жылдам жатталып, тарих дәптерінде есімдері алтын әріптермен жазылып жататынын білеміз. Ал еңбек пен бейнеттің арқасында келген беделмен мұндай абыройға жету қиынның қиыны. Дейтұрғанмен де бүгін таңда осындай үдеден шығып жүрген жігерлі жандар да бар. Киелі Әулиеата өңірінде орналасқан Шу ауданындағы Белбасар ауылын ел-жұрт қай кезде де бірлігі тарқамаған берекелі ауыл ретінде таныған. Берекелі деп екпін түсіріп айтуымыз да бекер емес. Аудандағы жалғыз тірек ауылы саналатын белбасарлықтардың бүгінгі ісіне қарап, сүйсінбеске амалыңыз қалмайды. «Ауылына қарап азаматын таны» деген сөз бар қазақта. Расымен де туған топырағынан жырақта жүрсе де өзінің туып-өскен ауылын өз баспанасын қамдағандай кем-кетігін түгендеп, жыртығын жамап, тұрмысын базарлы етуге бар күшін жұмсайтын азаматтар болады. Тиісінше, бұндай ауылдан берекенің тарқамайтыны да белгілі. Міне, осындай азаматтардың бірегейі ретінде Шу ауданының Құрметті азаматы Болат Сауранбаевты атап өтуге болады.
Ол шалғай өңірлерде жауапты қызметтерді атқара жүріп, өзі туып-өскен Белбасар ауылының әлеуметтік өркендеуіне өлшеусіз үлес қосып келеді. Болат Оспанұлының қажетті жерде ауылдастарының игілігі үшін жасалатын кез келген ортақ іске демеушілік танытудан да тартынып қалған тұсы жоқ. Қалтасы қалыңдаса жүріс-тұрысы өзгеріп шыға келетін әлдекімдерге қарағанда, керісінше жерлестерінен оның табиғаты мүлде бөлек екенін естисіз. Олай болмағанда ше? Маңдай терімен тапқан ақшасын имандылық ордасының бой түзеуіне жұмсап, алақандай ауылға зәулім мешіт салып берген Болат Сауранбаевқа ауылдастарының алғыстан басқа айтары жоқ. Одан қала берді ауылдағы әбден тозығы жеткен футбол алаңшасын толығымен сүргізіп, көлемі 50-100 метрді құрайтын, соңғы үлгідегі жасанды жабыны бар үлкен стадион салып, оны ауыл мектебінің меншігіне өткізді. Қазіргі таңда мұнда футбол үйірмесі ашылып, арнайы бапкер де бөлінген. Шу ауданында өтетін аяқ доп жарыстарының барлығы да дәл осы ауылдағы стадионда ұйымдастырылып жүр.
Тағы бір айта кетерлігі, өткен жылдың көктемінде аудан тұрғындары тағы бір тарихи сәттің куәсі болды. Тікелей Болат Сауранбаевтың мұрындық болуымен бой көтергелі жатқан «Белбасар» мәдени-спорттық кешенінің қазығы қағылып, алғашқы тасы қаланды. Сонымен қатар, тұрғындарға спорт кешенінің жобасы да танысытырылды. Екі қабаттан тұратын нысанның жалпы көлемі 2696 шаршы метрді құрайды екен. Кешеннің төменгі қабатында орналасатын әмбебап спорт залда келушілерге кіші футбол, воллейбол және баскетбол ойындарын ойнауға мүмкіндік бар. Ал екінші қабатта бокс, күрес және ауыр атлетика залдары болмақ. Мұндағы құрылыс жұмыстарын да елімізге белгілі «SHEBERBUILD» құрылыс компаниясы жүргізетін болады. Осы орайда аталмыш компанияны дәл осы Белбасар ауылының тумасы Болат Сауранбаев басқарады. Қазіргі кезде соғылып жатқан кешен аяқталуға жақын қалды. Мұндағы құрылыс жұмыстарына Болат ағамыз ауылдың жергілікті тұрғындарын тартты. Міне, дәл қазіргідей сағат тұрмақ секундтың өзі есептеулі шақта қаншама жанның нәпақасын тауып беру кез келгеннің қолынан келе бермейтін ерлік десек әсірелегеніміз емес. Болат Сауранбаевтың айтуынша, «Белбасар» спорт кешенінің әкімшілік бөлмесі мен спортшылардың киім ауыстыратын және жуынатын бөлмелерінің барлығы да халықаралық стандартқа сай болмақ. «Біздің бала кезімізде ауылда мұндай спорт зал тек арман болатын, ол қазіргі ауыл балаларының да арманы екенін білеміз. Сондықтан, ауылдастарымызға көмек болсын дедік. Құрылысы жүріп жатқан үлкен нысанға қомақты қаржы жұмсайтынымыз белгілі. Соған байланысты, «Хати Сауранбаев» атындағы қорды құрдық. Алдағы уақытта кез келген азамат өз шама-шарқынша құрылған қорға қаржы сала алады. Осы тұста, нысанның құрылысы толығымен аяқталған кезде елімізге белгілі бірқатар азаматтар қолдау білдіретіндіктерін айта кеткен жөн. Мәселен, еліміздің даңқты боксшысы Серік Қонақбаев кешеннің ашылу салтанатында халықаралық стандартқа сай рингті барлық құрал-жабдығымен бірге сыйға тартатынын жеткізсе, бокстан Сидней Олимпиадасының жеңімпазы Ермахан Ибраимов алдағы уақытта осы кешеннен олимпиадаға даярлау орталығының филиалын ашуды жоспарлап отыр. Сондай-ақ, «Қайрат» футзал клубының президенті Қайрат Оразбеков шағын футбол алаңшасын жабдықтауды толығымен өз мойнына алатынын жеткізді» - дейді Болат Оспанұлының өзі.
Байқағанымыздай, Белбасар ауылы ауызбіршілікке ұйыған, қазыналы қарты, жалынды жасы бар, өздері қалыптастырған жақсы іске жұрт болып жұмыла кетуді сабақтасқан салтқа айналдырған ауыл. Жырақта тұрып-ақ, іргелі жұмыстың тізгінін ұстаған немесе кәсібінің тасын өрге домалатқан ауыл түлегі туған ауылына қайырылып, бар-жоғын түгендеуге мұрындық болды. Ізгі іске ұйытқы болған азаматқа жергілікті әкімдік пен тұрғындардың атынан алғыс айтылып, құрмет те көрсетілді. Белбасардағы көпке үлгі болар істің бәрі де ауылдың ажарын тайдырмай, берекесін сақтап отырған Болаттай азаматтардың жігері болса керек-ті. «Ұлы адамдар тірлігінде өз бейнесін өзі сомдайды, ал тұғырға кейінгі ұрпақтары орнатады» деген сөз бар. Сол айтпақшы, мақала кейіпкері Болат Сауранбаев шынында да бүгінгі күннің өзінде халыққа берерін бере білген, өз бейнесін өзі сомдаған, үлкен іс тындырған айтулы азамат. Ең бастысы, ол жерлестеріне адал қызмет етті, ал ауылдастары сүйікті перзентінің елге жасаған еңбегін ерекше бағалап, басына көтеріп құрмет тұтуда.
Әрбір адамның туған жері, ауылы – жер бетіндегі ең қадірлі мекен екенін ешкім де теріске шығара алмас. Иен далада елегізіп қарап тұратын шағын ауылдар төл тумасын үлкен арнаға қосатын ұлы қасиетін әлі де жоғалта қойған жоқ. Ырысы қос елге ырзық болған(Қазақ пен Қырғыз) Шу өзенінің белін баса орналасып, тарихи тұлғалар туып-өсіп танылған, ұлттық салт-дәстүріміздің қаймағын қалқып аларлықтай ұйып тұрған, ұлықты жердің бірі Белбасар да өзінің төл перзенттерін үлкен арнаға қосқан мекен. Сол перзенттердің бірегейі, біз жоғарыда атап өткен Болат Сауранбаев екені сөзсіз. Жасыратыны жоқ, қазіргі кезде ауылдықтардың дені берекелі момақан даладан ию-қиюы мол, даңғаза қалаға кетуге құмартып тұрады. Ал, ауылды жерді өгейсінбей, туған жердің түтінін түзу түтетуді жөн көрген ауыл азаматтары тым сирек. Солардың да алдыңғы қатарында Болат ағамыз тұрғандай көрінеді. Қалай дегенде де ауылы үшін аянбай еңбек еткен арда азаматтар елеусіз қалмаса дейміз.

Пікірлер