Жедел-жәрдем

215

“Туған жер” шығармашылық байқауына қатысушылардың туындыларын парақшамызға жариялауды бастадық. Келесі келіп түскен туынды «Үздік поэзия» аталымы бойынша Зейноллақызы Мереке.

 

Байланыс тел: 8 707 763 78 63
Пошта: merekezhan_20@mail.ru

 

 

Аялдама. Автобус. Үйге бәрі асық тұр.
Батуына асықты кемерінен асып күн.
Дабылымен жаңғыртқан жедел-жәрдем көмегін-
Кешіктірмей уағында іздегенге асықтыр.

Жанымдағы күрсінді ақ самайлы егде әйел,
«Асыққанда жетпейді уақытында бұл «бәлең»,
Бір жыл бұрын жәрдемі кешігіп кеп сұм ажал-
Отағамды ойда жоқ қауыштырды жерменен».

Мезет тұрған жанында қыздың көзін жас етті,
«Бізге келген жәрдемнің уақытын да кеш етті,
Тынысынан тарылған әкешімді ай бұрын,
Емге емес ажалдың құшағына әкетті».

Өткен күннің елесі-жүректерді жасытқан,
Кептелісті бақылап біздер тұрмыз қашықтан.
Көз алдымда тағы бір адамына жете алмай,
Жедел-жәрдем кептеліп, ажалы тұр асыққан.

Жалғана ма біреудің өмірінің ән-жыры,
Әттең, мына уақыттың тым мардымсыз аздығы.
Өмір менен өлімнің көпірінің бойында-
Бір адамның қолында-бір адамның тағдыры.

Ажалға кім қияды замандасын, қандасын,
Ойнатпасын ойдымын, қамдамасын айласын.
Тағдыр деген торабы тылсым жолдың бойында-
Өмір бағдаршамының қызыл түсі жанбасын.

Пікірлер