Туған жерге - тағзым

554

“Туған жер” шығармашылық байқауына қатысушылардың туындыларын парақшамызға жариялауды бастадық. Келесі келіп түскен туынды «Үздік мақала» аталымы бойынша Байдрахманова Нурбану Жумабековна.

Nurbanu-91@mail.ru
Телефон:87474302891

Туған жер - әркімнің шыр етіп дүниеге келіп, топырағында аунап, тәй-тәй басқан қасиетті мекені. Қайда жүрсекте жүрегімізде орны бөлек туған жерге ден сүйіспеншілік сезім әрқашан қуат беріп, алға жетелеп отырады. Менде осындай топырағы қасиетке толы Торғай өлкесінің тумасымын. Осындай керемет құдіретті елде, киелі жерде қазақ болып туғаныма мақтанамын.
Торғайым - Шоқан, Ыбырай, Ахмет, Міржақып, Ілияс сынды алаш арыстары туып-өскен киелі мекен. Осы жерде туып, білім алып, қанат қаққаныма қуанамын.
Біз ұлы даланың иесіміз. Сонау ықылым замандарда батырларымыз найзаның ұшымен қорғап бізге жеткізген осындай туған жерімізді, елімізді әрі қарай ішкі-сыртқы жаудан сақтап, болашаққа мұра етіп қалдыру біздің басты аманатымыз деп білемін. Сондықтан да сол жолда туған елді көркейтуге одан әрі дамыту баршамызға міндет. Титтей де болса елге жерге тиген көмек, әр адамның азаматтық парызы.
Ерте заманнан бастау алатын мұндай шаралар ел аузында аңыз ретінде қалған. Пайғамбарымыз: «Адам өлген соң оның үш амалынан басқасы тоқтатылады. Олар жүріп тұратын садақасы (жол, мектеп, мешіт, көпір салу) пайдалы білім және өзіне дұға ететін салиқалы ұрпақ» - деген ұлағатты хадисін әрдайым өмірлік ұстанымға айналдырған екен.
Туған елге, жерге көмек көрсету үрдісі қазір де жалғасын тауып жүр. Әсіресе мектеп түлектерінің 10, 20 жылдық сияқты кездесулерде ауыл мектептеріне материалдық көмек көрсетуі құптарлық іс. Сондай іс-шараларды атқаруда Торғай өлкесінің тумалары 90 жылдық мерейтойында бастаған іс-шаралар көңілімізге қуаныш ұялатады. Осындай іс-шаралар келесі жылы ауданға қарасты Көкалат ауылында жалғасын тапты. Ауылдың 1971 жылғы мектеп түлектерінен бастап, 2010 жылғы мектеп түлектері жиналып, туған жер топырағына балаларға арнап ойын алаңын, саябақ салып берді. Мешітке жөндеу жұмыстарына көмек көрсетіп, ауыл көшелерін жарықтандыру сияқты қайырымды іс-шаралар атқарды. Кезінде ауылда ел мен елді біріктіріп А.Нұрманов көпір салып берген еді. Ал бұл жастардың ісі бабалар жалғасы іспетті. Мұндай шаралардың жер жерлерде жалғасын тауып жатқаны жүректі жылытады. Көріп өскен келешек жастарымыз да бойынада елі мен жеріне деген патриоттық сезімі, махаббаты оянып, саналы ұрпақ болып өсері хақ.
Елбасымыз Н.Назарбаев: «Патриотизм туған үй мен туып өскен өңірден басталады. Біз кіші Отанымыз арқылы бүкіл Қазақстанды сүйеміз...» деген еді. Осындай туған елі мен жері үшін оның болашағы үшін алаңдайтын ұрпақтары тұрғанда біздің еліміз Қазақстанымыз көркее бермек, өсе бермек.
Туған жерім - саған тағзым етемін. Елі үшін, жері үшін қызмет етер жастарымыз көп болғай. Әрқашан тыныштық заман болып, бесігіңде балаңды тербете берші туған жер...

Пікірлер
Редакция таңдауы